Шағатай және Үгедей ұлыстары


Қазақ мемлекеттігінің тарихын әңгімелегенде Шағатай ұлысын назардан тыс қалдыру тарихымызды толыққанды баяндауға мүмкіндік бере қоймайтынын ескеруіміз керек. Өкінішке орай, бұл мәселенің маңыздылығына жете мән бере бермейміз. Бұл мемлекеттің географиясы да аса ауқымды. Шағатай ұлысы батысында Мауереннахрды түгел қамтып, терістігінде Арал теңізіне, Балқаш көліне, шығысында Алакөлге дейінгі, түстігінде Үндістанға дейінгі Синд өзенімен шектесетін аймақтарды қамтып жатты.Ханның жазғы ордасы Іле өзені бойындағы Көк тауы маңында, Алмалықтың батысындағы Куняшта (Куяшта) орналасты. Бүгінде бұл маң Құлжа қаласынан қашық емес. Оның қыстауы да Іле бойында Мераурик (Мераузик) деген жерде болды. Осында Шағатай Құтылығ (бақытты) деген қыстау да салды. Кейіннен Шағатай ұрпақтарының ел басқарушы ордасы Улуг-Иф (Үлкен үй) осында орналасты. Ал Шағатай ұлысының алтын теңгелері Алмалық қаласында соғылды. Алайда Шағатайдың өзі ұлы хан Үгедейдің жанында болуды ұнатқандықтан, оның ұлысындағы шаруашылықты Ялауыштың Масхуд деген ұлы жүргізді. Ал ұлыстағы барлық саяси және әскери басшылық Қарағар ноянның қолында болды. Ол бұл биліктен Шағатайдан кейін таққа отырған Есу-Мөңкенің және Қара-Құлағу хандардың тұсында да айырыла қойған жоқ. Мұның өзі о бастан-ақ Шағатай ұлысындағы жергілікті Дулат әмірлерінің үстемдігінің күшейе түсулеріне алып келді. Шағатай жасы жағынан Үгедейден үлкен, Шыңғысханның бәйбішесі Бөртеден 1183 жылы туған екінші ұл болатын. Рашид ад-Дин мен Әбілғазының айтуынша, ол қатыгез де қатал, бірақ ақылды да байсалды адам еді және әрқашанда ержүректігімен көзге түсе отырып, кейде өрескел де дөрекі мінездер көрсетіп жүретін. Шыңғысхан Алтын әулетін бағындыруға аттанғанда Шағатай ағасы Жошымен және інісі Үгедеймен бірге әскердің оң қолын басқарды. Ал Шыңғысхан қалың қолмен батысты бағындыруға аттанғанда оған Отырар мен Үргенішті бағындыруды жүктеген болатын. Алайда Шағатай өзінің тете ағасы Жошыға бағынуды ұнатпады. Осындай текетіресте Шағатайдың тарапынан басталып отыратын жанжал өрши түсті. Бұл, әсіресе, 1221 жылы Үргенішті алу кезінде айқын байқалды.

