№6 зертханалық сабақ.


Спирттердің қасиеттерін зерттеу

Жұмыс мақсаты: Мысал ретінде этил спиртін алып, бір атомды қаныққан спирттердің физикалық және химиялық қасиеттерімен танысу.

Реактивтер мен жабдықтар: абсолюттік этил спирті, пропил спирті, глицерин, калий йодидіндегі йод ерітіндісі, изопропил спирті, натрий металы, газ жүретін түтікшелі тығын, фенолфталеин, пробиркалар, мыс сымы, калий дихроматы, концентрлі күкірт қышқылы, спирт шамы,

натрий гидроксиді.

1-тәжірибе. Натрий алкоголятын алу және оның қасиеті

Жұмыс барысы: Құрғақ пробиркаға 4-5мл абсолютті этил спирттін құйып, оның үстіне тазартылған металл натрий түйірін салады. Пробирканы газ жүретін түтікшелі тығынмен жабыңыздар. Бөлінген газды жағыңыздар. Пробирканы суытқаннан кейін 1-2мл дистильденген су қосып, фенолфталеин ерітіндісін тамызыңыздар.

2-тәжірибе. Спирттердің тотығуы

Жұмыс барысы: Пробиркаға 10 тамшы этил спиртін құяды. Мыс сымын қара түсті мыс оксидіне айналғанша қыздырады да пайда болған мыс (ІІ) оксидін спирті бар пробиркаға салады. Сонда сірке альдегидінің иісі сезіледі. Бұл кезде мыс(ІІ) оксиді мысқа дейін тотықсызданады. Оны мына реакциядан көруге болады.

2Сu + O2 ® 2CuO

CH3CH2OH + CuO ® H2O + CH3CHO + Cu

Пробиркаға 3 тамшы этил спиртін, калий дихроматының түйірін және бірнеше тамшы концентрленген күкірт қышқылын құяды. Қоспаны баяу қыздырады. Сол кезде ерітіндінің түсі жойылып, сірке альдегидінің иісі сезіледі. Хром алты валенттіктен үш валенттікке дейін тотықсызданады.

2Н5ОН + К2Сr2О7 + 4Н2SO4 ® К2SO4 + Сr2(SO4)3 + 7Н2О + 3СН3СНО

3-тәжірибе. Спирттердегі суды айқындау және спирттерді сусыздандыру

Жұмыс барысы: Екі пробиркаға 0,5г сусыз мыс(ІІ) сульфатын салып, 1мл-ден этил және изопропил спирттерін құяды. Пробиркалардағы заттарды жақсылап шайқап, біраз тыныш қалдырады. Байқаған құбылыстарды сыйпаттап, реакциялар теңдеулерін жазу керек. Бұл реакцияны не үшін қолданады? Бұл жағдай үшін тағы қандай реагенттер қолданылады? Оларды қалай атайды?

4-тәжірибе. Спирттен йодоформның түзілуі

Жұмыс барысы: Пробиркаға 0,5 мл этил спиртін және 3-4 тамшы калий йодидінде еріген йод ерітіндісін құяды да араластырады, сосын 0,5 мл натрий гидроксидін қосады. Қоспаны аздап қыздырады (қолмен қыздырса да болады), сонда ақ түсті өзіне тән иісі бар йодоформ қалқымасы (тұнбасы) пайда болады. Егер қалқыма жоғалса, тағы 2-3 тамшы йод ерітіндісін тамызу қажет. Бірер минуттан соң кристалдар пайда болады. Дәл осылай пропонол-1 спиртімен тәжірибені қайталау керек. Реакция теңдеуін жазу керек. Кристалдың түсі қандай? Екі спиртпен де осы реакция бірдей жүрді ме? Осы реакцияны спирттерге сапалық реакция деп айтуға бола ма?

Зертханалық жұмысты қорғауға арналған сұрақтар

1. Натрий этилатының түзілу реакциясын жазыңыздар. Сутек бөлінуі тоқталған соң, су қосқанда ақ тұнбаның жойылуын түсіндіру керек.

2. Этиленнен сірке альдегидін алу үшін жүргізілетін реакция теңдеулерін жазу керек.

3. Натрий пропилатының алу тәсілдерін көрсету керек.

4. Спирттерді сусыздандыру үшін концентрлі күкірт қышқылын қолдануға бола ма? Ректификат-спиртте су бола ма?

5. Келесі ауысуларды жүзеге асыру керек

СаС2 ® С2Н2 ® С2Н4 ® С2Н5ОН ® С2Н5ОNa