Қасым хан және оның ішкі және сыртқы саясаты


Шыңғыс-хан ұрпақтары үстемдік еткен Алтын Орда, Ақ Орда, Шағатай хандықтарының ыдырауына байланысты Шығыс Дешті –Қыпшақ даласы мен Орта Азия өңірінде жарыққа шыққан ұтқымалы ұсақ хандықтардың және осы хандықтардың тәж-тағына таласқан хандар мен султандар басқарған түрліше феодалдық топтардың тынымысыз қырқыстарынан, соғыстарынан қалжыраған халық бұқарасы бұл тартыстарды тиятын, аласапыранды аяқтататын біртұтас мемлекетті арман етті. Бұл өз алдына бейбіт өмір өткізуді аңсаған қазақ халқының көкейтесті мүдесі еді.

Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюы ішкі феодалдық қырқыстар мен аласапыранқылықты аяқтатты, үнемі ер өліп, өріс бұзылып отыратын тайпалық талас-тартыстарға тыйым салды. Ел ішінде бейбіт береке орнады. Мұның өзі көшпелі шаруалардың бұрыннан қалыптасқан дағдылы дәстүрге бай мал жайылыстарынан мерзім бойынша тиімді пайдалануын, кезінде өріс-қоныс, жайлау-қыстауларына көшіп-қонуын, бейбіт өмір өткізіп, өндіріспен шұғылдануын қамтамасыз етті. Сөйтіп, әлеуметтік өндіргіш күштерді өсірді. Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы, әсіресе Жәнібектің баласы Қасым ханның (1511-1523 жж.) тұсында нығайды. Оның сыртқы саясатындағы негізгі бағыт бұрынғысынша Сырдария бойындағы қалаларды өзіне қаратып алу жолындағы күрес болды. Осы арқылы өзіне қарасты қазақ жерін кеңейте түсті. «Тарихи-Рашиди», «Шайбани», т.б. деректемелердегі мәліметтерге қарағанда, Қазақтардың этникалық территориясының негізгі аудандары қазақ хандығына Қасым хан тұсында біріктірілген» . XVІ ғасырдың екінші он жылдығында Қасым хан ұлан-байтақ қазақ территориясын өз қол астына қаратты. Бұл кезде хандықтың шекарасы Оңтүстікте Сырдария алабын қамтып, Түркістан аймағындағы қалаларды басып алды. Шығыс оңтүстікте оған Жетісу жерінің дені (Шу, Қаратал, Іле өзендерінің алабы) қарады. Солтүстік және Шығыс солтүстікте Ұлытау өңірі мен Балқаш көлінен асып, Қарқаралы тау тарамдарына дейін жетті, Батыс солтүстікте Жайық өзенінің алабын қамтыды. Қасым ханның батыстағы территориялық иеліктері де ұлға түсті. Ноғай Ордасы бұл кезде ауыр дағдарысты басынан өткізіп жатқан еді. Ру басшылары, мырзалар, билер билік үшін өзара қарқысумен болды. Әбден қалжыраған Ноғай Ордасы рулары мен тайпаларының бір бөлігі қазақ хандары мен султандарының билігіне бағынып, елінен қазақ хандағына көшіп кетті. Осы кезде Қасым ханның қол астына қараған халықтың саны 1 миллион адамға жеткен.

Қазақ хандығының нығаюы және оның күшеюі мемлекеттің беделін арттырып, сыртқы саясат пен дипломатиялық қарым- қатынас саласында белгілі табыстарға қол жеткізді. Қасым ханның тұсында Орта Азия, Еділ бойы, Сібір хандығымен және орыс мемлекетімен сауда-саттық және елшілік қарым-қатынас орнатты. Қазақ хандары әр дәуірде елдің ішкі-сыртқы жағдайында туылған өзгерістерге үйлесіп, икемді сыртқы саясат қолданылып отырды.

Қазақ хандығымен дипломатиялық байланыс орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі ұлы Князь III Василий (1505-1533 жж.) билік жүргізген кездегі Москва мемлекеті болды. Қасым хан тұсында қазақтар өз алдына дербес халық ретінде Европаға мәлім болды.