Сондықтан да Шыңғыс хан мұндағы жалпы қолбасшылықты Үгедейге жүктеді. Шағатаймен шиеленісті жағдайды асқындырғысы келмеген Жошы өзіне тиісті қолын бастап, Қыпшақ даласына қайтып кетті. Шағатай әке бұйрығын әрқашанда қалтқысыз орындаушы, әсіресе, Шыңғысханның «Яссасын» бұлжытпай жүзеге асырушы ретінде ерекшеленді. 1235 жылы моңғол хандары Батыс елдеріне жорықты жалғастырмақ болғанда осы жорыққа «Үлкен ұлдарды» аттандыру туралы ұсынысты да Шағатай жасаған еді. Батысқа аттанған Шағатай ұлысының сарбаздарын Шағатайдың Бөрі деген немересі бастап жүрді. Шағатайдың әкесіне берілген адал ұстанымы Шыңғыс хан өлген соң да өзгеріссіз қалды. Алайда бұл тұста халқының едәуір бөлігі мұсылмандықты қабылдап үлгерген Шағатай ұлысында өзі шалғайда Үгедейдің қасында отырған және өзінің ұлысындағы мұсылмандықтың не екендігін түсіне қоймаған Шағатайдың кейбір шешімдері халықтың тарапынан түсінбеушілік туғызып, наразылықтарға да алып келіп отырды. Жергілікті мұсылмандарға шағатайлықтардың ағын суға түсуге қарсы болулары, сойылатын малды алғаш бауыздауға тыйым салулары тіптен де ұнаған жоқ. Оның үстіне Шағатайдың өзі де мұсылмандық ұстанымдарға қарсы әрекеттерге барып, әрбір мұсылманды өлтіріп келген адамға бір бәліш алтын (500 динар) сыйлық беріп, осылайша мұсылмандарды қыруды материалдық тұрғыдан ынталандырып отырды. Дегенмен де ол өзі басқаратын ұлыста әкесі Шыңғысханның рухани ұстанымына сәйкес дін бостандығына еркіндік беріп қойды. Осындай ахуал және Шағатайдың ұлы хан Үгедейге берілген адалдығы әртүрлі рулар мен тайпалардан құралған Шағатай ұлысында айтарлықтай мамыражай тыныштықты қалыптастырды. Жувейнидің айтуынша, Шағатай ұлысында «басына алтын күбі көтерген жалғыз әйел ешнәрседен қорықпай, қайда болса сонда жүре беретін». Шағатай әмірлерінің оның бұйрықтарын бұлжытпай орындап отырулары және Шағатайдың өз басының Шыңғыстың «Ясса» заңын бұзушыларды қатал жазалауы, міне, осындай тәртіпке қол жеткізді. Мұның өзі Қашқар және Жетісу аймағындағы түркітілдес тайпалардың ынтымағының күшейе түсуіне, ал мемлекет басқару ісінде жергілікті Үйсін тайпаларының Дулат тайпалық одағы төңірегіне ұйыса түсуіне алып келді.

ҮІ-ҮІІ ғасырлардан бері түркі тайпалары арасына аса беделді болып, Түргеш қағанатында біраз уақыт билікті қолда ұстаған Сары үйсіндер Дулулар одағының (Қаратүргештердің) күшеюіне байланысты едәуір әлсіреп, айтарлықтай аз санды тайпаға айнала бастаған болатын. Біздің заманымызға дейінгі дәуірде-ақ Сыр бойында қуатты мемлекет құрып, Хұндармен және шығыстағы Үйсіндермен талай рет текетірестерге барып әбден күшейген, кейініректе, Батыс Түрік және Түргеш қағанаттары замандарында «Он оқ еліндегі» Шу өзенінің батысынан Сыр бойына дейін созылып жатқан бес Нүшбе тайпалық одағына аса ықпалды болған және алапат Шыңғыс жорығы қарсаңында Сыр бойындағы қалаларды жайлаған Қыпшақтарға билік жасаған Қаңлылар да бұл тұста әлсірей бастаған еді. Осы тайпаның басшылығымен Сыр бойындағы қалалардың бағына қоймай қатты қарсылық көрсетулері, сондай-ақ Қаңлылардың Шыңғыстың ата жауына айналған Хорезм шахқа нағашы, жекжаттық туыстық байланыстары да ұлы қағанға ұнай қойған жоқ. Шу-Сыр аймақтарында жергілікті халықтың Қаңлыларды «Қаңлыдан хан