Француз журналдары



Қазіргі кезде Францияда 1000-ға жуық апталық басылымдар шығып тұрады.

Францияда күнделікті газеттердің қатары күннен-күнге сиреп, таралымы азайып келеді. Ал бұларға қарағанда апталықтар электронды БАҚ заманына бейімделгіш болып отыр. Апталық басылымдардың жалпы таралымы соңғы он жылда 30 пайызға өскен.

Баспасөз тарихын зерттеушілер француз журналдарын – ақпаратты саяси апталықтар, көпшілікке арналған иллюстрациялық журналдар, телеапталықтар, әйелдер журналдары, иллюстрациялы қосымшалар деп бірнеше түрге бөліп қарастырады.

Соңғы жылдары Францияда 60-жылдары қалыптасқан "пікір қалыптастырушы баспасөз" деген термин кәсіби лексиконда қайта қолданыла бастаған. Жаңалықтар журналы осы бағытта шығады. "Пікір қалыптастырушы баспасөзге" күнделікті газеттердің иллюстрациялы қосымшаларын жатқызуға болады. Мәселен, Р.Эрсанның "Фигаро-магазин", "Фран-суар магазин" журналдарын осы сипаттағы басылымдар қатарына қосамыз. Француз социологтарының мәліметі бойынша "Фигаро-магазин" интеллектуалдық басылым болып есептелінеді, себебі журнал оқырмандарының 27% жоғары білімді азаматтар.

Францияда 50-60 жылдары жарық көрген ақпараттық саяси апталықтар немесе "ньюс магазин"("news magazin") батыс интеллигенциясының арасында ең ықпалды басылымдар болып саналады. Бұлардың көпшілігі американың "Тайм" журналының үлгісінде жарық көрген. "Таймға" еліктеп әлемнің әр түкпірінде журналдар шығып тұрды. АҚШ-та "Ньюсуик","Ю.С.Ньюс Энд Уорлд Рипорт" журналдары жарық көрсе, ГФР-да "Шпигель", Францияда "Экспресс", Италияда "Темпо", Мексикада "Темпо", Индонезияда "Темпо", Индияда "Линк", Шығыс Африкада "Репортер" дүниеге келген. Францияның саяси апталықтарының таралымы     американың     "Тайм",     "Ньюсуик"     апталықтарына қарағанда төмендеу. Мәселен, "Экспресс"- 450-500 мың данамен, "Нувель обсерватор"- 380-480 мың данамен, "Пуэн"- 300-320 мың данамен тарайды. Бірақ олардың қоғамдық пікірді қалыптастыруда басты рөл атқаратынын жоққа шығаруға болмайды.

Францияның саяси апталыктары белгілі бір партияның ресми органы болмағанымен, олардың қай партияға бүйрегі бұратындығын аңғару қиын емес. Мәселен, "Ньюсуик" демократтарды қолдаса, "Экспресс" радикалдар мен центристерді уағыздайды, "Пуэн" оңшыл консерваторларды қолпаштайды, "Нувель обсерватордың" социалистерге жан тартатынын байқау қиын емес.