Алкадиендер тақырыбына есептер мен жаттығулар


1. Изомериясы және номенклатурасы (атауы)

1.1. С5Н8 диенкөмірсутектің барлық изомерлерін жазып, аттарын атау керек.

1.2. Мына көмірсутектердің формуласын жазу керек: а) пропадиен; ә) 1,3-бутадиен; б) 2-метил-1,3-бутадиен; в) 2,4-гексадиен; г) 2,3-диметил-1,3-бутадиен. Қайсылары өзара изомер болады? Қай қосылыста кумурленген, қосарланған және оқшауланған қос байланыс бар? Қай қосылыс изопрен, дивинил, диаллил, аллен болады?

2. Химиялық қасиеттері

2.1. а) 1,4-пентадиенге; ә) 2-метил-1,4-пентадиенге; б) 1,5-гексадиенге; в) 3,3-диметил-1,4-пентадиенге бромның бір молекуласының қосылу реакцияларының теңдеулерін жазу керек. Түзілген заттарды атау керек. Осы заттарға сутегінің сатылап қосылу реакциялары теңдеулерін жазып, алкендер мен алкандарды атау керек.

2.2. а) изопренге; ә) 2,3-диметил-1,3-бутадиенге бір молекула броммен әсер еткенде қандай дибромтуын түзілуі мүмкін. Алынған қосылыстардың аттарын атау керек.

2.3.а) 1,3-пентадиенге; ә) 2,4-гексадиенге; б) 2-метил-2,4-пентадиенге бромның бір молекуласының 1,4-қосылу типі бойынша жүрген реакция теңдеулерін жазып, қосылыстарды атау керек

2.4. а) изопренге; ә) 2,3-диметил-1,3-бутадиенге 1,4-қосылу типі бойынша полимерлену реакциясының кестесін жазу керек.

3. Алу әдістері

3.1. а) бутанды; ә) 2-метилбутанды; б) 2,3-диметилбутанды дегидрлеп диен көмірсутектерін алу, ортада түзілген және соңғы түзілген заттардың атауы.

3.2.а) 1,4-дихлорбутаннан; ә) 4-метил-1,5-дибромгексаннан сілтінің спирттегі ерітіндісімен әрекет ету арқылы диен көмірсутектерін алу реакция теңдеулерін жазу керек.

3.3. 0,24м3 96-процентті этил спиртін (ρ = 800кг/м3) 90%-ті шығыммен дегидратациялап, дегидрлеп қанша масса бутадиен алуға болады?