Жалпы және саяси хабарлар басылымдары



Мерзімді басылымдарды топтастыру критерийлерінің екі ұштылығына қарамастан, мынадай ірі секторларға немесе салаларға бөлуге болады:

ЖАЛПЫ ЖӘНЕ САЯСИ ХАБАРЛАР БАСЫЛЫМДАРЫ: Бұл топқа 82 басылымды жатқызуға болады. Басым көпшілігі – күнделікті газеттер. 11-і Парижде шығып тұрады («Монд», «Франс-суар», «Фигаро», «Либерасьон», «Круа», «Юманите», «Интернэшнл геральд трибюн», «Паризьен либере», «Котидьен де Пари», экономикалық «Эко», спорттық «Экип»), 71-і аймақтарда шығады. Сондай-ақ бұл топқа жексенбілік басылымдар - «Франс диманш», «Иси Пари», «Юманите-диманшты» және иллюстрациялы саяси журналдар «Экспресс», «Нувель обсерватэр» , «Пуэн», «Эвенеман дю жедиді» жатқызамыз.

АРНАУЛЫ БАСЫЛЫМДАР: 118 әйелдер басылымы, 343 жастар басылымы, 7889 техникалық және кәсіптік басылымдар, спорттық, ғылыми басылымдар, эротикалық, бағдарламалық басылымдар т.б.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАСЫЛЫМДАР: «Эко», «Трибюн», «Экспансьон», «Ви франсэз», «Экспортасьон», «Экомони эполитик», «Нувель экономист», «Журналь де финанс».

БҮГІНГІ КҮННІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН БАСЫЛЫМДАР: көпшілігі иллюстрациялық апталықтар, беделділері - «Пари матч», «Пуен де вю имаж дю монд», «БСД».

ҚҰЖАТТАР МЕН СТАТИСТИКАЛЫҚ БАСЫЛЫМДАР: «Докюмантасьон франсэз», «Журналь оффисоель», «Донне сосяль», «Бюллетен д' энформасьон».

Франция мерзімді басылымдарына қаржылай бақылау жасайтын бірнеше монополистік топтар бар.

"АШЕТТ" тобы: 1826 жылы Луи Ашетт негізін салған. Батыстағы бұқаралық ақпарат құралдары картельдерінің ішінде бесінші орынды иемденеді. Франция бойынша кітап шығару ісінде алдыңғы лекте. «Грассе Фаскель», «Файяр», «Сток», «Ле шен», «Мазорин» баспаларына бақылау жасайды. «Ұлы суретшілер», «Дәстүрлі медицина», «Музей» сияқты сияқты сериялы басылымдарды шығарады. Сондай-ақ әдеби шығармаларды, мектеп оқулықтарын шығарумен айналысады. Жылына 70 млн. кітап өнімдерін дайындайды. Баспасөз өнімдерін таратумен айналысатын "Нувель мессажери де ла пресс паризьен" фирмасының акцияларының 49 пайызын иеленген.

Франция газет-журналдарының 20 пайызы Ашетт тобына қарайды. "Журналь дю диманш", "Эль", "Теле 7 жур" журналдарын шығарады. Бұл топта 20 мындай адам қызмет істейді. Ұлыбританияның, Испанияның, Америка Құрама Штаттарының баспасөз монополияларымен тығыз байланыс орнатқан. Соңғы жылдары "Ашетт" Мэрдоктан "Мирабелла" журналын сатып алды. Сондай-ақ, Ресейде "Эль" журналының орысша нұсқасын шығаруды қолға алған.

"ЭРСАН" тобы. Франциядағы баспасөз монополияларының ішіндегі беделдісі. 1950 ж. Роберт Эрсан негізін салған. Эрсанның шығарған алғашқы журналы көлік кұмарларға арналған "Ото – журналь" басылымы. Ол 18 күнделікті газетті, 9 саяси апталықты, 10 арнаулы журналды бақылау жасайтын алты баспа компанияның иегері. Яғни, күнделікті шығатын ұлттық газеттердің 38 пайызына, провинциялық газеттердің 20 пайызына иелік етеді. Негізінде, заң бойынша, «Францияда әрбір адам жалпы және саяси ақпарат тарататын газеттердің 30 пайызына ғана иелік етуге қақысы бар»... Ал Р.Эрсан заңға қарсы келе отырып, Франция мерзімді басылымдарының 58 пайызын уысында ұстаған. Сондай-ақ, ол Бельгияның бірқатар басылымдарын қаржыландырды.

