«Томсон Ньюспейперс Лимитед»



Томсон тізбегі әлемдегі ең ірі трансұлттық корпорациялардың бірі. Р.Томсон 1934 жылы Онтарио провинциясындағы «Тимминс дейли пресс» газетін 6 мың долларға сатып алған. Бірте - бірте Р. Томсон газеттерін  дөңгелетіп, он жыл ішінде оңтүстік Онтариодағы, Галте, Сарнина, Иелланде, Вудстоке сияқты қалалардың күңделікті газеттерін иеленеді. Тағы бір он жыл өткеннен кейін он газетті қосып алады. 1982 жылы «Томсон ньюспейперс лимитедтің» қарамағына Канаданың 40 күнделікті, 12 апталық газеті, АҚШ-тың 71 күнделікті, 5 апталық газеті қарайды.

Торонталық шаштараздың ұлы Р.Томсон (1894-1976 жылдары) газет шығарудан бұрын, алғашында радио және телебизнеспен айналысқан. Онтария провинциясында радиостанция ашқан. Ал 1952 жылдан бастап АҚШ-тың ақпарат рыногына еніп, Флорида штатындагы «Индепендент» газетін шығаруды қолға алған.

1983 жылға дейін Томсон Америка газет рыногындағы бірден- бір баспагер еді.

Рой Томсон қайтыс болғаннан кейін ұлы Кеннет барлық компанияларды біріктіріп, «Интернэшнл Томсон организейшн» атты трансұлттық корпорация құрады.

Кеннет өз ісін Солтүстік Америка кұрлығында өркендетуге бел шешіп кіріседі. Канададағы беделді газет тізбегі «Фри прес пабликейшнс лимитедті» сатып алады.

«Интернэшнл Томсон организейшн лимитед» - Канададағы, АҚШ-тағы, Ұлыбританиядағы екі жүз газетке иелік етеді.

Бұл компанияның негізгі кіріс көзі - газеттер. Томсон отбасының  газет ісіндегі өзіндік ерекшелігі - кішкентай қалалардағы газеттерді сатып алып, ондағы ақпараттарды азайтып, жергілікті  жарнаманы көбейтіп, өмір сүру ырғағын бір қалыпқа түсіреді. Полиграфиялық процестердің бәрі жаңа технологиямен қамтамасыз етіледі.

Өз ісіне ұқыптылық, кіріс-шығысты тиынына дейін есептеушілік және пайдалы келісімдер бұл корпорацияның өркендеуіне, жетістікке жетуіне мұрындық болып отыр.