Канада газеттері


Канада баспасөзінің даму бағытындағы  ерекшеліктер: бәсекелес газеттердің жоқтығы (6 қаланы  алмағанда); баспасөздің монополиялануы; күнделікті шағын  тиражбен шығатын газеттер беделінің өсуі және ықпалының күшейе бастауы.

Қазіргі кезде Канаданың 97 қаласында 5,5 млн. данамен 118 күнделікті газет шығады. Күнделікті газеттерден басқа Канадада 1000-нан астам аптасына екі немесе үш рет шығатын газеттер бар. Бұл газеттер көп жағдайда шағын қалалар мен елді мекендерде жарық  көреді.  Баспасөз  елде  үлкен  сұранысқа  ие, әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі бойынша күнделікті газеттерді канадалықтардың 90   пайызы   оқитыны   байқалған.   80-жылдары   Канада  газеттерінің таралымы 1900 жылдармен салыстырғанда тоғыз есеге өсті. Мұның басты себебі - халықтың өсімі. Қазір газет таралымы халық өсімімен салыстырғанда екі есеге көбейіп отыр. Ағылшын тіліндегі   газеттердің   француз   тілінде   шығатын   басылымдарға  қарағанда қатары мол.

Газет баспагерлерінің кірісі тек таралымнан емес, көбінесе  жарнамадан түседі. Сондықтан газеттер оқырмандардың іскерлігін, мәдени талаптарын, жас шамасы мен таным талғамын ескереді.  Канадада оқырман аудиториясы тыңғылықты зерттеледі. Канаданың әрбір газетінде жарнама агенттіктерінің көмегімен шығарылатын нақты ақпаратты статистикалық бюллетендері бар.

80-жылдардың басында Канада баспасөз бизнесінде газеттер  ең пайдалы болып есептелінді. 1970 жылдары Канада экономикасы  құнсызданудан    зиян    шегіп    жатқанда    кірістің   үлкен    бөлімі баспасөзден түсіп тұрды.

80-жылдардың соңында Канададағы газеттер саны ғасыр басындағы күнделікті газеттердің санынан көп өсе қоймағанымен,  бірақ таралымы көбейді. Егер 1901 жылы 114 күнделікті газет 600 мың данамен шығып тұрған болса, 1980 жылы 117 күнделікті  газеттің таралымы 5 174 955 данаға жетті. 1970-80 жылдар  аралығында күнделікті газеттердің апталық таралымы 16,5% -ке  көбейді.

Ғасыр басында 66 күнделікті газет Канаданың 18 қаласында шығып тұрған. Астана жұртшылығының үлесіне екі немесе одан да  көбірек газеттер тиді. Басқа 17 қаланың үлесіне екі газеттен келді. 1981 жылы Канаданың 16 қаласында бір немесе одан да көбірек  газет шықса, 83 қалада тек бір ғана күнделікті газет жарық көрген.  3 қалада бір күнделікті газет ағылшын тілінде, тағы бірі француз тілінде шығады. Канадада   Сенат-Джонсе,   Эдмонтон,   Калгари, Торонто, Монреаль, Квебек  қалаларында  ғана  екі-үштен газет шығып тұрды.  

Канаданың үлкен қалаларының бірі болып саналатын Торонто қаласында үш күнделікті газет шығады.

Қазіргі уақытта Канададағы 12 баспа тобы 118 күнделікті газеттің 89-ын шығарып отыр. Ал 1970 жылы ең үлкен үш компания (Саузем, Томсон, Фри пресс пабликейшнс) елдегі күнделікті газеттердің жалпы тиражының 45%-ін шығарса, 1980 жылы Томсон және Саузем топтары күнделікті газеттердің жалпы тиражының 48%-ін иеленген.

Жалпы бұл елде жергілікті басылымдар өтімді. Далалық аймақтар мен теңіз жағалауларындағы елді мекендерде шығатын басылымдардың өзіндік ерекшеліктері бар. Мамандар тираж саны  тұрғысынан қарастырғанда Канадада жалпыұлттық газет жоқ деп есептейді. Бірақ «Глоб энд мейл» газеті осы мақсатқа жету үшін батыл қадамдар жасауда. 1980 жылдың күзінде аталмыш газеттің өзге  екі қалада өкілдіктері ашылды.

Екі жылдан кейін Монктонда, Оттавада, Виннипегте, Калгариде, Ванкувер қалаларында «ұлттық басылым» деген атаумен «Глоб энд мейл» газеті жарық көре бастады.

«Глоб энд мейл» қазіргі кезде Канадада бір уақытта, яғни басылған күні тарайтын жалғыз газет. Соған байланысты, бизнес саласындағылардың, билік басындағылардың бұл басылымға сұранысы  күшті. Канаданың бірнеше қалаларында газеттің ақпараттық  бюросы жұмыс істейді. Бұл ел көлеміндегі жаңалықтарды түгел қамтуға, сөйтіп ұлттық газеттің инфрақұрылымын нығайтуға мүмкіндік туғызады. Соған қарамастан, жергілікті жаңалықтарға жаны құмар оқырмандар үшін, «ұлттық басылымдар» екінші қатардағы газет болып есептелінеді.

Канададағы ең үлкен газет тобы «САУЗЕМ ИНКОРПОРЕЙТЕД» 1877 жылы құрылған. Баспагер Уильям Саузем  «Лондон фри пресс» газетінде жұмыс істей жүріп, Гамильтонда шығатын «Спектейтор» газеті акциясының жартысын сатып  алады. Жиырма жылдан кейін, 1897 жылы Оттаваның «Ситизен» газеті У. Сауземнің бақылауына өтіп, болашақ газет тобының ұйытқысы бола бастайды. Жыл өткен сайын Сауземнің иелігіндегі газеттердің қатары көбейе түскен. Сауземнің компаниясы құрылған алғашқы кездерде-ақ, маңызды баспа құрылымына айналды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де Саузем компаниясына қарасты  газеттердің саны арта түсті. 1960 жылдан бастан ол өз қызмет аясын бұқаралық коммуникацияның басқа салаларында да, радио мен теледидарда да кеңейте түсті. Бұл бір жағынан кірісті молайтуға жол ашса, екіншіден коммуникациялық технологияның жаңа жетістіктерінен қалып қоймауға мүмкіндік туғызады.

Қазіргі уақытта «Саузем ньюспейперс инкорпорейтедтің» өзіне  басы бүтін қарайтын 14 күнделікті газеті, әр мезгілде бағынатын екі күнделікті газеті және «Файненшл таймс оф Канада» атты апталық газеті бар. Бұл топқа 100 баспа топтасқан,

компания жыл сайын каталог, журнал, буклеттер басып шығарып, қомақты пайда табады. «Саузем инкорпорейтед» 1960 жылдан бастап іскер адамдарға арналған басылымдарды шығарады. Қазір компанияның іскер адамдарға, мамаңдарға арналған 75 журналы бар. Бұл журналдар құрылыс мәселелері толғандыратын, орман шаруашылығына қызығатын оқырмандарға, сондай-ақ қағаз өңдеу өндірісіне, мұнай индустриясына, медицина саласына арналып шығарылады. «Саузем инкорпорейтед» әруақытта жарнама көрмелері мен сауда «шоуларын» ұйымдастырып тұрады. 1978 жылы Саузем Коулздің кітап дүкендерін сатып алып, кітап саудасын кең көлемде жолға қойды. Электронды ақпарат құралдары аумағында да Саузем көшбасшы болуға ұмтылуда.

Саузем компаниясының ең басты байлығы газеттер болып қалуда.