Найман және керейттер ұлысы


Наймандардың, керейіттердің ертеректегі мемлекеттері — Орталық Азияның шығысында — Қазақстанға шектесіп жатқан Монғолия аумағында пайда болса да, олардың тарихының Қазақстан тарихына тікелей қатысы бар. Көшпелі мемлекеттіліктің бастаулары Орталық Азияның нақ шығысында жатыр, ежелден Қазақстанның өз жерінде мекендеген халықтар мен тайпалардан басталатын дәстүрлермен қатар олар кейіннен қазақ мемлекеттілігіне тон болды. Найман тайпалар одағы VIII ғасырдың орта шенінде Жоғарғы Ертіс пен Орхон аралығында сегіз-оғыз (яғни «сегіз тайпаның одағы») деген атаумен пайда болган. Сегіз-оғыздар Хангайдың батысынан Тарбағатайға дейінгі жерді, яғни өзіміз кейіннен наймандар деп атайтын жерді алып жатты. X ғасырда Орталық Азия даласын, «Ляо-шиге» қарағанда, жауынгер көшпелі тайпалар мекендеген, бұл деректемеде олар цзу-бу деген ортақ атаумен аталады. Олар (цзу-бу) тура Тарбағатайға дейінгі Орталық Азияаумағына қоныстанған. Қидандардың Ляо әулеті кезеңінде «Ляо-ши» беттерінде «найман» атауы пайда болады, ол, бәлкім, цзу-будың батыс тобы деп саналуы мүмкін. Түрікше мағынасында «сегіз тайпаның одағы» деген баламасы бар, яғни найман деген монғол атауын да оларға Ляо әулеті кезінде монғол тілдес қидандардың бергені күмәнсіз. Найман тайпалар одағы XII ғасырдың бірінші жартысында Елюй Даши бастаған қидандардың Жетісу жеріне кетуіне байланысты аталады. Елюй Даши күштерін батысқа жинап, чжурчжэндерді қуып шығып, қидандардың Ляо империясын қалпына келтірмекші болды. Елюй Дашиді ұйғыр идикуты қабылдаған кезде найман билеушілері оның әскерлерінің қажеттері үшін оған мал әкеліп берген. X—XII ғасырдың басында наймандар Ляо империясына вассалдық тәуелділікте болып, оның батыс шетінде, яғни Шығыс Қазақстан мен Батыс Монголия жерінде тұрған. Жетісуда қарақытайлар мемлекеті құрылғаннан кейін наймандардың жерлері солардың иеліктерімен көрші болды. Рашид ад-Дин наймандар жөнінде бір бөлігі «өте тау-тасты жерлерді», ал бір бөлігі жазира-жазықтарды мекендеген көшпелілер дейді. Деректемелердің көрсеткеніндей, кеш дегенде XI ғасырда найман тайпалары Селенга мен Орхон өзендерінің сағасынан Алтай тауларының шығыс сілемдеріне дейінгі шығыстан батысқа қараған аумақты алып жатқан.

Керейіттер туралы алғашқы мәліметтер XI ғасырдың соңғы ширегіне жатады, олардың христиан дінін қабылдауына байланысты айтылады. Олар Тола өзенінің аңғарын, Орхон өзенінің орта ағысы ауданын және Онғын өзенінің аңғарын алып жатқан. Шыңғысхан шапқыншылығы қарсаңында керейіттер бүкіл қазіргі Моңғолия мен Алтай аумағында үстемдік еткен, монғолдар да солардың қол астында болған. Жалайырлар Шыңғысхан империясының өрлеу кезіне қарай Хилок және Селенга өзендерінің бойын, дәлірек айтқанда, Селенгаға құятын Орхон сағасын мекендеген.

Наймандар, керейіттер негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. Олардың өз малына жайылым іздеп, бір жерден екінші жерге жылына бірнеше рет көшіп жүруіне тура келді. Көші-қон шалғайлығы жер жағдайы мен мал санына байланысты болған. Қысқа пішен қоры жасалмады, бірақ көшіп-қону қыстыгүні малдың азықты өзі тауып, өз аяғынан жайыла алатындай етіп реттеліп отырылды. Деректемелер жалайырлардың, наймандар мен керейіттердің көшіп-қонуын екі түрге белуге мүмкіндік береді. Бір жағынан, азды- көпті үлкен топтар болып кешкен (күрен әдісі) және екінші жағынан, жеке әулеттер оқшауланып немесе шағын бірлестіктер болып көшіп жүрген. Шыңғысхан империясының құрылуына байланысты көшіп-қонудың күрен әдісі жойылып, әскери ұйымдык түрі ғана қолданылады. Наймандардың басты байлығы үйірлі жылқы болды, жылқы болмайынша далада шаруашылық жүргізу мүмкін емес еді. Көшпелі үшін жылқы қатынас құралы, соғыста және қаумалап аң аулағанда мінер аты болды. Көшпелілер оның етін жеп, сүтін ішті, терісі мен жүнін пайдаланды. Ірі қара да көлік ретінде пайдаланылды: күркелі арбаға өгіздер мен сиырларды жекті. Қой малы еті, терісі мен жүні үшін ұсталды. Бірақ наймандар, керейіттер, жалайырлар бір ғана мал шаруашылығымен тіршілік ете алмайтын еді, ейткені тамақ жетіспеді. Бұл тапшылық алуан түрлі жабайы аңдар мен ішінара балық аулаумен толықтырылып отырды.