Алтын Орданың ыдырауы. Ноғай Ордасының құрылуы. Сібір хандығы


Тоқтамыстың Қыпшақ даласындағы ықпалын әлсірету үшін Әмір-Темірдің әскерлері алғаш Алтын Орданың шығыстағы ұлысы Ақ Орданың аймағын көктеп өтіп, Көк Ордаға ентелей басып кірді. Бұл ноғайлардың, аландардың, шеркестердің, бұлғарлардың және орыстардың отаны еді. Осы халықтан құралған жасақ Тоқтамысты қолдап, Әмір-Темірге қарсы күреске шықты. Алайда этникалық тұрғыдан әртүрлі және Алтын Орда хандарының таққа таласқан үздіксіз соғыстарынан әбден зәрезап болған, оның үстіне аумақтық тұрғыдан өзара бақталастықтары өршіген бұл қалың қол, Әмір-Темірдің тығыз топтасқан және соғысты тұрақты күнкөріс көзіне айналдырған үйретілген әскерінен әлдеқайда әлсіз еді. Сондықтан да саны жағынан басым Тоқтамыстың қалың қолы жақсы үйретілген Әмір-Темір жасағынан алғаш, жоғарыда атап кеткеніміздей, Еділге жақын Қондырша аймағында 1391 жылы маусымда жеңіл¬се, одан соң 1395 жылдың көктемінде Кавказдағы Терек өзені бойында тағы да оңбай жеңілді. Енді Әмір Темір Алтын Ордаға ойына келгенін істеді. Сарайды өртеп, Қыпшақ даласын талан-таражға салды. Зорлық-зомбылықтан әбден мезі болған Алтын Орда енді Құйыршық хан, Темір Құтлық басқаратын ордаларға бөлініп, одан Маңғыт жұрты бөлініп шықты. Көп кешікпей-ақ, Қырым хандығы да Алтын Ордадан дербестеніп, жеке отау тікті. 1399 жылдан бастап, Әмір маңғыт Едігеден қолдау тапқан және Құйыршық ханның орнына Алтын Орда тағына отырған Темір Құтлық Әмір-Темірдің қолдауымен Тоқтамысты біржолата күйретуге кірісті.

1398 жылдың жаз мезгілінде Ворскла өзенінің жағасында Тоқтамыс өзінің одақтасы Литваның ұлы князі Витовтпен бірге Әмір-Темірден көмек алған Алтын Орда ханы Темір Құтлықтан, және оның әмірі Едігеден қирай, қайтып бас көтере алмастай жеңілді. Оның Сібірге қашып, онда өзінің жеке хандығын құрмақ болған әрекетін соңына шам алып түскен Едіге болдырмай тастады. Ол қудалауды тоқтатпай, ақыры Тоқтамысты өлтіріп тынды. Енді таққа Ұрыс ханның ұлы Құйыршық (1395-1399) отырып, одан соң Темір Құтлық (1399-1400), Шәдібек (1400-1408), Болат сұлтан (1408-1410), Темір хан (1410-1412) тақты иемденді. Бұлардың бәрі Тоқтамыстың ата жауына айналған әйгілі Ұрыс ханның ұрпақтары мен мұрагерлері еді.

Алайда Тоқтамыстың балалары мен немерелері ыдырауға бет алған Алтын Орданың тағын өздеріне тағы да қайтарып ала алды. Тоқтамыстың сегіз ұлының арасында Жәлел ад-Дин, Керімберді, Кебек хан, Жапарберді, Кәдірберді тәрізді ұлдары қысқа мерзімге болса да, сарайдағы таққа отырып, хан атанды. Бірақ олардан Ұрыс ханның Құйыршықтан туған немересі Барақ 1423 жылы Алтын Орда тағын қайта тартып алды. Ал 1430 жылы Ұрыс хан тұқымынан Алтын Орда тағы Тоқтамыстың Кәрімбердіден туған немересі Сейіт Ахмедтің қолына көшті. Осылайша, екі әулет арасындағы тақ тартысы Алтын Орданы одан ары әлсірете түсті. Ақырында 1431 жылы Алтын Орда ханы кіші Мұхаммед өлген соң, оның балалары Алтын Орданы әртүрлі ұлыстарға бөлшектеп, иемденуге көшті. Енді атақты Алтын Орданың орнында «Үлкен Орда», «Қазан хандығы», «Қырым хандығы» деп аталатын жаңа мемлекеттер пайда болды. Мұндай бөлініс этникалық тұрғыдан жаңа жіктелулерге жол ашты. Енді өздерін «өзбектерміз» деп атайтындар татарларға, маңғыттарға және көшпелі өзбектерге жіктеле бастады. ХV ғасырдың соңына қарай мұндай жіктеліс тереңдей түсіп, татарлардың өзі Қырым, Астрахан және Қазан татарларына бөлшектенсе, ал көшпелі өзбектер ноғайларға (маңғыттарға) және қазақтарға бөлініп кетті. Алтын Орданың мұрагері болып, есептелген Еділдің жоғарғы жағындағы Үлкен Орда 1481 жылы кіші Мұхаммедтің ұлы Ахмет хан қайтыс болған соң, «Астрахан хандығы» деп аталды. Осылайша, аты аңызға айналған Алтын Орда адамзат тарихының мансапқорлықты аңсаған тойымсыз пиғылының кезекті құрбандығына айналды.