сайла» деп көтермелеуі де моңғолдардың ызасын келтірді. Сондықтан да болар, тарихтағы деректерде Шыңғыс ханның Қаңлыларды жаппай қырғынға ұшыратқаны айтылып қалады. Осындай саяси кикілжің жағдайында Жетісудағы ең көп санды Дулаттардың билікке тағы да ие болуы ешкімді таңдандырмаса керек еді. Шындығында да, солай болды. Шыңғыстың өзі де, оның осы өлкедегі мұрагері Шағатай да өздерінің ұлыс басқару саясатында көпсанды Дулаттарға сүйенуге тырысты. Сол кезде қалыптасқан этносаяси ахуалда бұл бірден-бір дұрыс шешім еді. Шағатайлық төрелер сондықтан да Дулат әмірлерімен құда-жекжаттық қарым-қатынастарды өрбітіп, оларды өздеріне кеңесші және уәзір ретінде пайдаланды. Бұл туралы ұлы тарихшымыз Мұхаммед Хайдар Дулаттың атақты «Тарихи Рашидиінде» біршама нақты баяндалған.Шағатай дүниеден 1242 жылы өтті. Ол өзіне мұрагерлікке кезінде Шыңғыстың көз алдында Бамианда қаза тапқан баласы Мутуганның кәмелетке толмаған ұлы Қара-Құлағуды таңдады. Әбілғазының мәліметтерінен Шағатай ұлысын жүз отыз жыл билеген жиырма бір сұлтанның есімдері тарихқа белгілі. Бұлардың бәрі Шағатай ханның үрім-бұтағы болып табылады және олар қарудың күшімен бірін-бірі ығыстырып, өзара үздіксіз қырқысып, елді қалауларынша еркін билеп-төстеді. Алайда Қазан Сұлтан ханнан бастап, билікке келген шағатайлық хандар шын мәнінде жергілікті әмірлердің жетегінде кетті. Қазан Сұлтан ханға қарсы халықтың наразылығын пайдаланған Әмір Құзғын оны соғыста жеңіп, өлтірді де, орнына Үгедей ханның ұрпағын таққа отырғызды. Алайда екі жылдан соң Шағатай ұрпақтары тақты қайтадан қайтарып алды. Бұлар шын мәнінде қолдарында ешбір билік жоқ, «қуыршақ» хандар еді. Мысалы, жергілікті әмір Хұсейін Шағатай ұрпағы Әділ Сұлтанды таққа отырғызса, ал Барлас руынан шыққан Әмір Темір (Ақсақ Темір) өзінің күштілігін пайдаланып, алғаш Үгедей ұрпағы Сүргетмыш ханды, ал ол өлген соң оның баласы Махмұд сұлтанды таққа отырғызып, өзі солардың атынан ел басқарды.

Бұл Мауереннахрда Шағатай мен Үгедей ұрпақтарының емес, жергілікті түркіленген Барлас руының ықпалының күшеюінің нәтижесі еді. Барластықтар төңірегіндегі рулар мен тайпаларға Жетісу мен Қашқарда билік жүргізіп отырған Дулат тайпасын билейтін ықпалды әмір Болатшы Шағатай ұрпағы Тоғлық Темірді хан тағына отырғызып, қарсы қойды. Мауереннахрдағы шырғалаң жағдайды естіген Тоғылық Темір қалың қолмен осында басып кірді. Осылайша екіге бөліне бастаған Шағатай ұлысы қайта біріктірілді. Алайда орнына баласы Илияс қожаны қалдырған хан Моғолстанға қайтып кетіп, көп кешікпей сонда қайтыс болды. Осыны пайдаланып, жергілікті жерде көтеріліс ұйымдастырған Әмір Темір мен Әмір Хұсейін Илияс қожаны Мауереннахрдан қуып шықты. Енді билікке осы екі әмір таласты. Қырғын соғыс Әмір Темірдің пайдасына шешіліп, Әмір Хұсейін өлтірілді. Енді Мауереннахрдағы билік шын мәнінде Әмір Темірдің қолына көшті. Ол бұл аймақты Үгедей тұқымынан шыққан «қуыршақ» хандар атынан билеуге көшті. Осылайша Шағатай ұлысының шын мәнінде екі ұлысқа бөлініп кетулері Шағатай ұлысын біржолата ыдыратуға негіз қалап қана қоймай, Орта Азия түркілерінің болашақта «қазақ» және «өзбек» деп аталатын халықтарға бөлініп кетулеріне де тарихи-географиялық және этносаяси алғышарттар әзірледі.