Қасым ханның ішкі саясаты: Қасым хан сыртқы саясат пен бірге ішкі саясатты да дұрыс жолға коя білді. Ол феодал ақсүйектердің қарсылығын әлсіретіп, мемлекеттің саяси, экономикалық, әскери қуатын арттырды. Қасым хан мемлекеттің саяси құрылымын нығайту жолында біраз шараларды жүзеге асырды. Оның тұсында мемлекеттің ең жоғарғы заң шығарушы органы Маслихат-султандар мен ру басшыларының съезі болды. Маслихат жылына бір рет шақырылып, мемлекеттің ең маңызды - соғыс жариялау, бітім жасау, жайылым жерлерді бөлісу, көшіп-қону жолдарын айқындау сияқты мәселерді қарады. Маслихаттың Шыңғыс хан әулетінен хан сайлау құқысы болды. Маслихат жұмысына тек ерлер ғана қатыса алды. Мемлекеттегі бүкіл билік хан қолында болды, сонымен бірге заң қабылдау, жарлық беріп отыруға құқысы болды. Ханның жанында неғұрлым беделді билер мен қауым ассоциация өкілдерінен тұратын Кеңесші ұйым- Билер Кеңесі болды. Ханның іс-қағаздарын жүргізіп отыратын, хатшылары мен кеңсесі болды. Бір ескеретін жәй, мемлекеттің орталық аппаратының тұрақты бір жерде жұмыс істейтін орны болған жоқ, сондықтан ханмен бірге көшіп-қонып жүрді.

Құқық (право). Қасым хан өзі билік жүргізген жылдары қазақ қоғамындағы құқық-нормаларды реттеу мақсатымен алғашқы қазақ заңы- «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдеп-ғұрып ережелері негізінде жасалды. Бұл заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің (шариғат) заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді байырғы заң болды. Билердің кеңесінде көппен ақылдасып, «Жарғы ережелеріне («ақсақалдар ережесі», «ата-баба жолы», «жөн-жосықтар») мәнді өзгерістер енгізеді. Халық бұқарасы Қасым ханның ежелден қалыптасқан билер заңы- жарғыны жаңадан көтергенін ұнатып, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен.

Бұрынғы заң-қағидаларға енгізген ережелері мынау:

  1. Мүлік заңы (мал –мүлік, жер-су, қоныс дауларын шешу ережелері).
  2. Қылмыс заңы (кісі өлімі, ел шабу, мал ұрлау, ұрлық т.б. қолданылатын жазалар).
  3. Әскери заң (қосын құру, аламан міндеті, қара қазан, тұлпар ат, ердің құны т.б.).
  4. Елшілік жоралары (шешендік, әдептілік, халықаралық қатынастардағы сыпайлық, сөйлеу мәнері).
  5. Жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас-той, мерекелер мен жиындардағы ережелер, жылу, асар т.б.) Сөйтіп, Қасым хан ел басқару ісін бір жүйеге келтірген алғашқы заң жинағын дүниеге әкелді.

Қасым ханның қазақ хандығын күшейту, қазақ тайпаларын және қазақтардың этникалық территориясын біріктіру жолындағы жеңістері елдің ішкі және сыртқы беделін арттырып, атақ – даңқын асыра түсті. Әйгілі (орта ғасырлық) тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати («Тарихи – Рашиди») атты кітабында: «Қазақ хандары мен сұлтандары арасында Қасым хандай құдіретті ешкім болған емес. Бұрындықты тіпті ешкім де елең қылған жоқ» - дейді. Сонымен, Қасым хан тұсында қазақ хандығы саяси экономикалық жағынан күшейіп нығайды . Оның тұсында қазақтар өз алдына дербес халық ретінде Батыс Европаға, Руське мәлім болды. Русьпен дипломатиялық байланыс жасалды, ол байланыс осы күндері жалғасып отыр.

