Түрік және Батыс Түрік қағанаттары


ІІ-Ү ғасырларда ғұн тайпаларының Қазақстан, Орта Азия және Шығыс Еуропаға ұлы қоныс аударуы, бұл жерлердің этникалық және саяси картасына едәуір өзгерістер енгізді. Ал IV ғасырда түркі тілдес теле (тирек) тайпалар одағы Солтүстік Монғолиядан Орта Азиядағы Әмудария өзенінің бойына дейінгі кең байтақ аймақты қоныстанды. Олардың орнына ҮІ-Х ғасырларда Қазақстан жеріндегі алғашқы феодалдық мемлекеттер Көне және Батыс түрік қағанаттары қалыптасты. Біздің заманымыздың бір мың жылдығындағы Орталық Азия жерін мекендеген тайпалар одақтарының тарихы бұлармен өзара тығыз байланыста болды. «Түрік» деген ат алғаш рет 542-ші жылы аталады. Қытайдың солтүстік батысында орналасқан Вэй князьдігіне түріктер (туцюе) жыл сайын шабуыл жасап, ойрандап отырғандығы жөнінде айтылады. Қытайлар түріктерді сюнну-ғұндар деп атаған, мүның өзі түріктердің ғұн тайпаларының жалғасы екенін көрсетеді.

546-шы жылы теле тайпалары Монғолияның оңтүстік және орталық аудандарын мекендеген аварларға (жуань-жуань) қарсы жорық жасайды. Осы кезде күтпеген жерден түріктердің қағаны Бумынның (Тумын деп те атаған) басқаруымен түріктер тирек (телэ) әскерлеріне шабуыл жасап, быт-шытын шығарып жеңіп, 50 мың әскерін тұтқынға алады. Осыдан кейін түріктер күшейіп, енді бұрын өздері тәуелді болып келген аварларға (жуань-жуань) қарсы шығып, авар қағаны үйінің ханшасын Бумынге әйелдікке беруді талап етеді. Авардың қағаны өзіне бұрын бағынышты болып келген түріктердің елшісін үйінен қуып шығады. 552-ші жылы кектемде түріктер аварлардың ордасына шабуыл жасап, оларды күйрете жеңеді, авардың қағаны Анағүй өзін-өзі өлтіреді. Осы кезден бастап Бумын түрік билеп-төстеушілердің қағаны деген атағын алады. Бумын 553-ші жылы қайтыс болады.Бумын өлгеннен кейін, таққа оның інісі Қара-Еске отырады. Ол Орхонның жоғарғы жағында аварларды екінші рет жеңеді. Қара-Ескеден кейін, оның мүрагер інісі Еркінді-Мұқан деген атпен қаған болады. Оның ел билеген кезі 553-572 жылдар. Мүқанның тұсында аз уақыт ішінде (553-554 жж.) түріктер шығыста қайлар (татабтар), қидандар және оғыз-татар тайпаларын, солтүстікте Енесей қырғыздарын, Жетісу жеріндегі түргенттерді өздеріне қаратты. Бұл жылдары түріктердің батысқа қарай жасаған жорықтары күшті болды. Оларды Бумынның басқа бір інісі Естемі жүргізді. Кейін тарихи деректерде оны Батыс түріктерінің түпкі атасы және Батыс Түрік қағанатының негізін қалаушы деп атайды. 563 жылы Түрік қағаны Силзибул (Естемі) Эфталит мемлекетін басып алуға кіріседі. Алайда бір шеті Каспий теңізінен, екінші шеті Солтүстік Үнді ойпатына дейінгі Орта Азияда үлан-ғайыр жерді алып жатқан эфталиттерді оңай жеңе алмайтынын түсінген Түрік қағаны Иран шахы Хұсрау I Ануширванмен одақ жасайды. Түрік қағаны-мен жасаған келісім бойынша Хұсрау I шах езінің әскерлерін Тохарстанға аттандырып, оны 564 жылы эфталиттерден тартып алды. Сөйтіп, эфталиттер берік тылынан айырылады. Мұның өзі түрік қағаны Силзибулға (Естеміге) 563-567 жылдары Эфталит патшалығын талқандауға мүмкүндік береді. Осыдан кейін түріктердің батыстағы шекарасы Каспий теңізінен Солтүстік Индияға және Шығыс Түркістанға дейін созылып жатты.

