Америка бұқаралық ақпарат кұралдарының негізгі тақырыптары


АҚШ баспасөзі сапалы және көпшілік қолды деп бөлінгенімен, кейде ауытқып кетеді. Себебі көпшілік қолды басылымдарда сапалы материалдар берілуі мүмкін, сол секілді сапалы басылымдарда оқырманын көбірек жинау үшін «көпшілік» қолды басылымдардың материалын жариялауы мүмкін.

Десе-дағы, әлеуметтік бөлініс оның мазмұнына нақты әсер етеді. Мәселен, «Уолт-стрит джорнэл» бай адамдарға арналған, «ақшаны қалай табуды» үйретеді. Редакция құрамы 500 адамнан тұрады. Жарнамадан керемет пайда табады. Негізінен жазылу арқылы таратылады. «Сапалы» басылым ретінде бірінші бетіне фотосурет баспайды.

Американың беделді газеттерінің бірі - «Нью-Йорк таймс». Газеттің шетелде тілшілер қосыны жұмыс істейді, шетелдік ақпаратты алуда ақпарат агенттіктерінің қызметіне көп жүгінбейді. «Басылуға  жарайтын жаңалықтарды» басамыз деген ұранмен шығады.

Баспасөз зерттеушісі Маркинннің пікірінше, деңгейі жоғары ақпараттық газет    болғанымен,   «Нью-Йорк   таймс»   газетін   жаһандық басылымдар қатарына жатқызуға болмайды. «Нью-Йорк таймс» - жалпыұлттық газет.

Жаһандық басылым болу үшін:

  • Бар-жоғы 2 секциясы болуы керек немесе мүлде болмауы  керек («Нью-Йорк таймс» - 18 секциядан тұрады);
  • Жарнама   газет   көлемінің   30   пайызынан   аспауы   керек  («Нью-Йорк таймста» жарнама көлемі - 50 пайыз).
  • Газет көлемі шағын, 20-24 бет аралығында болуы керек (ал «Нью-Йорк таймстың» көлемі 64-160 бет ).

Газеттің бірнеше нұсқасы шығады:Нью-йорктік, солтүстік-шығыс , жалпыұлттық және жексенбілік. Газет имиджін қалыптастыруда Нью-йорктік нұсқасының үлесі мол.

Жексенбі күнгі санына тағы да 5-6 бет қосылады. Бұл күнгі санын журналистер жеңілдетіп дайындауға тырысады. Саяси, экономикалық тақырыптармен қоса өнер, ғылым, әдебиет, спорт жаңалықтарын, автобазар нарығын, «үй-ішілік» әңгімелерді беруге тырысады.

«Нью-Йорк таймс» газеті - нақты ақпарат көзі деп есептелінеді. Журналистер ақпаратты жинауда нақтылықтан, дәлдіктен аспауы керек.

«Газеттің тілі мен стиліне келетін болсақ, әрбір қызметкердің үстелінде редакциялық сөздік пен стилистикалық анықтамалықтар тұрады. Мұнда журналистер дөрекі сөйлемейді, бейауыз сөз сөйлеуге тыйым салынады. Әр фамилияның алдына мырза немесе ханым деген сөзді пайдаланады. Тіпті, кейіпкер - қылмыскер болса да осы сөзді қолданады. Бұны редакциялық цензура деуге болады. Әрі стилін, дәстүрін білуге болады" - деп жазады зерттеуші Ю.В.Маркин.

Соңғы жылдары газет безендірілуінде біраз өзгерістер байқалады, иллюстрациялардың жиі берілуі басылымның тартымдылығын арттыра түсті. «Нью-Йорк таймста» түрлі - түсті фото алғаш рет 1997 жылы пайдаланыла бастаған. Газеттің сыртқы нұсқасында емес, ішкі мазмұнында да өзгерістер байқалды. Бұл өзгеріске 1990-1992 жылдардағы экономикалық дағдарыс әсер етті, жарнамадан түсетін пайда азайды. Сонымен қатар, соңғы жылдары америкаңдықтар тым салмақты газеттерді оқудан қашқақтайтын болғандықтан, баспагерлер жас ұрпақтың талабын қанағаттандыруға барын салып отыр.

ЬІқпалды газеттің бірі - «Лос-Анджелес таймс» - жалпыұлттық газет болуға талпыныс жасағанымен, ол межеге жете алмады. Жексенбілік саны - 400 бет болып шығады.