Алтын Орданың ыдырауы кезінде пайда болған ірі мемлекеттік бірлестіктің бірі – Ноғай Ордасы. Ол ХІV-ХV ғасырларда Батыс Қазақстанның бір бөлігін алып жатты. Территориясы: Жайық-Еділ арасы. Ең ірі тайпасының атымен «Маңғыт жұрты» атанған. Астанасы – Сарайшық (Жайық өзені бойында). Бұл – Қара теңіз жағалауынан Орта Азияға дейінгі аралықтағы сауда жолындағы ірі транзиттік қала. Халқы – маңғыт, қыпшақ, қоңырат, найман, арғын, үйсін, қарлұқ, алшын, тама тайпалары. Ноғай Ордасы этносаяси бірлестік ретінде пайда болды, оған енген тайпалар ХV ғасырдың аяғында қалыптасқан ноғай халқының негізін құрады.

Ноғай Ордасының негізін салушы – әмір Едіге (1395-1419 жж). Ноғай Ордасы Едігенің ұлы, Нұраддин (1426-1440 жж) тұсында Алтын Ордадан бөлініп, дербес мемлекет атанды. Ноғай Ордасында ұлыстық басқару жүйесі қалыптасып, бір орталыққа бағынған өкімет болды. Орда билеушісі – хан. Ұлыс билеушісі – мырза. Орданы Едіге ұрпақтары басқарып, әкімшілік, әскери, елшілік, билігі мұрагерлік жолмен берілді. Ш.Уәлиханов ноғайлар мен қазақтарды «екі туысқан Орда» деп атаған. Ал Хақназар хан «қазақтар мен ноғайлар ханы» атанған. ХVІ ғасырда Ноғай Ордасының Орыс мемлекетімен сауда, экономикалық, саяси байланысы дамыды. ХVІ ғасырдың екінші жартысында Ноғай Ордасы ыдырап екіге бөлінді:

  • Үлкен Ноғайлы – Еділдің шығысы;
  • Кіші Ноғайлы – Еділдің батысы.

1600 жыл – Үлкен Ноғайлы мырзалары Борис Годунов тұсында Ресей тәуелділігін мойындап, Иштерек мырза князь атанды. Ал Кіші Ноғайлы қазақ хандығын мойындады, кейін Кіші жүз құрамына енді.

Сібір хандығы — 15 ғасырда Батыс Сібірде құрылған феодалдық мемлекет. Алтын Орданың құлдырауынан және одан Шайбани ұлысының бөлініп шығуынан пайда болған хандық.

XIII-XV ғасырлардағы Батыс Сібір. Сібірдің жерінде біршама түрік тайпалары мекен етті. Батыс Сібір алдымен Жошы ұлысына, кейіннен Шайбани хандығына қарайды. Батыс Сібірдің орталығы – Тұра қаласы. 1428 жылы Батыс Сібірді Әбілқайыр басып алды. Көшім тұсындағы Сібір хандығы. Территориясы: Батыс Сібір, Орал өңірі, Ертіс, Тобыл өзендерінің алабы. Құрамындағы тайпалар: керей, қыпшақ, найман, арғын, жалайыр, ханты, мансы т. б.Астанасы: Искер қаласы.1563 жылы хан тағына Көшім отырды. Алты ұл тайпасынан шыққан Көшім 1510 жылы Ноғай ордасында дүниеге келген. Ол 1555 жылы Сібірде билік жүргізген Тайбұғанмен соғысып, оны жеңеді.Экономикасы мен мәдениеті. Көшімнің кезінде Сібір хандығында көптеген қамалдар мен бекіністер, ғимараттар салынады. Көшімнің тұсында Сібір халқы ислам дінін қабылдайды. Сібір хандығында, негізінен, сауда мен аңшылық дамыды.Саяси құрылысы. Жоғарғы билеуші – хан, хан кеңесі – диван, кеңесшілер – аталықтар, уәзірлер – қараша Сібір-Ресей қатынасы. Сібір ханы Көшім Ресейдің шығысқа қарай ұмтылуына кедергі жасауға тырысты.1574–1575 жылдары сібірге барлауға жіберілген Иван Грозныйдың отрядын Көшім хан қырып тастайды.1582 жылы Көшім әскерлері атаман Ермактың отрядынан жеңіледі.1582 жылдың күзінде атаман Ермак 600-ге жуық казагымен Искер қаласына шабуыл жасайды. Көшім әскері жақсы қаруланған Ермак отрядынан жеңіледі.1584 жылы Көшімнің адамдары Ермакты өлтіреді.1598 жылы орыс әскерлеріне қарсы ұйымдастырылған шайқаста Көшім жеңіліп, Шығыс Қазақстан жеріне қашады. Сібір хандығы осылай Ресей империясының құрамына кіреді.Осылайша Қазан хандығы орыс әскерлерінің шабулы нәтижесінеде Ресей империясының құрамына кіреді.