Жошы ұлысының құрылуы


Жошы есімінің «жолшы, жолаушы» деген мағынаны білдіретінін зерттеушілер бір ауыздан мойындайды. Шығу тегі моңғол емес, Меркіт деген дерекке сенетіндер, шын мәнінде Жошының өзінің ғана емес, балаларының да Моңғол мемлекетін (Түрік қағанатын емес) нығайту үшін күрескендерін ұмыта береді. Қалай болғанда да, ол осы империяның басында тұрған Шыңғысханға өле-өлгенше адал ұл болып қалды. Ол әкесінің барлық тапсырмаларын белсенді орындап, оның барлық жорықтарына қатысты. Қазіргі қазақ жеріне моңғол әскерлері тұңғыш рет Жошы ханзаданың бастауымен 1216 жылы басып кірді. Олар өздерінің ата жауларына айналған түркітілдес Меркіттерді Ырғыз өзеніне дейін қуып келіп, түгін қалдырмай жамсатып қырып салды. Осыдан соң болашақ Алаш қауымдастығына белсенді мүше болуға әбден лайықты атақты Меркіт ұлысы тарих сахнасынан мүлде кетіп, ақырында кейінгі қазақ Керейлері құрамында шағын ру түрінде жан бағып қалды. Мұхаммед Хорезм шах Жошыны осында қуып жетіп, соғысуға мәжбүрледі. Қырғын соғыста Жошының өзі асқан ерліктің үлгісін көрсетті. Ол жаудың ту көтерушісіне бұза-жарып өтіп, талайдың басын алған қайқы қылышымен Мұхаммедтің өзінің қорғана көтерген қалқанына үш қайтара қуатты соққылар берді. Осы үрейлі көрініс шахтың мәңгі есінде қалып, оны өмір бойы қалтыратты және ақыры қатардағы қашқынға айналдырды. Шыңғысхан болса баласының ерлігіне аса сүйсініп, оны марапаттап қолпаштады. Осылайша Жошы «Қыпшақ даласын» билеуге өзінің әбден лайық екендігін әкесіне алғаш рет іс жүзінде аңғартты.

Жошының басқыншылық келбеті оның Сыр бойындағы қалаларды бағындыру жорықтарында айқын көрініс берді. 1218 жылы бағындырылған Отырар жері арқылы ол Қаңлылар мен Қыпшақтар аралас қоныстанған Сығанақ қаласына келіп жетті. Өзінің нөкерлері арасынан мұсылман Хасан қажыны «маған келіп бағынсын» деген тапсырмамен қала тұрғындарына жіберді. «Ерлікпен қорғансақ, жан қалады» деп ойлаған тұрғындар Хасан қажының берілу туралы ақылын тыңдамай, оның өзін өлтіріп тастады. Мұны естіп қаһарына мінген Жошы қалаға шабуылды бастады. Тәжірибелі моңғолдар қалаға бір сағатта-ақ басып кірді. Елшісінің кегін алған Жошы он мың мұсылманды баудай түсіріп, қырып салды және қалаға билеуші етіп, Хасан қажының баласын қойды. Келесі қала Үзкентте жағдай басқаша болды. Қала тұрғындары Жошы ханзаданы үлкен құрметпен, мол сый-сыяпатпен қошаметтеп қарсы алды. Ол тұрғындарға да, олардың меншіктеріне де мүлде тиген жоқ. Осыдан соң Жошы әскерлерімен әкесінің тапсырмасымен Қыпшақ даласына кетті. Мұнда ол жаңа ұлысты негіздеуді қолға алды. Жошы ұлысы «Бағынбағанның басы алынады, бағынғанның арманы орындалады» деген ұстанымды басшылыққа алды. Бұл жаңа ұлыста да бұрынғы Қыпшақ конфедерациясы тұсында шағын қауымдастықтарға біріккен ру-тайпалар этносаяси дербестіктерін сақтап қала берді. Дін, тіл, әдет-ғұрып бостандығы салтанат құрды. Шыңғысханның «Жасағын» (Яссасын) және «Білігін» мойындаған, қажет кезде даруғаларға бағынып, Жошыға әскер жинап беретін және белгіленген салықты уақтылы төлейтін кез келген рубасы өзінің тайпалық аймағында еркін үстемдік жасады. Мұның өзі бұрынғы автохтонды тайпалар мен шығыстан келген түркілер қауымдастығын Қыпшақ даласына тығыз топтастыра түсті. Географиялық тұрғыдан бұл ұлысқа Батыс Сібірдің оңтүстігі, Төменгі Еділ аймағы, бүкіл шығыс Дешті Қыпшақ жері қарады. Мұнда Қыпшақтар, Алтындар, Жаппастар, Байбақтылар, Алашалар, Кердерілер, Табындар мен Тамалар, Адайлар, Беріштер, Адайлар, Хазарлар мен Бұлғарлар, Саксиндар мен Аландар, Астар мен Аорыстар қатар мекендеп жатты. Бұлардың біразы Батыс Қазақстан аймағында біржолата орнықты және болашақ Алаш қауымдастығының қалыптасуына этноәлеуметтік негіздер жасады. Осы ұлы далада, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, моңғолдардың еркінен тыс, әсіресе, болашақ Алты Алаш бірлестігінің бір бөлігін құрайтын тайпалардың Алшын бірлестігі мен Қыпшақ қауымдастығын біріктіретін тайпалар одағы этносаяси тұрғыдан жақындаса түсті және өздерінің түпкі тамырлары тереңнен бастау алатын қандас туыстар екендіктерін саналы түрде түйсіне бастады. Әрине, Алты Алаштың біржолата біртұтас этноқауым ретінде қалыптасуы Жошы ұлысының шығыс бөлігінде оның үлкен ұлы Еженнің Ақ Орданы этносаяси тұрғыдан нығайта түсуі барысында кейінірек, ХІҮ-ХҮ ғасырларда орын алды. Алты Алашты құруға атсалысқан Жалайыр, Найман, Қаракесек (Арғын), Қоңырат алғаш Шағатай ұлысы құрамында болып, кейінірек Батуханның батысқа жорығы барысында Түркістаннан Қыпшақ даласына қарай жылжыды. Қазақ тарихы үшін Жошы ұлысының біріктіруші құдіретінің және оның жапандағы Қыпшақ даласында өмір сүруінің басты тарихи маңызы осында. Оны негіздеуші тарихи тұлға қанішер немесе қатыгез басқыншы болған болар? Онда біздің жұмысымыз жоқ. Мәселенің құндылығы осы тарихи тұлға ұйымдастырған мемлекеттің болашақ қазақ деген халықтың тағдырында жағымды рөл атқарғанында болып отыр.

