«Ганнет» компаниясы


Кішігірім кәсіпкердің ұлы Фрэнк Ганнет өз карьерасын журналист болудан бастады. 1906 жылы «Элмайра» газетін сатып алып, кейіннен оны «Ивнинг стар»  газетімен біріктіріп, қазіргі газет компаниясының негізін қалайды.

Оның өмір бойғы кәсібі - құлдыраған, арзан газеттерді сатып алып, бір-біріне қосып жіберу еді. Мәселен, Рочестерде «Юньон энд эдвертайзерді» «Таймспен» қосса, Итакта «Ньюсті» «Джорнэлмен» біріктірді, ал Утикте «Геральд диспечті» «Обсер-вермен» қосты. Әке-шешеден мұраға қалған байлығы болмаса да, Фрэнк Ганнет өз еңбегімен 30 газетті сатып алды. Бұрын газет компаниялары «тізбек» деп аталынып келсе, Ганнет «топ» деп атауды ұсынды. Оның ұғымынша, бұл атау бірлестікке кіретін газеттердің бір-біріне тәуелсіздігін, автономиясын білдіреді. 1928 жылы компания жетекшілерінің бірі «Харфорт таймс» газетіне берген сұхбатында: «Бұдан былай Ганнеттің газет иелігіне ешкім «тізбек» деген сөзді қолданбауы керек. Газеттердің бұл сөзді пайдаланбауын қадағалаймыз. Егер біреу бұл жаңалықты білмей жатса, бірден есіне салу керек» - деп мәлімдеме жасады.

Ганнеттің газеттерінің көпшілігі дәстүрлі американ бағалылықтарын қолдады. Ол журналистерден сенсация қумауын талап еткендіктен, оның газеттері дау-дамайды беруді мақсат етпеді. Ганнет «газеттерді анама, әпкеме, қызыма көрсеткен кезде ұялмауым керек» деп қол астындағыларға үнемі ескерту жасап отырды.

30-жылдардың ортасына қарай «Ганнет» тобы танымал бола бастайды. Олар бұл елде болып жатқан келелі мәселелерге ат салысып, саясатқа да араласып кетеді. 1940 жылы Ганнет өз кандидатурасын президенттікке ұсынғанымен, тиісті дауыс жинамағандықтан, өтпей қалды.

Ганнет 1951 жылы 81 жасында қайтыс бодды. Осыдан кейін он жыл бойы компания Ганнет әулетінің отбасылық жекеменшігі ретінде жұмысын жалғастырып, 1967 жылы қазан айында компания қаржылық қиыншылықтарға ұшырағандықтан, Ныо-Йорк қор биржасында 500 мың акциясын сатты. Сөйтіп 60 жылда жеке иеліктегі компания ретінде өмір сүрген, «Ганнет» акционерлік қоғамдастыққа айналды. Бұл операцияны жүзеге асырған, сол кездегі компанияның басшысы әрі «Ассошиэйтед Пресстің» директоры Пол Миллер болды. Акцияларды сату тығырыққа тіреліп тұрған компания ісін жандандыруға мұрындық болды.

Аймақтық деңгейде қызмет істеген компания бұдан кейін Калифорниядағы газетті сатып алып, бүкіл американдық аумақты қамтуға талпынды.

Компания 1971 жылы «Федерейтед» тобы мен «Гонолулу старбуллетин» компаниясын, бес жылдан соң «Спиделді»  өз қарамағына  қаратады. Бұл істің нәтижесінде «Ганнет» Калифорния, Колорадо, Айове, Миннесоте, Небраске, Невада, Огайо, Оңтүстік Дакоте мен Нью-Йорк штаттарындағы 13 күнделікті, 5 жексенбілік газетті шығару мүмкіндігіне ие болды. Он жылдың ішіңде АҚШ-тағы ең ірі ұлттық компанияға айналды.

70-80 жылдары «Ганнет» компаниясының гүлденуіне сол кездегі директорлар кеңесінің төрағасы Аллен Ньюхарттың қосқан үлесі зор. Бұл кезде «Ганнет» насихаттың сан-салалы конгломератына айналды, теле, радиостанцияларды иеленді, жарнама компаниясы болды, тіпті қоғамдық пікірді зерттейтін орталыққа, электронды ақпарат  тарататын мекемелерге иелік етті. Монополияның 40 штатта бөлімшелері бар. Сондай-ақ Колумбияда, Виргин түбегінде, Гуамда, Канадада, Ұлыбританияда, Швей-царияда, Францияда, Гонконгта, Сингапурда компания өз істерін жалғастыруда.

Қазіргі кезде «Ганнет» компаниясының қол астынан 130 мерзімді басылым шығып тұрады, оның 90-ы газеттер. Беделді газеттері - ұлттық «Ю-Эс-Эй-ТУДЕЙ», аймақтық «Цинциннати инкуайрер», «Окленд трибюн», «Де-Мойн реджистер». Корпорацияның бірнеше телестанциясы, радиостанциясы бар.