"РЕЙТЕР" агенттігі


1851 жылы Германияда туып өскен Поль Джулиус Рейтер Аехан қаласынан Лондонға келеді. Ондағы мақсаты, биржа бағалары туралы ақпарат тарататын кішігірім ақпарат агенттігін құру еді. Сөйтіп, Лондондағы қаржы орталы-ғынан, корольдық биржа ғимаратынан кеңсе ашып, алғашқыда биржа бағалары жөнінде ақпарат таратумен айналысады.

Поль Джулиус Рейтер өмірдің өзгеріп, ақпарат құндылығының артатына сенді. Оның пошталық көгершіңдері екі сағаттың ішінде, тіпті поездан алты сағат бұрын Германия мен Брюссель арасында биржадағы акциялардың бағалары жөнінде ақпаратты жедел түрде жеткізіп тұрды. Өз заманында ақпараттың жылдамдығына, тиянақтылығына, дәлдігіне, шынайылығына айрықша мән берген Поль Джулиус бүгінгі таңда ақпарат әлемінде аты аңызға айналған адамдардың бірі.

1859 жылы «Рейтер » агенттігі «Гавас» агенттігімен, немістің «Вольф» ақпарат агенттіктерімен өзара келісім шартқа қол қойды. Соның нәтижесінде ХХ ғасырдың 30- жылдарына дейін бұл агенттіктер әлемдік ақпарат кеңістігін бөлісіп алды. XIX ғасырдың соңында «Рейтер» агенттігі британ империясының институты саналды. 1878 жылы агенттіктің басқарушысы болып Джулиустың баласы барон Герберт де Рейтер сайланды. Тумысынан зерек Герберт де Рейтердің икемділігінің арқасында агенттіктің жұмысы дұрыс жолға қойылды. Ол басқарған тұста, яғни 1914 жылы редакцияның европалық, американдық, азиялық бөлімдері құрылды. Агенттіктің Лондондағы штаб-пәтерінде жүз елу адам қызмет істеді.

Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарыңда агенттік қатаң қыспаққа алынды. Сол кезде Германияның кабельдік желісі үзіліп, «Рейтер» ақпарат агенттігі каналынан айырылды. Дәл осы мезетте жұбайынан айрылып әрі ұлын соғысқа аттандырып құсалыққа ұшыраған Рейтер 1915 жылы өз-өзіне қол жұмсайды. Оның орнына агенттікті басқаруға Родерик Джонс (1877-1962 жылдары) келді.

20-жылдары «Рейтер» ақпарат агенттігі радиоқызметті пайдалана бастайды.

Агенттік қаржылық жағынан ағылшын баспасөзінен қолдау тапқанымен, бәсекелестері - Американдық «Ассошиэйтед Пресс» пен «Юнайтед Пресс Интернэйшнл» ақпарат агенттіктерінен қысастық көреді. 30-ы жылдары британияның қаржылық ахуалының күрт төмендеуі «Рейтер» агенттігінің қызметіне де кері әсерін тигізді. Соның салдарынан 1941 жылы Джонс басшылықтан кетеді. Халық арасында үлкен беделге ие болған "Рейтер" агенттігі ақпаратының шынайылығына саяси қайраткерлер де шүбә келтірмеген. Баспасөз зерттеушілері В.С.Виноградова мен С.М.Соколовтың «Гитлер Гиммлердің Кеңес Одағы өкілдерімен жүргізген келіссөздері жөніндегі ақпаратты «Рейтер» ақпарат агенттігінен естіген сәтте өзіне-өзі қол жұмсаған. Себебі, Гитлер «Рейтер» агенттігі берген ақпараттың шынайылығына шүбә келтірмейтін» - деген пікірлері "Рейтер" қызметіне берілген нақты баға деуге болады.

