Америка журналистикасының көсбасшылары



Джозеф Пулитцер. АҚШ-тағы журналистика саласындағы ең жоғарғы сыйлық Пулитцер атымен аталынады.

Австро - Венгриядан шыққан Джозеф Пулитцер 1864 жылы Америкаға қоныс аударған. Америка журналистикасында Джозеф Пулитцер есімі кәсіпкер-журна-листің символы ретінде ғана емес, өз тағдыры үшін күрескер ретінде сипатталады.

Азамат соғысынан кейін ашыққан солдат тұрақты жұмыс таба алмай қиналады. Қонақ үй, мейрамханалардан жұмыс тапқанымен, бірер күннен кейін шығып қалып отырады. Әбден ашыққан, тарыққан Джозеф Лунзиана штатындағы плантацияға барып жұмыс істеуді жөн көрген. Жалданған жұмысшыларды тиеген кеме оларды орта жолда айдалаға қалдырып кетеді. Жұмысшылар Сен-Луисқа жаяужалпылап әзер жетеді. Жолда көрген азабын, тарыққан жұмысшының жан айқайын Джозеф Пулитцер «Вестлихе пошт» газетіне мақала етіп жазады. Бұл оның тырнақалды туындысы еді.

Содан біраз уақыт герман тілді «Вестлихе пошт» газетінде тілші  болып    қызмет    істейді.    Ағылшын    тілін    жетік    меңгермеген  Пулитцерге жаңалықтарды алу да оңайға түскен жоқ. Әйтсе де өзінің ізденімпаз қасиетінің арқасында ақпараттарды бірінші болып іздеп тауып отырған.

1878 жылы Пулитцер өзінің «Сент-Луис пост энд диспетч» атты газетін шығаруды қолға алады. Бұл газетке осы уақытқа дейін  тәжірибеге     енбеген     «жаңа     журнализм»     әдісін     қолданып, «адамзаттық репортаждар» жазып, қалың бұқараның жүрегіне жол тауып жатты.

Пулитцер газет шығарумен шектелмей, саясатпен де қатар айналысып, сайлауда да бағын сынайды. Таңдайы тақылдаған  шешен, қырағы саясаткер Пулитцер тобырға қалай ықпал етуді әбден меңгеріп, аудиторияны өзінің саясатына қарай ыңғайлап отырды. Пулитцер тобырда әртүрлі азаматтардың болатынын естен  шығармады: сондықтан біреулеріне «оқылатын дүниелерді» ұсынса, екіншісіне «ойланатын дүниелерді» ұсынды. Бірақ осының бәрін бір өзі атқарды, бірде редактор, бірде баспагер, бірде журналист, бірде бизнес-менеджер бола білді.

Пулитцердің журналистік биографиясындағы жарқын белес  оның    «Нью-Йорк   уорлд»    (1883    жылы)    газетін    иеленуімен ерекшелінеді. Ол бұл басылымды «жаңа журнализмнің» айқын көрінісі ретінде шығара отырып, бір жылдың ішіңде таралымын 15 мыңнан   100   мыңға   дейін   көтеріп,   ал   үш  жылдың   ішінде 4 миллионға жеткізді.

Пулитцердің мұндай жетістікке жетуінің бір себебі - редакцияның ұстанымына байланысты болды. Ол өз қызметкерлерін «әрбір арайлап атқан таңға таңғажайып ақпарат» табуға міндеттеді. Екінші бір себебі - газетте иллюстрацияны пайдалануы еді.

Пулитцер осы тұста тұралап қалған «Сан-Франциско игзэминер» газетін қосып алады. Бұл басылымға өзінің сүйікті әдісін қолданып, «адамзат қызығушылығын тудыратын» оқиғаларды үзбей беріп тұрады. Аршынды әріптермен жазылған  айшықты тақырыптардан оқырманның көзі тоятындай еді: «Құпия өзендер», «Кішкентай Лоттаның нақсүйерлері», «Уолт-стриттегі  террор» т.б.

Пулитцер Америкадағы «сарыжағал» басылымның  негізін  салушы, дамытушы. 1889 жылдан бастап Пулитцер «Нью-Йорк уорлд» газетінде комикстік кейіпкер сериалы картиналарын жариялай бастайды. Кейіннен бұл жанр Херст газетінің бетіне көшті.