Жошыға әкесінің «моңғол атының тұяғы жеткенге дейінгі» шалғай жерлерді ұсынуын моңғолдарда қалыптасқан дәстүрмен түсіндіреді. Ол бойынша әке үлкен ұлдарына қамқорлықты көзі тірі кезінде жасауы тиіс болды. Үлкен ұлға неғұрлым алысырақ, «үлкен үйден» қашықтау аймақ бөлініп берілді. Әдетте әке шаңырағы кіші ұлға тиесілі еді. Десек те, Шыңғысханның өзінің тұңғыш баласының иелігіне «Қыпшақ даласын» қашан бергені туралы зерттеушілер әртүрлі әңгімелейді. Оларды сараптай келгенде мынаны айтуға болады: Жошыны әкесі 1221 жылы-ақ осы аймақты билеуге жіберді. Алайда оның еншісі (ұлысы) 1223 жылдың басында біржолата нақтыланды. Сонымен бірге Жошыны Шыңғысханға қарсы қоюға әрекеттеніп жүргендердің «зерттеулерінің» де негізсіз екенін айтпауға болмас. Қамшының сабындай қысқа өмірінде Жошы әке құзырына мүлтіксіз бас иіп қана қоймай, өзінің Ежен, Бату, Шайбан тәрізді даңқты ұлдарын да Шыңғыс аманатын бұлжытпай орындау рухында тәрбиелеп кетті. «Чингизнамеде» жазылғандай, өзінен жарты жылдай бұрын дүниеден өткен Жошының бәйбішеден туған екі ұлының (Ежен мен Батудың) өзінің көз алдында әкеден қалған таққа таласудың орнына, оны бір-біріне итеріп ұсынған адамгершілік қасиеттеріне босаған Шыңғысханның өзі Жошыны алғыс сезіммен есіне алып, егілген еді. Әке рухына адал олар аталары Шыңғысханның көшпелілердің бір орталыққа бағынатын мемлекет құру идеясына да беріле қызмет жасады.

Негізінен, өзінің нағашылары болып есептелетін көшпелі түркілерге арқа сүйеген Жошы өзінің ордасын да солардың қалың ортасына, Ұлытау маңына орналастырды. Оның Ежен мен Батудың күшімен тұрғызылған қабірі де осы аймақта орналасқан. Арқа төсін сүйікті атамекенге айналдырған Жошы осы өңірде өсіп-өнді, бұрын жауласқан тайпалар арасында бейбіт те мамыражай өмірді орнықтырды. Ал оның қаталдығы сол замандағы көшпелілердің жауды аямайтын жауынгерлігінен туындады. Қалай десек те, Жошы ұлысы қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы үлкен бетбұрыс болғанын есте ұстауға тиіспіз. Осындай мемлекеттік құрылымдар бүгінгі тәуелсіз де айшықты Қазақстанға берік саяси бастау, алғашқы арайлы алтын соқпақ болды.