Биязы, биязылау және етті-майлы қой бонитировкасы.


Сабақ мақсаты. Әр түрлі өнім бағытындағы қой малдарына жеке және класстық бонитировка өткізуді ұйымдастыруды үйрену және малдардың конституциясын, өнімділік және экстерьерлік сапасын бағалаудың тәжірибелік жетістіктерін меңгере білу.

Бонитировка — малды конституциясы, экстерьері мен өнімділігі бойынша кешенді бағалау. Мақсаты - өте жақсы малдарды одан әрі дамыту, нашарларын жарамсыздыққа шығару. Бонитировканың екі түрі қолданылады: жеке және класстық.

Жеке бонитировкаға: асыл тұқымды қошқарлар (негізгі, қосымша және сынақшы); асыл тұқымды шаруашылықтағы селекциялық топтағы саулықтар мен қошқарлардан алынған, ұрпағының сапасы бойынша тексерілетін барлық төлдер; басқа шаруашылыққа сатылатын және негізгі отарды жөндеуге арналған барлық асыл тұқымды еркек тоқтылар кіреді. Жеке бонитировкалау кезінде малды бағалаудың барлық көрсеткіштері бонитировкалық кілтпен белгіленіп, арнайы журналға жазылады.

Кластық бонитировка — жекелегенмалдардың сапасын журналға жазуды жүргізбейді, олардың тұқымдық, конституционалдық және өнімділік сапасын эксперттік бағалау негізінде сәйкес келетін бонитировкалық класқа жатқызу арқылы жүргізіледі. Кластық бонитировкаға тауарлық фермадағы барлық малдар, асыл тұқымды шаруашылықтағы – жеке бонитировкаға енгізілмеген барлық қой малдары кіреді.

Кластық бонитировка негізіндегі сұрыптауды топтық немесе кластық деп атайды. Ол жекелеп жұп таңдауды өткізуге мүмкіндік бермейді,тек топтық немесе кластық жұп таңдауды жүргізуге болады.

Бонитировка мерзімі. Негізгі бонитировканы малды әрі қарай пайдалану мақсатында, негізгі бонитировкалау белгілері толық көрінгенде және басты өнімділік түріне дұрыс баға беруге мүмкіндік туған мерзімде, оның өмірінде бір-ақ рет жүргізіледі. Сондықтан, осыған орай, қой шаруашылығы бағыттарына байланысты малды бағалаудың әр түрлі мерзімдері бекітілген. Биязы және биязылау жүнді қойларды бірінші қырқу алдында, көктемде 1 жасында бонитировкадан өткізеді. Қой шаруашылығында елтірі бағытындағы қозыларды 1-3 күндік жасында, тондық бағыттағы қой шаруашылығында жас малды 8-9 айлық жасында бағалайды.

Аталған бонитировкалаудың негізгі мерзімінен басқа, асыл тұқымды шаруашылықөтарда малдың ерте жас шамасында да қосымша бонитировкалауды өткізеді. Ол малдың дамуы жөнінде толық мәлімет алуға және қой малын асылдандыруға пайдалану керектігін, қайсысын етке бордақылауға жіберу керектігін ерте анықтауға мүмкіндік береді. Биязы және биязылау жүнді қозыларды көбінесе, енесінен бөлер алдында және 15-20 күндік жастарындақосымша бағалайды. Осы уақытта малдарды мұқият бағалау оларды әрі қарай пайдаланудың қосымша қорытындысы үшін маңызды. Қозыларды 15-20 күндік жасында бағалау оның дамуында, денсаулық, жүн жабынының жағдайында кемшіліктің бар-жоғын анықтайды. Енесінен бөлу кезінде бағалау жас малдың коеституционалды-өнімділік көрсеткіштерінің қаншалықты көрінетіндігін байқатады, ол бойынша жөндеу дм есептеуге болады.

Роман қой тұқымының қозыларын негізгі бонитировкадан (8-9 айлығында) бұрын енесінен бөлер кезінде (90-100 күнде) дамуын, тірі салмағын, типтілігін, жүн жабыны бояуында ақаудың бар-жоқтығын бағаласа, қозы жүнін қырқу алдында (5-6 айда) дамуы мен тондық сапасын бағалайды.

Құйрықты ұяң және қылшық жүнді қойларды бонитировквлауды алғаш бір жас шамасында көктемгі қырқым мен сапасы бойынша жүргізсе, соңғысын күз мезгілінде, 18 айлық жас шамасында тірі салмақ, жалпы көктемдік және күздік жүн қырқымы мен сапасы бойынша өткізеді.