Пулитцер газетінің бетінде динамикалық репортаж тұрақты орын алды. Пулитцер тілшілері барлық күш-жігерін салып, адам сенбес «жаңалықтар» жасады. Біреуі өтірік жынданып, жындыхана өмірін зерттесе, екіншілері жер шарын шарлап шығып, естіген адамды таңдандырды. Мәселен, «Нью-Йорк уорлд» газетінің тілшісі Нелли Блай (нағыз есімі Элизабет Кокрейн) таңқаларлық, таңданарлық жаңалықтың көшбасшысы болды. Сонымен қатар, Нелли Блай Америкадағы әйел-тілшілердің алғашқысы еді.

1909 жылдың тамыз айында Пулитцер Колумбия университетінен журналистика факультетін ашуға мұрындық болып, қомақты қаржы бөлген. Сондай-ақ оның әдебиет, журналистика, музыка, театр саласындағы жетістіктерге тағайындаған сыйлығы 1917 жылдан бері үзбей беріліп келеді. Жыл сайын берілетін "Пулитцер сыйлығы" талай таланттың көзін ашуға себепкер болып отыр.

1911 жылдың 29 қазанында талантты журналист, белгілі саясаткер , алғашқы газет магнаты Джозеф Пулитцер 65-ке қараған шағында өмірден өтті.

Пулитцер иелігіндегі басылымдардың «құрғақ ақпаратты сулаңқырап» жіберетін қасиеттері болғандығын жоққа шығаруға болмайды. Десе-дағы болмашы кемшіліктерге бола, Пулитцердің Америка журналистикасындағы орнын, еңбегін сызып тастауға да болмас.

Нелли Блай.Нелли   Блай   1867 жылы Пенсильванияда, әкесі ірге тасын қалаған Кокрейн Миллз қаласында туған. Әкесі қайтыс болғаннан кейін болашақ журналистің өзін-өзі қамтамасыз етуіне тура   келеді.    Алғашында   Питсбургке келіп,  кейіннен Нью-Йоркке ат басын тірейді.   Жаңа  жерде   өмір   сүру   оған оңайға   соқпады.   Қолындағы   әмиянын жоғалтқан   Нелли,   «Нью-Йорк   уорлд» газетінің   редакциясына   келіп,   Пулитцерге   жолығады.   Ол   өзінің   басынан өткен жағдайды толық баяндап, газетке тілші  етіп  алса,  сенімін ақтауға уәде береді. Пулитцер Неллидің сөзіне сеніп, несиеге ақша береді.

Неллидің ең бір жарқын жұмысы – Нью-Йорктегі жындыхана өмірін зерттеп, репортаж жазуы. Нелли редакцияның аталмыш тапсырмасын орындамас бұрын, ұзақ уақыт жаттығады, адамның жындану, психикасы бұзылу процесі жайындағы бірнеше әдебиетпен танысады.

Сонымен әбден жаттыққан Нелли алба-жұлба киініп, баспанасыздар үйіне жөнеледі. Бұнда ол ақыл-есін жоғалтқан адамның рөлін шынайы ойнағаны соншалық, оны бірден жындыханаға аттандырады. Неллиді психиатрлар жан-жақты тексереді: төрт дәрігер оны жынды деп тапса, біреуі ғана жоққа шығарады. Нелли бірер апта емделіп шыққаннан кейін, Американы дүр сілкіндірген репортажын газет бетінде жариялайды. Ауруларды салқын жерде ұстайтынын, тапшы тамақ беретінін, дәрігерлердің қаталдығын, ауруларға көрсеткен жәбірін жіпке тізгендей қылып жазып береді. Публикацияның пәрменділігі өте жоғары болады: ауруханалардың жүмысында айтарлықтай өзгерістер басталады, тіпті үкімет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, бұл саладағы оң қадамдар жасалынады.

1889 жылы Пулитцер газет редакциясына Нелли Блайдың жер шарын айналып шығатын саяхатына демеуші болуға тапсырма береді. Нелли бұл сапарға бар-жоғы төрт-ақ күн дайындалып, жолға шығады. Блай Жюль Верннің Филеас Фогы жасаған рекордты қайталап, 80 күнде жер шарын айналып шығуды мақсат етеді. 1889 жылдың 5 қазанында мисс Блай Нью-Йорктан «Августа Виктория» кемесіне мініп, сапарға шығады. Ол өзінің тоқтаған бекеттерінен телеграф арқылы репортаж жіберіп отырды. Англияға келгеннен кейін Жюль Вернге жолығу үшін, Ла-Манштан өтіп, Амьенге жол тартады. Кездесу сәтінде Жюль Верн Филе Фогтың рекордын жан баласының қайталайтынына сенбеген көрінеді.

