Журналдар


Канадада мыңнан астам журнал шығады. 800-ге жуығы ағылшын тілінде, 150-і француз тілінде, 40-қа жуығы мемлекеттік екі тілде, 350-і жалпы ұлтқа таралатын танымал журналдар. Жергілікті және провинциялық деңгейде шығатын журналдар да бар.

Канада журналдары газеттерге қарағанда бүкіл елге тарайтындығымен ерекшеленеді. Журналдардың қамтитын тақырып аясы да кең - жаңалықтар, саясат, спорт, өнер, география, тарих т.б. Елдің газет индустриясындағы бәсекелестікке қарағанда журнал бизнесіне шет елдік, анығырақ айтсақ американдық «Ти-ви-гайд», «Ридерс дайжест», «Ньюсуик», «Тайм» журналдарымен қарсыластыққа төтеп беруге тура келеді.

Зерттеу бойынша журналдарды канадалықтардың 78 пайызы оқиды. 18-24 жас аралығындағы жастар және 25-30 жас аралығындағы орта жастағылар журнал оқырмандарының белсенді бөлігін кұрайды. Журналдардың шығатын мерзімділігі әртүрлі: бірі апта сайын, бірі ай сайын шығады, сондықтан да жыл қорытындысында жеке журналдар таралымында бір-бірінен айтарлыктай айырмашылықтар болады.

«Маклин хантер» журнал шығарумен қатар, оны таратуда жеке жүйені иеленетін жалғыз компания болып саналады.

Канаданың монополиялары шығаратын журналдарының болашағы белгілі болғанымен, тәуелсіз баспагерлер шығаратын журналдардың тағдыры қыл үстінде.