Асыл тұқымды аталықтарды жыл сайын, конституционалды-өнімділік көрсеткіштері қаншалықты сақталғандығын тексеру үшін бағалап отырады. Егер негізгі бонитировкадан ауытқулар байқалса, оны пайдалану жоспарына енгізу жасайды.

Бонитировканың негізі – малды, оның конституциясы, экстерьері және өнімділігі бойынша бағалаумен аяқталады. қой малдарын олардың негізгі өнімділік белгілері толық көрінген уақытта бағалайды. Бонитировка нәтижесі: малдың асыл тұқымдық құндылығын анықтау үшін негізділік береді. Осыған сәйкес, кез келген қой тұқымын олар алғаш шағылысқа барар алдында бонитировкалау қажет. Көп жағдайда негізгі бонитировкадағы бағалау көрсеткіштері жасына байланысты өзгермейді, сондықтан оларды өмірінде бір рет қана бонитировкадан өткізеді. Жеке селекциялық жұмыс үшін таңдалған асыл тұқымды малдар негізгі бонитировкадан кейін де, жыл сайын бағаланады, ол малдың селекциялық топта алдағы уақытта да пайдаланылуына байланысты, белгілерінің көріну дәрежесін айқындау мақсатында жүргізіледі.

Тәжірбиеде бонитировканың екі түрін: жеке және кластық түрлерін пайдаланады. Жеке бонитировкалау кезінде малдың экстерьерлік, өнімділік және басқа сапаларының барлық көрсеткіштерін журналға жазып (жеке-жеке малдың) малға жеке нөмір салады, ол жеке селекциялыұ жұмысқа арналмаған барлық малдар кластық бағалаудан өтеді. Малдарды класқа бөлу негізі оның конституционалды-өнімділік ерекшеліктері бойынша әр түрлі екендігін көрсетеді. Кез келген тұқымның дамуына сол жердің табиғат жағдайы мен өнім беруіне қолайлы болса, олар өсіруге ұнамды тип малы ретінде саналады.

Елтірі бағытындағы қой тұқымынан басқа, барлық қой тұқымдары кластарға бөлу принципі келесідей:

Шаруашылықтық – пайдалы белгілер кешені бойынша ұнамды типке сәйкес келетін тұқым немесе буданды тобын І класқа жатқызады. Бұл кешендегі маңызды белгілерге – конституция типі, малдың дене бітімі пішіні мен көлемі, жүн қырқымы мен сапасы жатады.

Кешенді белгілер бойынша І класс талаптарына сәйкес келмейтін барлық малдар, селекция жұмысы үшін құнды емес малдарды ІІ және ІІІ класқа бөледі. Олардың біреуін еттілік белгілері онша дамымаса, жүнді титі малдарға жатқызады.

Асыл тұқымдық жұмыс үшін құнды емес, экстерьерінде ақауы бар, конституциясы шамадан тыс дамыған және өнімі өте төмен малдарды асылдандыру жұмысынан алынып, отардан жарамсыздыққа шығарады.

І класс сапасынан да жоғары малды элита тобына жатқызады. Элитаға бөлудің басты мақсаты – асылдандыру жұмысында жоғары сапалы асыл тұқымды мал тобын құрып, олардан құнды ұрпақ алу болып табылады.

1 Тапсырма. Қойларды бонитировкалау нұсқаулығын пайдалана отырып, биязы биязылау, етті-майлы малдарға арналған бонитировкалау кілтімен танысыңыздар.

2 Тапсырма. Қойларды бонитировкалау нұсқаулығын пайдалана отырып, биязы, биязылау етті-майлы қой малдарының әр түрлә кластарының сипаттамасымен танысып, жеке бонитировкалау кілтін мөлшерлеп жазып үйреніңіздер.

3 Тапсырма. Карточкалар бойынша әр түрлі өнім бағытындағы қойлардың бонитировкалық класы мен оларды асылдандыру маңызын анықтаңыз.

Бақылау сұрақтары.

  1. Бонитировкалау кілтіндегі жүн қоюлығы мен еттік форманы айқындау дәрежесін түсіндіріңіз және белгілеңіз.
  2. Бонитировкалау кілтіндегі жүн иректілігін айқындау дәрежесін түсіндіріңіз және белгілеңіз, сонымен қатар жүн ұзындығын өлшеу орны мен әдісін көрсетіңіз.
  3. Жүн талшығын жіңішкелігін анықтау орны мен әдісін көрсетіңіз және бонитировкалау кілтіндегі жүннің біркелкілік дәрежесін түсіндіріп, белгілеңіз.
  4. Қойларда тірі салмақ қандай жаста анықталады.
  5. Қырқылған кір және таза жүн, таза жүн шығымы қалай анықталады.
  6. Бонитировкалау кезіндегі биязы, биязылау етті-майлы қой кластарына сипаттама беріңіз.