Әйтсе-дағы Нелли Блай 25 қаңтар күні өз сапарын аяқтайды. Ол 72 күнде, 6 сағатта, 11 минутта 24899 мильді жүріп өткен, «Нью-Йорк уорлд» газетінің редакциясына мыңдаған хаттар мен құттықтаулар келіп түседі. Нелли Блайды жеңісімен алғашқы болып құттықтағаңдардың бірі - Жюль Верн еді.

Н. Блай соңғы репортажын 1920 жылдың 30 қаңтарында Синг-Синг түрмесінде қылмыскерді электр орындығында жазалау сәтінен жазған болатын. Америка журналистикасының жарқын жұлдызы Нелли Блай 1922 жылдың қаңтарында қайтыс болды.

Кэтрин Грэм есімі әлемге "Вашингтон пост"  газетінің шығарушысы ретінде кеңінен танымал. Әлем жұртшылығы түгілі Вашингтон тұрғында-рының өзі жетік біле бермейтін, небары 50 мың тиражы бар бұл газетті Кэтрин құлдыраудан құтқарып қана коймай, Американың ықпалды институтына айналдырды. Кэтрин Грэм он шакты жылдың ішінде АҚШ медиа әлеміндегі белгілі тұлғаға айналып, саяси аренада зор беделге ие болды.

Кэтрин Грэм атағының жер жаруының құпиясы тек қана қаржыда жатыр десек, қателескен болар едік. Ол - дарынды журналист, редактор және ең маңыздысы АҚШ президентінің кінәсін мойындатқан, оны тақтан құлатқан қайраткер әйел.

Кэтрин 1917 жылдың 16 маусымында Юджин Мейер есімді ірі қаржыгердің отбасында дүниеге келді. Әкесі Юджин Мейер - Дүниежүзілік Банктің тұңғыш президенті болды. Ал шешесі Агнест Эрнсттің саяхат жасаудан балаларына қарауға тіптен мұршасы болмаған. Сондықтан кішкентай Кэтрин мен бауырларының балалық шағы ата-ана жылуынсыз өтті.

1933 жылы әкесі Юджин Мейер "Вашингтон пост" газетін 825 мың долларға сатып әпергенде Кэтриннің жасы небары 16-да еді. Дегенмен Кэтрин газет ісімен оқуын бітіріп, біраз оң-солын  таныған кезінде, 1939 жылдан бастап айналысады. Көп ұзамай ол Филипп Грэмге тұрмысқа шығады да, ендігі жерде газеттің  бар билігі күйеуінің қолына көшеді. Тек 1963 жылы Филипп қайтыс болғаннан кейін Кэтрин өз ісіне оралды. Кэтрин "Вагашингтон постты" өз қолына алатынын айтқанда газет кеңесінің мүшелері таңғалғанын жасыра алмады. Себебі ол кезге дейін АҚШ-та әйелдердің қоғамдық істерге араласуы тарихта болмаған жағдай еді. Газет  иесі қайтыс болған жағдайда мұрагерлік әйеліне емес, баласы не болмаса туыстарына қалатын. Әйел-редактор дегеп ұғым мүлде қалыптаспаған. Газет ісі ерлер бизнесі саналған. Кэтрин Грэм осы заңдылықты бұзып, бизнеске араласқанда ерлер жағы онымен қандай қарым-қатынас орнатуды білмей дал  болады. Оның осы тығырықтан шығуына газеттің бас редакторлығына келген  Бэн Брэдлидің көмегі зор болды. Кэтрин мен Бэн газетке өмір ағысына қарсы жүзуден қорықпайтын мықты журналистерді жинап алды.

Кэтрин Грэм біртіндеп бедел жинай отырып, саясат әлемінде салмақты тұлғаға айналды. 1971 жылы "Нью Йорк таймс" газеті  "Пентагон құжаттарын" басу арқылы федералды сот тарапынан жазаға ұшырағанда, Кэтрин Грэм тайсалмастан құжаттарды өз газетіне басуды қолға алды. Осы құжаттар жарияланғаннан кейін Вьетнам соғысына қатысты АҚШ Қорғаныс министрлігінің  халықтан жасырған құпиялары әшкере болды. Сондықтан билік барынша баспасөздің аузын жауып, тұншықтырып тастауға  тырысты. Кэтриннің жеке өміріне қауіп төнсе де, қоғамдық мүдде мен шындық үшін ол өз басын қатерге тікті. Осыдан соң АКШ-тың Жоғарғы соты бас қосып, федералды соттың ісі дұрыс па, әлді АҚШ Конституциясына қайшы келе ме деген мәселені талқыға  салды. Сол тұста "Нью Йорк таймс" және "Вашингтон пост" газеттерінің тағдыры қыл үстінде тұрған-ды.

