№1 зертханалық сабақ. Органикалық қосылыстардың сапалық анализі


Органикалық заттардың сапалық құрамы оның молекуласында қандай заттар болуымен сипатталады. Органикалық қосылыстарда көміртегіден басқа сутегі, оттегі, күкірт, галогендер, фосфор болады. Органикалық қосылыстардың құрамына енетін заттар бейорганикалық және аналитикалық химия әдістерімен анықталады.

Жұмыстың мақсаты: органикалық заттарды және олардың негізгі элементтерін ашу әдістерімен танысу.

Реактивтер мен жабдықтар: сахароза, Ва(ОН)2 ерітіндісі, СuO, штатив, пробиркалар, газ жүретін түтікшелі тығын, спирт шамы.

1-тәжірибе. Көміртегіні және сутегіні анықтау

Жұмыс барысы: Пробиркаға 0,1г зерттелетін затты және мыс оксидін салып, газ жүретін түтікшелі тығынмен жабады және оның ұшын көлемінің 1/3 бөлігіне барий гидроксидінің ерітіндісі құйылған екінші пробиркаға түсіреді. Спирт шамының жалынына қыздырғанда, зерттелген зат ыдырайды, көміртегі атомдары көмір қышқыл газының молекуласына ауысады. Көмірқышқыл газын барий карбонатының тұнбасы түзілуінен байқауға болады. Зертелетін қосылыстағы сутегі атомдары су молекуласына айналады. Су пробирканың жоғары жағына және газ жүретін түтікшеде түзіледі.

Реакция теңдеуі:

С12Н22О11 + 24СuO 12CO2 + 11H2O + 24Cu

2-тәжірибе. Азотты анықтау

Реактивтер мен жабдықтар: натрий гидроксиді, органикалық зат (мочевина, жұмыртқанның ақуызы), шпатель, спирт шамы, мақта, мыс сымы, пробиркалар, лакмус қағазы, хлороформ, төртхлорлы көміртегі.

Жұмыс барысы: Құрғақ пробиркаға натрий гидроксидін және аз мөлшерде зерттелетін затты (шпатель ұшыңда) салады. Пробирканы мақтамен жауып, үстіне ылғалды лакмус қағазын қояды. Алдымен, пробирканы спирт шамымен әлсіз, содан кейін қатты қыздырады. Лакмус қағазының көк түске боялуы, азоттың барын көрсетеді, себебі тәжірибе шартында азот аммиакқа айналады.

3-тәжірибе. Галогендерді ашу Бейльштейн реакциясы

Хлор, бром, йод Бельштейн сынамасымен оңай анықталады. Бұл реакция галогентуындыларды мыспен қыздырғанда, ұшқыш мыс галогенидтері түзіліп, жалынды жасыл түске бояуына негізделген.

Жұмыс барысы: мыс сымын иілген күйде мыс оксиді түзілгенше қыздырады. Суығаннан кейін сымның ұшын зерттелетін затқа (хлороформ, төртхлорлы көміртегі) батырып, жалынға ұстайды. Мыс оксидінің түзілу және оның төртхлорлы көміртегімен әрекеттесу реакциялары теңдеулерін жазу керек. Түйін жазыңыздар.

Зертханалық жұмысты қорғауға арналған сұрақтар:

1. Бейльштейн сынамасының мәні неде?

2. Органикалық қосылыстардағы азотты ашудың басқа тәсілдерін атаңыздар.

3. Неге мыс сымы қыздырғанда қараяды? Теңдеуін жазу керек.

4. Органикалық қосылыстардағы элементерді сапалық қалай анықтайды?

5. Барий гидроксидінде қандай реакция жүреді?

6. Органикалық заттарда көміртегі мен сутегінің болуы неге негізделген, түйін жасау керек.