№ 9 зертханалық сабақ


Карбон қышқылдарының қасиетін зерттеу

Жұмыстың мақсаты: карбон қышқылдарының физикалық, химиялық қасиеттерімен танысу.

Реактивтер мен жабдықтар: натрий ацетаты, амид спирті, сірке қышқылы, концентрлі күкірт қышқылы, олеин қышқылы, калий перманганатының 5%-дық ерітіндісі, 10%-дық натрий гидроксидінің ерітіндісі, этил спирті, СаСІ2 ерітіндісі, пробиркалар, штатив, спирт шамы, бөлгіш воронка, су моншасы, газ жүретін түтікшелі тығын, колба, стакан, мұз немесе қар.

1-тәжірибе. Сірке қышқылын оның тұздарынан алу

Жұмыстың барысы: Колбаға 3-4г құрғатылған натрий ацетатан салып, оның үстіне 3-4мл концентрлі күкірт қышқылын құйып, аузын газ жүретін түтігі бар тығынмен тығындайды. Газ түтігінің екінші ұшын қар салынған стаканға батырылған пробиркаға енгізіледі. Қоспада реакция бірден жүре бастайды. Қоспаны қайнатпай баяу қыздырып, сірке қышқылын газ түтігі арқылы пробиркаға айдайды. Пробиркада таза сірке қышқылының кристалдары пайда болады.

Реакция теңдеуін жазыңыздар.

2-тәжірибе. Қышқылдарды қыздырғандағы түзілетін заттар

Пробиркаға бірнеше қымыз қышқылының кристалдарын салып, қыздырады. Пробирканың жоғарғы жағына ізбес (не барит) суына батырылған қағаз ұстау керек. Не байқадыңыздар. Қымыз қышқылының айырылу реакциясының теңдеуін жазу керек, ізбес (барит) суымен қымыз қышқылы айырылғанда түзілген өнім арасындағы реакция теңдеуін жазу керек.

3-тәжірибе. Олеин қышқылының тотығуы

Жұмыс барысы: пробиркаға 1мл 5%-тік калий перманганаты ерітіндісі 1мл 10%-тік күкірт қышқылы ерітіндісі және 0,5мл олеин қышқылын құямыз. Пробиркадағы қоспаны шайқап араластырамыз. Не байқадыңыздар?

Реакция теңдеуі:

9,10- диоксистеарин қышқылы

4-тәжірибе. Олеин қышқылының тұзын алу

Жұмыс барысы: Пробиркаға 2 тамшы олеин қышқылы және 4-6 тамшы дистильденген су құяды. Мұқият араластырып, 6-8 тамшы сілті ерітіндісін қосады. Алынған қоспаны спирт шамында қыздырады. Суда еритін натрий сабыны түзілгендіктен шайқағанда көбік пайда болады. Алынған сабын ерітіндісіне 2-3 тамшы кальций хлоридінің ерітіндісін тамызыңыздар. Суда ерімейтін кальций сабынының ақ тұнбасына назар аударыңыздар.

1) Натрий сабынының түзілу реакциясын жазыңыздар.

2) Кальций сабынының түзілу реакциясын жазыңыздар.

5-тәжірибе. Олеин қышқылының сілтімен әрекеттесуі. Сабын алу

Жұмыс барысы: Пробиркаға 2мл 10%-тік сілті ерітіндісін құйып, үстіне 2-3 тамшы олеин қышқылын қосады. Қоспаны интенсивті араластырады. Сол кезде сабын көпіршігінің түзілгені байқалады. Бұл – олеин қышқылының натрий тұзы (сабын):

С17Н33СООН + NaOH ® C17H33OONa + H2O

Зертханалық жұмысты қорғауға арналған сұрақтар

1. Келесі реакция теңдеулерін жазыңыздар:

а) сірке қышқылын алу;

ә) олеин қышқылына бромның қосылуы.

2. Қанықпаған карбон қышқылдарындағы карбоксил тобы және көмірсутек радикалы бойынша қандай реакциялар жүреді?

3. Натрий формиатының түзілу реакциясын жазыңыздар.

4. Карбон қышқылдарына тән реакцияларға мысалдар келтіру керек (бутан қышқылын алып).