Эрсанның Лиондық газет «Прогрені» сатып алуы біраз әріптестерінің қарсылығын туғызды. «Заң және жалмауыз» («Нувель обсерватэр» № 1105), «Эрсан: әруақытта молынан қамтиды» («Пуэн», №695) атты мақалалар арқылы тәуелсіз журналистер өз наразылықтарын білдірді. Эрсанның бірнеше теле, радиостанциялары бар. 1987 жылдан бастап коммерциялық телевидениені қаржыландырып отыр. Эрсанның көзқарасын көпшілік басылымдар сынағанымен, өндірісті басқарудағы шеберлігін мойындайды.

Эрсан қаржылық жағдайы тұйыққа тірелген басылымдарды сатып алады да, жаңа технологиямен жабдықтап, қазіргі үлгідегі алдыңғы қатарлы газет-журналға айналдырып жібереді.

Эрсан тобына қарайтын ықпалды, беделді күнделікті газеттер «Фигаро», «Франс-суар», «Паризьен либере» - Парижде шықса, «Дофине либере» - Греноблде шығады. «Пари Норманди» - Руанда, «Сюд-Уэст» - Бордода шығады. Эрсанның «Пюблипринт» атты жарнама агенттігі, 30 радиостанциясы, телестанциялары, типографиялары бар.

Эрсан кәсіпорындарында 10 мың адам қызмет істейді. 16 жасынан бастап баспагерлік іспен айналысқан Эрсан үлкен  жетістіктерге жетіп, Шпрингер, Максвелл, Мэрдоктардың қатарындағы әлемдік баспасөз магнаттарының біріне айналды. Кейбір әріптестерінің күндестігін қоздырған іскер басшы, талантты, тапқыр журналист Р.Эрсан 1996 жылдың сәуірінде өмірден озды. Француз баспасөзі өзінің императорынан көз жазып қалды.

ПРЕСС ДЕ ЛА СИТЭ («қаланың көне бөлігіндегі баспасөз» деген мағынаны білдіреді). Кітап шығару ісінде (Ашеттен кейін ) екінші орында. «Экспресс», «Экспресс энтернасьональ», «Спор», «Вотр аржан», «Ожурдюи», «Лир» атты т.б. иллюстрациялы журналдарды шығарады. Бұдан басқа да бірнеше балалар басылымдарына иелік етеді.

СЭП-КОММЮНИКАСЬОН - 60-қа жуық мерзімді басылым шығарады, көпшілігі экономикалық және кәсіптік, информатикалық басылымдар.

ЭКСПАНСЬОН ТОБЫ (негізін салған Жан Луи Серванг Шрейвер) экономика саласындағы 50 газет-журналды шығарады («Экспансьон», «Антреприз», «Ви франсэз», «Журналь де финанс»).

БАЙЯР-ПРЕСС (1873 жылы құрылған) католиктік басылымдарды шығарумен айналысады. Күнделікті «Круа» газеті, «Докюмантасьон католик», «Пелерэн», «Нотр тан», «Фуа д' журдюи» журналдары бар.

ПЛЮРИКОММЮНИКАСЬОН - күнделікті басылымдардың бес кәсіпорнын біріктірген қоғамдастық (париждік «Монд», провинциялық «Уэст-Франс», «Сюд-Уэст», «Монтань», «Нувель  Репюблик дю сантруэст»  .

Бұлардан басқа ұлкенді-кішілі бірнеше топтар бар: Сосьете ЖЕНЕРАЛЬ ДЕ ЛА ПРЕСС, ПРУВО, СЕБДО, АМОРИ, ФИЛИППАЧИ, ДЮПЮИ.

Мерзімді  басылымдарды ел  ішінде тарататын  «экспедиция кәсіпорындары» бар, олардың ішіңде алдыңғы орындағысы «Нувель мэссажери де ла пресс паризьен» - Париж  басылымдарының жаңа экспедициясы деп аталады. 1947 жылы құрылған бұл кәсіпорынның акциясының 51% бес кооперативке, 40 % Ашетт тобына қарайды.

Аймақтық басылымдарды таратумен "Мессажери Лионнез де пресс" және "Рон-Альп-диффюзьон" атты екі мекеме айналысады.