Күнделікті газеттері


Күнделікті баспасөз 60-70 жылдары дағдарысқа ұшырап, тек 80-ші жылдары ғана аяғынан тік тұрды. Жарты ғасырға жуық тоқыраудан кейін, газеттердің таралымы 5 миллионға жеткен кезде, күнделікті басылымдардың болашағына деген сенім ұлғая түсті. Газеттер он жылға жуық тұрақты даму үстінде болды, 1990 жылдың соңында күнделікті газеттердің бір күнгі таралымы 9,713 мыңға жетті.

80-ші жылдардағы газет ісіндегі жетістіктер Италияны газет шығару жағынан алдыңғы қатарлы елдер дәрежесіне жеткізе алмады. 1993 ж. Италия әр 1000 адамға 111 дана газет шығарып, Еуропадағы артта қалған елдер қатарында қалып қойды.

Италияның артта қалуының екі себебі бар: біріншіден, бұл елде шығатын газеттер саны аз, 1905 жылы газеттердің қатары көбейіп, 150 - ге жетсе, қалған уақыттары 70-90-нан аспады. Бұл көрсеткіш, тек 1946 жылы 136-ға көтерілді. Екіншіден, газеттердің тиражы шағын, мысалы, 1993 жылы бұл елдегі 41 газеттің тиражы 50 мыңнан аспаса, 25 газеттің тиражы 200 мыңға жетпеді, тек 13 газеттің ғана тиражы 200 мыңға жетіп жығылды.

Сондай-ақ, Италияның оңтүстік және солтүстік аймақтарындағы газет саны әрқилы. 1990 жылы солтүстікте 45 газет шықса, ал оңтүстікте бар жоғы 15 газет ғана жарық көрген. 90-шы  жылдардың басында ақпараттық газеттердің арасынан аймақтық 7 газет  ұлттық газеттер деңгейіне көтерілді.

Баспасөз жүйесінде ұлттық газеттер әр уақытта бір-бірімен бәсекеде. Газет рыногындағы үстемдікке Италиядағы ең көне газеттердің бірі - «Коррьера делла сера» мен жаңа газеттердің бірі – «Респубблика» таласуда.

1876 жылдан Миланда шығатын «Коррьера делла сера» газеті бұл елдегі беделді басылымдардың бірі. Соғыстан кейінгі жылдары ХДП саяси билік тұғырында мығым тұрған тұста «Коррьера делла сера»   билік  басындағыларды  қолдап,   басқалардан   гөрі, өтімді болды. 70-80 жылдары иелері бірнеше рет ауысып, біраз қиыншылықтар болғанымен, қазір де «Коррьера делла сера» газеті Италияның ең ықпалды, басылымдардың бірі.

1970-80 жылдардағы қиыншылықтар «Коррьера делла сера» газетіне «Репубблика» сияқты бәсекелесті өмірге әкелді. Экономикалық журналистиканың негізін қалаушы, қаламы жүйрік Эудженио Скальфари дүниеге әкелген «Репубблика» газеті халықтың назарын бірден өзіне аудара білді. Ал ол «Экспрес- соның» директоры болған кездегі апталықтың жұлдызы жарқыраған кезеңін ешкім есінен шығара қойған жоқ. Әрине оның журналистік шеберлігінің, көп жылғы тәжірибесінің айқын көрінісін - осы «Репубблика» газетінен көреміз. Ол дәстүрлі Италия газеттерінен өзгеше, бағасы орташа, сапалы басылым шығаруға талпынады. Скальфари өзіндік бет-бейнесі бар газет шығару үшін тер төкті. Италиядағы барлығынан аз-аздан хабардар ететін, «газет-омнибустардан»  бойын аулақ салды.       

Таблоидық формат, айшықты тақырыптар, ұжымға талантты, жігерлі журналистердің топтасуы - оқырмандардың назарын бірде өзіне аударды. Әуелде 100 мың тиражбен шыққан газеттің таралымы күн санап өсті. «Репубблика» бірден елдегі саяси  күрестердің ортасында болды.

80 жылдардың ортасында «Репубблика» газеті билік басындағылар санасатын, ұлттық басылымға айналды. Сондықтан «Репубблика» қазір оңшыл да, солшыл да, центрист де емес, басқарушы топтың либералды газеті санатында. Италияның ақпараттар әлемін «Репуббликасыз» көзге елестету қиын.

Үшінші беделді басылым - 1861 жылдан бері шығып келе жатқан «Стампа» ұлттық газеті. Бұл басылым алдыңғы екі лидердің жарысына қатыспағанымен, алыстан демі білініп тұрады. «Стампа» өзінің ақпараттарының жан-жақтылығымен, кәсіптік деңгейінің жоғарылығымен, ақпараттарды беруде объективтілігімен ерекшеленеді. Ықпалдылығы жағынан «Стампа» еш газеттен кем түспейді.