Көптен күткен шешім де қабылданды. Сот мүшелерінің басым бөлігі осы екі газеттің жағына шығып, американдық демократия  мен баспасөз бостандығына тыйым салған федералды соттың шешімін кері қайтарды. 1971 жылдың 30 маусымында қабылданған  бұл шешім АҚШ тарихында сөз бостандығы жеңіске жеткен күн  ретінде есте қалды. Өмірдің қиын-қыстау кезеңінде төбесіне қара бұлт үйірілсе де қорықпай, ағысқа қарсы жүзген "Вашингтон  посттың" беделі шарықтап, жалпыұлттық газетке айналды.

1972 жылдың 17 маусымында, яғни бұл елдегі президент сайлауына 5 ай мерзім қалғанда Вашингтон полициясы бес бірдей қаскөйді қолға түсірді. Олар Вашингтондағы "Уотергейт" тұрғын үй кешенінде орналасқан АҚШ демократиялық партиясының штаб- пәтеріне жасырын еніп, құжаттарды ақтарып, тындайтын құрылғы қойып жатқан екен. Мұның артында демократиялық партияны тұғыртпақ пиғылдағы саяси күштердің жатқаны анық еді. Оқиғаны алғашқылардың бірі болып "Вашингтон пост" газетінің тілшілері Боб Вудворд пен Карл Бернстейн естиді. Олар полициядан болған жағдайдың бүге-шігесіне дейін біліп алып, нөмірге құнды материал әзірлеп жібереді. Бұл оқиға елді дүр сілкіндіріп, билікті өре  түрегелтеді. Осыдан кейін тілшілер тергеуге алынды. "Уотергейт ісінің" соңғы нүктесі қойылғанға дейін екі журналистке бас-көз  болуды өз мойнына алған Кэтрин Грэм өз өмірін тағы бір рет  қатерге тігеді.

Қылмыстың Ақ үймен байланыстылығын "Вашингтон пост" газетінде үздіксіз жарияланып тұрған мақалаларды оқыған әрбір оқырман білді. Тап сайлаудың қарсаңында өз орнында қалу үшін Ричард Никсонның өзі қылмысты әдейі ұйымдастыруы мүмкін деген ой қоғамдық пікірге айналды. АҚШ-тың Бас прокуроры Джордж Митчелл терісіне сыймай ашуланып, Кэтрин Грэмді талай рет қоқан-лоққы жасады. Алайда, соңыңда әділдік жеңіп, АҚШ Сенаты президент Ричард Никсонды кінәлі деп табады. Ричард Никсон импичмент жариялап, орнынан өз еркімен кетеді. Осылайша Кэтрин бастаған қайсар журналистер тобы жеңіске жетеді. Бұл тек Американы ғана емес, әлемді таң қалдырған оқиға ретінде тарихта қалды.

1979 жылы Кэтрин газет басшылығын баласы Дональдқа табыстайды. Басшылықтан кеткенімен Кэтрин газет ісінен біржолата бас тартқан жоқ. Ол әйгілі "Ассошиэйтед Пресс" агенттігінің директорлар кеңесінің мүшесі, Америка газет баспагерлер ассоциациясының төрайымы болып қызмет атқарды. Өмірінің соңғы сәтіне дейін Кэтрин сүйікті ісімен айналысуын тоқтатқан жоқ. Тіпті жан тапсырар сәтінде де БАҚ басшыларының бірімен кездесуден қайтып келе жатқан беті болатын. Баспалдақтан төмен түсіп келе жатқан Кэтрин ес-түссіз құлаған күйінде о дүниелік болды. Ол көзі тірісінде мына сөзді жиі айтады екен:"Біздің бәріміздің бір ғана мақсатымыз бар: бір істі бітіруге қабілетіміз түгесілгенше өмір сүру керек, одан кейінгі өмірдің қажеті де жоқ". 85 жасқа келгенше бойындағы бар мүмкіндігі мен қабілетін қоғамға еңбек сіңіруге жұмсаған Кэтрин өзінің осы сөзін орындағандай...