Алайда осы жеңістен кейін Түрік қағанаты мен Иран шахының арасындағы одақтастық ұзаққа созылмайды. Оған басты себеп, түріктер Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Жерорта теңізіне баратын ¥лы Жібек жолына иелік етті. Бұл Иран шахының түріктерге деген наразылығын туғызды. Оның үстіне түріктер мен олардың қарауында болған соғдылар Византия мемлекетімен тікелей сауда байланысын орнатуға мүдделі болды. Ал Иран бұған кедергі жасады. Атап айтқанда, Иран шахы түріктердің Персия арқылы Византияға жіберген екі елшілігін қайтарып жіберді. Сондықтан 568-ші жылы соғды көпесі Маниах түрік қағаны елшілігін енді Иран арқылы емес Каспий теңізі мен Кавказ тауы арқылы Константинопльге алып барады. Онда екі ел арасында сауда келісімі және Иранға қарсы әскери шарт жасалды. Оны Земарх бастаған Византия елшілігінің түрік елшілігімен бірге аттандырылуы дәлелдейді. Земарх бастаған елшілік Түрік кағанының астанасы Суяб қаласында қабылданған. Түрік елшілігінің Константинопьлде жүргізген келіссөздері Иран мен Византия қатынастарын шиеленістерді, олардың арасында соғыс жағдайы қалыптасты. Мұны Түрік қағанаты өзінің жаулап алу соғыстары үшін пайдаланды.

571 жылы түріктердің қағаны Естемі Солтүстік Кавказды басып алды, сөйтіп Керчь түбегіне (Боспорға) шықты. Оның баласы Түріксанф Керчті басып алып, 576-шы жылы Қырымға шабуыл жасады. Бірак Естемі өлгеннен кейін, 582-593 жылдары Түрік қағанатында билік үшін қырқыс басталды. Өз ішіндегі алауыздық пен әлеуметтік қайшылықтар қағанатты қатты әлсіретті. Елде талай жылдарға созылған мал індеттері, жұттар мен ашаршылық орын алды. Түрік қағанаты шекараларына шығыстан Қытайдың Сүй әулетінің (581-618 жылдары) шабуылы күшейді. Міне, бұл жағдайлардың барлығы 603 жылы Түрік мемлекетінің екі дербес қағанатқа - Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлінуімен аяқталды. Батыс қағанатының орталығы -Жетісу жеріндегі Суяб қаласы болды. Батыс түрік қағанаты ежелгі үйсін жерін жайлады. Ол Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жердің бәрін алып жатты. Қағанаттың негізгі этникалық-саяси ұйытқысы - "он тайпа" (он-ақ будунның) мекендеген жері де осы ара болған. Сонымен қатар ол Шығыс түрік қағанатының Шығыс Түркістан және Орта Азияның Самарканд, Бұқара тағы басқа қалаларын басып алды. Осы қалаларда қағанның орынбасарлары отырды.

Қағанның жазғы ордасы Мыңбұлақ (Түркістан қаласы-на жақын) деген жерде болған. 610-618 жж. Жегуй қаған мен оның інісі Түнжабғы қаған /618-630ж.ж./ билеген кезде қағанаттың күш-қуаты таси түседі.Олардың ҮІ-ҮІІІ ғ.ғ. Жетісуға қоныс аударуы Орта Азиядағы араб жаулап алушыларымен және ондағы әлеуметтік қысымшылықтармен байланысты еді.Қағандық үшін Батыс Түрік мемлекетінде басты екі тайпаның – Дулу және Нишаби тайпаларының арасында талас басталады.Қағанат ішіндегі өзара тартыс, билеушілердің жиі – жиі ауысуы, 16-жылға /640-657ж.ж./ созылған тайпалар арасындағы соғыс пен ішкі қырқыстар Жетіьсуға Қытайдың Тан империясы әскерінің баса көктеп кіруіне әкеліп соқты.Түріктердің Тан басқыншылығына және олардың сыбайластарына қарсы жүргізген тынымсыз күресі барысында қағанат құрамында түргештер күшейіп көтерілді, сөйтіп 704 жылы Батыс Түрік қағандығы құлап, Түргеш қағандығы құрылды.