Тағы бір ықпалды басылымның бірі - «Джорноле». «Коррьера делла сераның» иелері ауысқан кезде қарсылық ретінде қызметін тастап кеткен, көрнекті журналист Индро Монтанелли 1974 жылы «Джорноле» газетін өмірге әкелді. «Коррьера делла сераға» антипод ретінде шыққан тәуелсіз басылым, кейіннен Берлусконидың қол астына өтеді. 1990 жылғы баспасөз туралы жаңа заңның нәтижесінде Берлускони бұл газетпен қоштасады. Бірақ газет тым алысқа ұзамай, Сильвионың ағасы Паолоның қол  астына өтеді. Берлускони алғашында газеттің  ұзақ жылғы   директоры  Монтанеллимен    жап-жақсы  түсініседі.   Бірақ  Берлусконидың банкир   Кальвио туралы мақаланы жариялатпай қоюы, өзіндік көз-қарасы бар, ешкімге тәуелді болып көрмеген  Монтанелли  үшін үлкен соққы болды.   Ақыры  Берлускони  екеуінің саяси көзқарастары үйлеспегендіктен, 1994   жылы   Монтанелли   отставкаға   кетеді. Бұрынғы әріптестерімен бірлесе  отырып, жаңа үлгідегі «Воче» газетін шығарады. Жоғарыда аталған ұлттық газеттердің тобын «Индепендент», «Джорноле», «Авеннире» толықтырады. Ұлттық газеттерден кейінгі   орында   облысаралық   күнделікті   газеттер: римдік «Мессаджеро», венециялық «Гадзеттино», флоренциялық «Национе» және Болоньеде шығатын «Ресто дель карлино» тұр. Жалпы    Италия    газеттерінің    тең    жартысын    облыстық    және провинциялық басылымдар құрайды

Италияда бірнеше  кешкілік газет жарық көреді.  80 жылы олардың таралымы күрт төмендеп, құлдырай бастаған. 1992 жылы «Коррьера меркантиле», «Экспрессо сера», «Нотте», «Стампа сера»  атты төрт   газет      шығып   тұрса,   соңғы   кезде   кешкілік басылымдар атауымен генуэзиялық «Коррьера меркантиле» ғана жарық көруде.

Италия  баспасөз  жүйесінде  ақпараттық газеттермен  қатар, арнаулы  газеттердің  үш  түрі  шығып  тұрады.   Біріншісі,  саяси газеттер тобы, яғни партиялық басылымдар. Италия журналистикасында  партиялық   басылымдардың   алар    орны    айрықша. Республикалық партияның екі күнделікті газеті, («Джорнале дель пополо», «Италиа дель пополо»), ал ИСП-нің 50 шақты мерзімді басылымы жарық көріп тұрады. Олардың ішінде «Аванти» мен «Темпоның» шоқтығы биік. Клерикалдардың басылымдары да осы топты толықтырады. Олардың арасында Ватикан үні - «Оссерваторе  Романоның» рөлі ерекше. Газет неміс, ағылшын, француз, испан, португал тілдерінде шығып, барлық елдердің епископтары, діндар адамдарына таратылды.

Егер 1961 жылы күнделікті газеттердің бір жолғы таралымының 16,8 %-ін саяси басылымдар құраса, ал 80 жылы - 4,5%  құраған. 1993 жылы бұл елдегі жеті партияның да өз басылымдары болды: ХДП-нің - «Пополо», социалистердің - «Аванти», ДПЛС-тің - «Унита», республикандықтардың - «Юманите», ИСД-нің «Секолм д Италия» және «Манифесто» қозғалысының газеттері үзбей шығып тұрды. 1995 жылы «Юманите», «Аванти» газеттері жабылды. 1896 жылдан бері шығып келе жатқан, әр ұрпақтың үні болған «Аванти» газетіне Э. Ферри, кейіннен Муссолини, соғыстан кейінгі жылдары соцпартияның ірі қайраткерлері С. Пертини, П. Ненни, Б. Краксилер жетекшілік еткен болатын. Соңғы жылдары партияның күйреуі - газеттің жабылуына әкеп соқты.

Арнаулы басылымдардың екінші тобын іскер адамдарға арналған экономикалық газеттер құрайды. Бұл топтағы беделді басылым, Конфиндустрияға қарайтын «Соле 24» газеті. «Итали оджи», «Оре 12» газеттері де бұл саланы толықтыра түсті. Экономикалық басылымдарға оқырмандар сұранысының өсуі,  тираждың көтерілуіне әсер етті.

Арнаулы күнделікті басылымдардың соңғы тобына спорттық  газеттерді жатқызамыз. «Гадзетто делло спорт», «Коррьере делл спорт»,   «Стадио»,   «Туттоспорт»   күнделікті   таралымның   15% құрауы, әлем бойынша үлкен жетістік болып саналады. Осылардың ішінде   италияндықтар   қағаздың  түсіне   қарап,   «алқызыл»   деп атайтын, «Гадзетто делло спорттың» басқаларға қарағанда тұғыры мығым. Газет редакциясына қаламы жүйрік, танымал журналистердің  жиналуы тиражының өсуіне (600 мың) мұрындық болып отыр. Өзара бәсекелес спорттық үш газетті Италия журналистикасының үш мектебі, үш орталығы десе де болады. Әрқайсысының әр дүйсенбі сайын шығатын арнаулы қосымшалары бар.