Америка бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы саяси тақырыпқа жиі тоқталады. 11 қыркүйектегі жағдайдан кейін АҚШ телевидениесі басқаша бағытта жұмыс істей бастады. Телеарналарда терактыдан бірнеше минуттан кейін «қылмыс» деген сөз жойылып, «соғыс» деген сөз пайдаланылды. Бірнеше күн ішінде АҚШ телевидениесі халықты соғысқа дайындап та үлгерді. Буштың 15 қыркүйектегі сөйлеген сөзінен: «Америкаға соғыс жариялады, біз қарсы жауап береміз» деген пікірін халықтың негізгі бөлігі қолдады. Буштың мәлімдемесін халықтың 67 пайызының қызу қолдағаны «Нью-Йорк таймс» газетінің жүргізген сауалнамасынан байқалған. «Тіпті мыңдаған кінәсіз адамдар қырылса да, АҚШ әскери  шараларды  қолдануы  қажет пе?» деген сауалға респонденттердің көпшілігі «иә» деп жауап берген. Көпшілігі - АҚШ-тың қарсы лагеріндегілер қырылса қырылсын, бізде бейбітшілік болса болды деген ниетте болған.

Америкада журналистикадағы адалдықты бақылайтын, журналистердің  құқын   қорғайтын   бірнеше  ұйымдар  жұмыс   істейді. Мәселен,  АҚШ-тың «Репортаждың нақтылығы және адалдығы" деген    ұйымы    БАҚ-тағы    жалғандықпен    күреседі.    Сондай-ақ Америкада журналистердің құқығын қорғайтын «Баспасөз еркіндігі  жөніндегі   репортерлар   комитеті»   атты   ұйым   жұмыс   істейді. Журналистерді қуғындау Америка жерінде де болып жататынын  әсте жоққа шығаруға болмас. Мысалы, 2000 жылы Республикалық және Демократиялық партиялардың сайлау алдындағы съездеріне қарсылық ретінде демонстрацияға шыққандарға полиция шексіз қысым жасаған. Тіпті рұхсаттары бола тұра, кейбір журналистерді тұтқындап,  абақтыға жапқан.  «Ю.эс.  ньюс энд Уорлд  рипорт» журналының фотографы Стефан Заклинді суретке түсіріп жатқан жерінен   ұстап,   қамаған.   Бес   сағат   абақтыға   отырып   шыққан фотографты, одан кейін де полиция 3 күн бойы телефон шалып, мазасын алған. Мұндай мысалдардың бірнешеуін келтіруге болады «Чикаго   трибюн»   газетінің   тілшісі   Флинн   Макробертс   пен «Ассошиэйтед Пресс» агенттігінің тілшісі Брайан Бланд осындай жағдайды бастан кешірген.

«Американдық азаматтардың еркіндігі одағы» 7 журналистке жасалған қиянат үшін сотқа шағымданған.

Америка басылымдарының негізгі тақырыбы - саясат, экономика.  Айтулы  саяси  оқиғаға  байланысты   материал  алғашында беделді басылымдардың бірінде немесе ақпарат агенттігінде беріледі. Содан кейін кішігірім қалалық басылымдар "бұл тақырыпты" дөңгелетіп ала жөнеледі.

Экономика тақырыбын көбінесе колумнистер жазады. Олар жазған материалдардың мазмұны қызғылықты болады. Сондай-ақ, мамандар дайындаған материалдардан ақшаны қайда орналастыруға болатынын білесіз, ақша табуға қажетті ақыл-кеңес ала аласыз.

Іскерлер қауымына арналған баспасөздің таралымы шағын.

Журналдар бизнес жаңалықтарын кеңінен жариялайды, журналдарда майталман сарапшылар жұмыс істейді. Сарапшылардың мақалалары көлемді болып, тіпті кейбіреуі 4-5 санында  жалғасымен шығып тұрады.

Экономика тақырыбын мәнді де мағыналы етіп беретін  экономикалық журналдар екені сөзсіз. Мысалы, «Бизнес уик» журналы - ірі бизнесмендерге, компания басшыларына арналған. Мұнда бизнес жаңалықтарына айрықша  мән беріледі, бизнесмендердің портреттері жасалынады, компаниялар жөнінде жан-жақты мәлімет ұсынылады.

Ірі бизнесмендерге арналған журналдар: «Бернс», «Форчун» «Форбс». Олар оперативті жаңалық беруге талпынбайды, талдамалық материалдар беруге тырысады. Бұл журналдардың өздерінің  сүйікті тақырыптары бар. «Форчун» журналы - 500 ірі компанияның материалын жариялайды. «Форбс» журналы - 500 бай адамның тізімін  береді. Жергілікті бизнесмендерге арналған қалалық журналдар да шығып тұрады.

Финанс жаңалықтары «Си-эн-эн» телеканалында жиі беріледі.

 Соңғы жылдары америка журналистикасында ақпарат пен жеңіл-желпі материалдың қосындысынан туындаған «инфортеймент» деген термин пайда болды. Газетшілердің мұндағы мақсаты - оқырманды ауқымды материалдармен шаршатпау әрі телеведениемен бәсекелестікте озып шығу. Бұл бағыттың жарқын мысалы- «Ю-эс-эй-тудей»  газеті.

 Газеттер ақпаратты да, сенсацияны да, дау-дамайды да қосып,  қойыртпақтатып береді. Бұлай беру - оқырман тартудың негізгі жолы. Оның үстіне көлемі қомақты газетті толтыру да оңайға түспейтін  болса керек.