№ 4 зертханалық сабақ.


Көмірсутектерді (этиндерді) алу және химиялық қасиеттері

Жұмыстың мақсаты: ацетиленді тәжірибелік жолмен алу және ацетиленнің химиялық қасиеттерін зерттеу.

Реактивтер мен жабдықтар: кальций карбиді, калий перманганаты ерітіндісі, бром суы, фенолфталеиннің 1%-тік спирттегі ерітіндісі, шыны пробиркалар, газ жүретін түтікшелі тығын, 0,2н күміс нитраты ерітіндісі, мыс (І) хлоридінің аммиактағы ерітіндісі.

 1-тәжірибе. Ацетилен алу және оның қасиеттері

Жұмыс барысы: Газ жүретін түтікшемен жабдықталған пробиркаға бір кесек кальций карбидін (СаС2) салып, 3-4 тамшы су құйыңыздар. Пробирка ішіндегі кальций карбиді сумен әрекеттесіп, ацетилен түзіледі.

СаС2 + 2Н2О Са(ОН)2 + НС≡СН

Газ түтігінен шығып жатқан ацетиленді түтік ұшында тұтатыңыздар, ол ашық қызғылт түсті күйелі жалынмен жанады.

Содан кейін газ жүретін түтікшенің ұшын калий перманганатының ерітіндісі құйылған пробиркаға (күкірт қышқылымен қышқылданған ерітінді) батырыңыздар. Дәл осындай тәжірибені бром суы ерітіндісімен, мыс(І) хлоридінің аммиактағы ерітіндісімен, күміс(І) диаммин гидроксиді ерітіндісімен жүргізіңіздер. Күміс(І) диаммин гидроксиді ерітіндісін былай дайындайды: пробиркаға 2 тамшы күміс нитраты ерітіндісін құйып, бірнеше тамшы концентрлі аммиак ерітіндісін (түзілген күміс(І) оксидінің тұнбасы ерігенге дейін) қосады. Ацетиленнің бөлінуі аяқталған соң пробиркаға 1 тамшы фенолфталеиннің спирттегі ерітіндісін қосыңыздар.

Ацетиленді алу реакциясының теңдеуін оның структуралық формуласын пайдаланып жазу керек.

 Зертханалық жұмысты қорғауға арналған сұрақтар

1. Ацетиленнің жану реакциясының теңдеуін жазыңыздар.

2. Ацетиленді калий перманганаты ерітіндісі арқылы өткізгенде, қандай өзгеріс болады? Реакция теңдеуін жазыңыздар, электрондық баланс әдісін қолданыңыздар (реакция нәтижесінде көмірқышқыл газы, марганец және калий сульфаттары, су бөлінеді).

3. Ацетиленді бром суы арқылы өткізгенде қандай өзгеріс байқалады? Реакция теңдеуін жазыңыздар.

4. Бастапқы пробиркаға фенолфталеин ерітіндісін қосқанда, ерітінді түсінің өзгеруін түсіндіріңіздер.

5. Ацетиленнің мыс(І) хлоридінің аммиактағы ерітіндісімен реакциясының теңдеуін жазыңыздар.