Сонымен, Италияның күнделікті басылымдар жүйесін ақпараттық және арнаулы (экономикалық, спорттық және саяси) топтарға бөліп қарастырамыз. Италия газеттерінің типі туралы мәселе әлі де даулы, басы ашылмаған жайт. Көпшіліктің пікіріне  сүйенсек, бұл елдің ақпараттық газеттерін - «аралас» газеттер типіне жатқызуға болатын сияқты. Баспасөз зерттеушісі Джованни Бекеллони ақпараттық газеттерді әртүрлі аудиторияға арналған  комплексті басылым деп қарап, «газетте tuttofare» (жалпыға ортақ  газет) деп атаған. Кейбіреулер мұны Скальфари қашқақтайтын  «газет-омнибустар» деп те атайды.

Италия  газеттерінің  саяси  ақпараттар  беруде  қара түнекті қаптатып жазатынын,

жаңалықтарды беруде де тосын оқиғаларға көп  жүгінетінін зерттеушілер жиі сынайды. Кейбір мамандар, теледидар ғасырында газетті жеңіл оқылатындай етіп шығару керек деген пікірде айтады. Газеттердің көпшілігі бұл пікірге құлақ асқан сынайлы. Дәстүр бойынша бірінші беттің «подвалында» берілетін романдардың орнын ақсүйектердің, өнер жұлдыздарының өмірінен сыр шертетін хроника иемденген.

Италия газеттерін жеңілдетуге тырысқан идеяны қолпаштайтындар да, қарсы шығатындар да баршылық. Соңғы жылдары дүниеге келген «миелизм» немесе «Миели моделі» ұғымы төңірегінде пікір таластар көбейді. Мұның авторы - талантты журналист, танымал редактор Паоло Миели. Алғашында ол «Стампаның», кейіннен «Коррьера делла сераның» редакторы болған.

Баспагердің айтуынша, Паоло келгеннен кейін екі газет те үлкен жетістіктерге жетіп, Италияға ғана емес, шет елдерге де мәлім бола бастаған. «Бұл жетістікке көңіл көтеретін жеңіл-желпі аспектілермен бірге, салмақты дүниелерді араластырып беру арқылы жеттік» - дейді Миели. Әрине бұл модельдің жаңашылдығын кез-келген адам мойындамайды. «Күнделікті газеттер апталыққа айналып бара жатыр» - деп көңілі толмайтындар да кездесіп қалады.

Күнделікті газеттер төңірегіңдегі айтыс-тартыстардың барлығын, белгілі журналист Пьеро Оттоне итальян газеттерінің типологиясының спецификасынан көреді. Оның ойынша Италияда Англия, Германия, АҚШ-тағы сияқты көпшілікке арналған, күнделікті танымал газеттер жоқ. Сондықтан қазір «салиқалы» газеттердің көпшілік оқырмандарды тартуға ұмтылуы өз бағытынан жаңылдырып жібергендей. Саяси, мәдени мәселелердің орнын танымал журналдардағы сюжеттер алмастырган. Шындығында да Италияда көпшілікке арналған танымал газеттер жоқ. Сондай мақсатпен 70 жылдардың соңында жарық көрген «Оккьо» газеті көп ұзамай жабылып қалды. Саясатқа көбірек жүгінетін күнделікті газеттердің оқырманы шектеулі, ал иллюстрациялық апталықтардың таралу ауқымы кең.

Қандай пікір-сайыстар болмасын, «аралас» типті Италия ақпараттық газеттерінде өзгеріс болып жатқаны сөзсіз. Біріншіден, бұл жағдай телеақпараттар әсерінен, оқырман деңгейінің өскендігінен болып отырса, екіншіден газет директорларының ауысып, қартаң адамдардың орнына жастардың келуіне де байланысты болып отыр.

Соңғы жылдары баспа шығындарының күрт  өсуі, жарнамадан  түсетін кірістің азаюы - күнделікті газеттердің бағасын көтеріп жіберді.

Италияның газет тарату ісінде біраз кедергілер бар. Жазылу арқылы тарату бұл елде бар - жоғы 7% ғана, ал осы жолмен тарату Францияда - 30%, Ұлыбританияда - 50%, АҚШ-та 80 %,  Жапонияда - 93% екені белгілі.

Италия газеттерінің 90 пайызы 36 мың киоскіден тұратын сауда-саттық жүйелері арқылы тарайды. Соңғы жылдары газет баспагерлері федерациясының талабымен супермаркеттерде, кітап  дүкендерінде, автоматтарда сатуға рұқсат етілді.