«Ю-ЭС-ЭЙ Тудей» газеті


АҚШ-тың жалпыұлттық «Ю-ЭС-ЭЙ тудей» күнделікті газеті - Ганнет корпорациясының беделді басылымы. Газеттің штаб-пәтері Вирджиния штатында орналасқан. Бұл газет қазіргі технологияның газет бизнесіне әкелген ғажайып өзгерісінің айқын көрінісі болып табылды. «Ю-ЭС-ЭЙ тудейдің» штаттағы тілшісі Дж. Уолт Джуанның айтуына қарағанда, газеттің басты мақсаты - мерзімді басылымдарды телевидениенің бәсекелесі дәрежесіне жеткізу. Газет материалды қысқа әрі нұсқа беруімен ерекшеленеді. Мақаланың ұзын-ырғасы 10 сөйлемнен аспауы керек. Төрт материалды ғана 35 сөйлем көлемінде жазуға рұқсат берілген. Әрбір штаттан бір-бір саяси және спорттық материал беру жолға қойылған. Сондықтан болар "Ю-эс-эй тудей" "Нью-Йорк таймсқа" қарағанда саяси тақырыпты көп жазады, штаттардың проблематикасын жергілікті газеттерге қарағанда көп көтереді.

«Ю-ЭС-Эй тудей» түрлі-түсті графиканы кеңінен қолданады. АҚШ-тың барлық жерінің баспаханаларында, сонымен бірге Еуропа мен Азияда бір мезгілде басылу үшін спутниктік технологияны пайдаланады.

Газеттің алғашқы номері 1982 жылы жарық көрді. Қазір АҚШ-тағы оқырмандарының саны 6 млн-ға жеткен. Он жыл бойы редакцияның, оның басшыларының күш-жігері, қаржысы жоғары технологияны өндіріске енгізуге газетті аяғынан қаз тұрғызуға кетті. Тек 1993 жылы ғана кеткен шығын толығымен өтеліп, пайда түсе бастады.

Газет тілшілері тапсырма ала салысымен, иығына компьютер қобдишасын    аса   салып,    жолға   шығады.    Журналист   Парсы шығанағынан өзінің кішігірім компьютерінің нүктесін баса отырып Сомалиға, Флоридаға, Москваға хабар береді, телефон желілері арқылы олардың жауаптарын да қабылдай алады. Егер журналист ақпарат агенттіктерінің соңғы жаңалықтарын білгісі келсе, компьютер арқылы тыңдауға мүмкіндігі бар.

Егер журналистің барған жерінде телефон байланысы болмаса, онда өз компьютерін спутниктік антенаның кез-келген нүктесіне қосып алып, өз хабарын спутник арқылы редакцияға бере алады. Тіпті, ондай жағдай болмаған күнде, журналист өз мақаласын факс арқылы беруге мүмкіндігі бар.

«Ю-эс-эй тудэй-дің» әрбір секциясының бірінші бетіндегі «кавер стори» бірден көзге түседі. Яғни, әр секцияның мәнді, негізгі мақалалары беріліп, соған сәйкес иллюстрациялар ұсынылады.

Сондай-ақ бұл газет күнделікті ерекше оқиғамен бірге, АҚШ-тың  ауқымды проблемаларына көп көңіл бөледі. «Ганнет» компаниясының басшысы Ньюхарттың айтуына қарағанда «Ю-эс-эй тудэй» газеті АҚШ-ты  біртұтас ұлт ретінде біріктіруге, түсіндіруге  қызмет етеді екен. Бұл сөздер газеттің ұраны ретінде алғашқы бетінде басылып отырады.

«Ю-эс-эй тудэй» негізінен телевидение дәуірінде дүниеге  келген жастарға арналған. Екіншіден, көбірек саяхат жасайтым адамдарды өздерінің негізгі оқырманы деп санайды. Олай дейтін  себебіміз, газет тиражының 15-17 пайызын немесе 200 мың данасын авиакомпаниялар мен қонақүйлер сатып алып, өз тұтынушыларына тегін таратады. Әлеуметтік зерттеулерге қарағанда, бұл басылым мекенін жиі ауыстыратын адамдардың арасында өтімді көрінеді. «Американдықтар мекенін жиі ауыстырады. Қазіргі қоныстанған жаңа мекенінен басқа, оларды бұрынғы тұрған жерінің саясаты және спорты әр уақытта  қызықтырады» - дейді Ньюхарт. «Ю-Эс-Эй тудейліктер» газеттің ықыласпен оқылуы үшін бар жағдайды жасайды. Басқа газеттер қоюлатып көрсететін өмірдің көлеңке тұстарының өзін, олар «журналистік үмітпен» басқаша беруге тырысады. Мәселен, басқа басылымдар үшін бос стакан, олар үшін жартылай толы болып  көрінуі мүмкін. 1982 жылдың қыркүйегіндегі газеттің алғашқы номерінде авиаапатқа ұшырағандар жайлы «Ғажап: 327 адам тірі қалып, 55 адам опат болды» деген тақырыппен мақала жариялайды. Осындай трагедиялық жағдайдың өзінде қара түнекті қаптатпай, редакция оптимистік формулировка жасауға тырысады.

Газеттің әр түрлі атаумен шығатын бірнеше қосымшалары бар:

  • «Юс-Эс-Эй тудей рэйдио»- газетте жарияланған мәнді, назар аударарлық мақалаларға шолу жасайтын бөлім. Бұл бөлімнің жұмысына «Эй-Би-Си» радиожүйесі көп көмегін тигізуде.
  • «Юс-Эс-Эй тудей апдейт» - әлемдегі іскер адамдарға электронды ақпарат арқылы қызмет көрсету орталығы.  Жазылушының компьютеріне материалдар таңғы сағат 4-тен бастап түседі.
  • «Юс-Эс-Эй тудей спортс хотлайнның»мыңнан аса жазылушысы бар. Бұл қосымшаның қызметкерлері телефон арқылы соңғы спорт жаңалықтарынан хабардар етеді. Күні бойы үзіліссіз, демалыссыз жұмыс істейді. Сенбі, жексенбі күндері бұл бөлімге 25 мың адам қоңырау шалады екен.
  • «Юс-Эс-Эй тудей букс» - газетте жарияланған материалдар негізінде кітапшалар шығарумен айналысады. «АҚШ портреттерін», комикс кітапшаларын, кроссвордтары, саяхатшыларға кеңестерді шығару осы қосымшаның жұмысы.
  • «Юс-Эс-Эй тудей онлайн лабрэри»- «Ганнет» компаниясының  бүкіл ақпараттары мен газет материалдары жинақталған компьютерлік, анықтамалық кітапхана.
  • «Юс-Эс-Эй тудей класслайн тудей»- мектептерде білім сапасын көтеруге арналған 4 беттен тұратын қосымша. Аптасына екі рет шығады.

Басылым теледидарда «Юс-Эс-Эй тудей» деп аталатын телешоу ұйымдастырады. Бұл күн сайын 30 минуттан (сенбі, жексенбі күндері 1 сағат) берілетін хабар. Ол газеттің «Жаңалықтар», «Ақша», «Спорт», «Өмір» деп аталатын секцияларының негізінде жүргізіледі. Әр секцияның өз жүргізушісі бар. Ал газеттің жексенбілік қосымшасы «Юс-Эс-Эй уйкенд» 14,5 млн. таралыммен шығып тұрады.