Соғыстан кейін «Рейтер» ақпарат агенттігі көптеген өзгерістерге ұшырады. Лондонның баспасөз монополияларымен одақтасып, агенттік қаржылық жағдайын түзеді. 1945 жылы «Рейтер» агенттігіндегі қызметкерлер саны екі мыңға жетті. 1950 жылы әлемнің жиырма үш елінде агенттіктің ірі бөлімшелері қызмет істеді. Ал он тоғыз елде кішігірім бөлімшелері болды. Осы кезде «Рейтер» Азияда, әсіресе, оңтүстік - шығыс өңірлерінде, Африка елдерінде, Таяу шығыста өз ұстанымын нығайтты. “Рейтер” қызметін пайдаланатын басылымдардың саны күннен-күнге көбейді. 80 жылдары "Рейтер" агенттігі «халықаралық ақпарат агенттігі» мәртебесіне ие болды.

"Рейтер" әлемдегі ең ірі компьютерлік жүйе құрды. Оның деректер базасы Лондонда, Нью - Йоркте, Франкфургте және Женевада орналасқан.

80-жылдары "Рейтер" ақпарат агенттігі акцияларының біраз үлесі трансұлтты баспасөз магнаты Руперт Мэрдоктың қолына тиді.

"Рейтер" ақпарат агенттігі бүгінгі таңда әлемдік ақпарат тарату жүйесінде көшбасшы агенттіктердің қатарында. Аталған агенттіктің құрамына ағылшындық ірі телевизиялық жаңалықтар қызметі "Висньюс" кіреді. 90 жылдары агенттік белсенді түрде электронды бұқаралық ақпарат кұралдарына араласа бастады.

"Рейтердің" қызметкерлері әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан өкілдіктерінен ай сайын бір миллионға жуық ақпарат таратуға машықтанған. Агенттік мың төрт жүз веб-сайтқа қызмет еге отырып, Интернеттегі жаналықтардың тоқсан пайызын құрайтын негізгі ақпарат көзі болып саналады. Аталған ақпарат агенттігінде экономикалық ақпаратты пайдаланушылар үшіп ақпаратты өңдеп тарататын «Монитор» деп аталатып электронды ақпараттық жүйе құрылған.

"Рейтер" ақпарат агенттігі ақпаратты бірінші болып жеткізуге тырысады. Мәселен, 1865 жылы президент Линкольннің өлімі туралы, бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы туралы, Хрущевтың Сталинге қарсы бағытталған үндеуі туралы хабарды "Рейтер" ақпарат агенттігі бірінші жариялады. Сондай-ақ "Рейтер" агенттігі Берлин қамалының құрылуы мен оның құлауы жөніндегі ақпаратты алғашқы болып хабарлаған болатын.

Жүз елу жылдық тарихы бар "Рейтер" агенттігінің журналистері әрдайым тарихи оқиғалардың бел ортасында жүреді. Херосима - Нагасаки, Вьетнам, Югославияда орын алып жатқан оқиғалар "Рейтер" журналистерінің назарынан тыс қалған емес. Аталған агенттік репортаждарының кейіпкерлері қатарында Мао Цзэдун, Шарль де Голь, Мохаммед Али, Маргарет Тэтчер, Леонид Брежневтер бар.

Бұл компанияда талантты жазушылар мен журналистер: Фредерик Форсайт, Дон Кэмпбелл, Питер Джексон, Энтони Грей, Адам Келлет-Конолар қызмет істеген.

Әлемнің 160 елінде 2500 журналистің басын біріктірген, сондай -ақ өз қызметін қарапайым пошта көгершіндерінен бастаған әлемге әйгілі ақпарат агенттігі жиырма үш тілде екі жарым миллион сөз таратып отырады.

"Сурет болмаса, оқиға да болмайды" деген қағиданы "Рейтер" агенттігінің фототілшілері әрдайым естен шығармайды.

Бұл агенттік негізінен экономикалық ақпаратты таратуға бейімделген. 1991 жылдан бері компания директоры қызметін Питер Джоуб атқарап келеді. Рейтердің штаб-пәтері Лондонда орналасқан. Компанияның тәуелсіздігін сақтау үшін «Рейтер» қағидалары бойынша кез-келген акционердің он бес пайыз акциядан артық ие болуына тыйым салады.