Қосымша Иранда Қасым хан туралы қолжазба Тегерандағы Қажы Хусейн Малек кітапханасынан табылған қолжазбалардың бірі «Тарих-и Сафавие» (Сефевидтер әулетінің тарихы) деп аталады. Бұл қолжазбаның авторы – Исмаил Хусейни Мараши Табризи. Ол өз ортасына Мир Мулайим Бек деген атпен танылған. Сондай-ақ оның «Да‘ва» деген лақап аты да белгілі. Аталмыш қолжазба Сефевидтер әулетінің (XVI-XVIII ғасыр) та¬рихы мен осы әулеттің көршілес елдермен арадағы қарым-қатынасы туралы сыр шертеді. Бұл қолжазба – 372 парақтан тұратын қомақты еңбек. Беттер саны түгел емес, басында және соңында беттері түсіп қалған. Жазуы наста‘лиқ үлгісінде таңбаланған. Қолжазбаның алғашқы бөлімдерінде Сефевидтер әулетінің билікке келу тарихы мен билік құруы туралы әңгіме болады. Ал қолжазбаның соңғы бөлімінде осы әулеттің Орталық Азия хандарымен қарым-қатынасы, олардың бір-бірімен арадағы өзара дипломатиялық қатынасы әңгіме болады. «Тарих-и Сафавие» қолжазбасының авторы осы еңбекті жазу үшін бірнеше тарихи еңбекке («Раузат ас-сафа», «Тарих-и алам арайи Аббаси», «Хабиб ас-сийар») сүйенгендігін және сондай-ақ шығарманы жазу барысында ауызша жеткен деректер мен әңгімелерді пайдаланғандығын тілге тиек етеді. «Тарих-и Сафавие» қолжазбасының бірнеше жерінде Қасым ханның аты аталады. Шығарманың авторы Қасым ханды Дешті Қыпшақтың«ханы» кейде «патшасы» деп, бірнеше жерде атап көрсеткен. Аталмыш қолжазбадағы деректерге сүйенсек, Иран шахтары мен Орталық Азия хандарының арасындағы шиеленіске толы оқиғалар әңгіме болады.Қазақ хандығына қатысты дерек Қасым ханның атымен тығыз байланысты. Автор Дешті Қыпшақ ханы Қасым хан мен Шахи бектің арасындағы тартысты баяндайды. Шахи бек Бұқара ханы Абдолланың немере інісі болып табылады. Оқиға Иран шахы І Исмаилдің Дешті Қыпшақ ханы Қасым ханға хат жазуынан басталады. Ол Қасым ханға жолдаған хатында Шахи бектің өзінің атына арнайы теңге соқтырғанын хабарлап, оған қарсы әрекет қолданбаса, мәселенің бетін алу қиынға соғатынын ескертеді. Қасым хан Иран шахына жазған жауап хатында Шахи бектің атын өшіріп, оның орнына өзінің атын жаздыртып, теңге соқтыруға бұйрық бергендігін хабарлайды. Хаттардағы мәліметтерге қарап, Иран шахтарының Қасым ханмен қатты санасып, мәмілеге жүгініп отырғанын байқаймыз. Мұның барлығы Қасым ханның ресми хан көтерілгеніне дейін болған оқиғалар екендігін ескергеніміз абзал. Қасым ханның есімі таққа отырғанға дейін де танымал болғандығын және саяси сахнада беделі жоғары болғандығын осы қолжазбадағы деректер дәлелдеп береді. Осы уақытқа дейін бұл қолжазба туралы Ч.Стори «Персидская литература» каталогында атап көр¬сеткен, бірақ ол аталмыш қолжазба туралы атап қана өткен. Жалпы, «Тарих-и Сафавие» деген атпен сақталған қолжазбалар көп, бірақ солардың ішінде аталған нұсқа Орталық Азия елдерінің тарихын зерттеуде құнды дереккөз болып табылады. Қазақ тарихына қатысты қолжазбалардың бірі Тегерандағы Қажы Хусейн Малек атындағы ұлттық кітапханадан табылды. Мұхаммад Тахир Вахид Қазвини жинақтаған Аббас шахтың көрші елдердің патшалары мен хандарына жазған дипломатиялық хаттарының көшірмелері – «Муншаат» жинағында Иран шахтары мен өзбек хандығы арасында жазысқан хаттардың қазақ тарихын зерттеуге қосар үлесі орасан мол. Себебі сол кездегі өзбек хандарының Иран патшаларымен арадағы дипломатиялық хат алмасуларында Хорасан, Самарқанд, Бұқара, Дешті Қыпшақ және Ташкент аймағында орын алған тарихи оқиғалар әңгіме болған. Дәлірек айтқанда, күш алып, қанатын кеңге жайып келе жатқан Қазақ хандығы туралы өзбек хандары Иран шахтарына жазған хаттарында баяндап отырған. Мысалы, Абдулмумин ханның Аббас шахқа жазған хатында «Дешті Қыпшақты мекендеген қазақтардың саны күннен-күнге артып, күшейіп келе жатыр, осы жайды ескеру керек» деп жазады. Мұхаммед Хайдар Дулатидың жазбаларына қарағанда, Қасым хан 1518 жылы қайтыс болған. Ал Тахир Мұхаммед өзінің «Раузат-ат Тарихирин» атты еңбегінде Қасым ханның өлген уақыты 1523—24жылдар деп көрсетеді. Қадырғали Жалайыридың сөзі бойынша, Қасым хан Сарайшық қаласында қаза болған. Тарихшы [[Чулошников|А. П. Чулошников[[ Қасым ханның Сарайшықтағы мазарының 17 ғасыр басында кұламай аман тұрғанын жазады.