№15 зертханалық сабақ


Көмірсулар. Моно-, ди-, полисахаридтердің химиялық қасиеттері

Жұмыстың мақсаты: көмірсулардың химиялық қасиеттерін зерттеу.

Реактивтер мен жабдықтар: глюкоза, күміс оксидінің аммиактағы ерітіндісі, Фелинг сұйықтығы, мальтоза, сахароза, күкірт қышқылы, сілті ерітіндісі, лактоза, крахмал, йод ерітіндісі, пробиркалар, спирт шамы, су моншасы, термометр.

1-тәжірибе. Күміс айна реакциясы (Толленс реакциясы)

Жұмыс барысы: Таза пробиркаға 1мл күміс оксидінің аммиактағы ерітіндісін және 1мл глюкозаның ерітіндісін құйып, су моншасында

60-700С-да бірнеше минут қыздырады. Реакция нәтижесінде күміс тотықсызданып жеке күйінде пробирка қабырғасына қонады.

СН2ОН(СНОН)4СНО +Аg2О СН2ОН(СНОН)4СООН + 2Аg

2-тәжірибе. Фелинг сұйықтығымен реакция

Фелинг сұйықтығын мыс(ІІ) сульфаты ерітіндісі мен сегнет тұзының сілтілік ерітіндісін бірдей көлемде әрекеттестіріп алады. Фелинг сұйықтығының түсі қара-көк, келесі реакциялар жүреді:

а) СuSO4 + 2NаOH → Cu(ОН)2 + Nа24 Фелинг сұйықтығы – шарап қышқылының калий-натрий тұзы (сегнет тұзы) мен мыс гидроксидінің қоспасы, ол альдегидпен әрекеттескенде, альдегид карбон қышқылына айналады, ал Cu(ОН)2 мыс(І) оксидіне дейін тотықсызданады.

Жұмыстың барысы: Алынған Фелинг сұйығына 1мл глюкоза ерітіндісін құйып, қоспаны су моншасында қыздырады. Глюкозаның глюкон қышқылына дейін тотығуынан, Фелинг сұйықтығы мыс(І) оксидіне дейін тотықсызданады. Реакция нәтижесінде қызыл түсті мыс(І) оксидінің тұнбасы түседі. Реакция теңдеуін жазу керек.

3-тәжірибе. Тотықсызданатын және тотықсызданбайтын дисахаридтер

Жұмыс барысы: Үш пробиркаға 1мл 1%-дық сахароза, мальтоза, лактоза ерітінділерін құйып, әрқайсысына 1мл Фелинг сұйықтығынан тамызып, үшеуін де қайнағанға дейін қыздырады. Сахароза бар пробиркада мыс тотықсызданбайды, ал қалған екеуінде де қызыл түсті мыс(І) оксиді тұнбаға түседі.

1) Сахароза, мальтоза, лактозаның структуралық формуласын жазып, дисахаридтердің Сu(ОН)2 әрекеттесу ерекшелігін түсіндіріңіздер.

2) Мальтоза мен лактозаның тотығу реакцияларының теңдеулерін жазыңыздар.

4-тәжірибе. Крахмалдың йодпен әрекеттесуі

Жұмыс барысы: Крахмал клейстерінен 2-3мл пробиркаға құйып, оның үстіне бірнеше тамшы йод ерітіндісін тамызса, крахмал көгереді. Қоспаны аздап қыздырса көк түс жойылады да, салқындатқанда қайтадан көк түс пайда болады. Оның себебі йод крахмалмен тұрақты қосылыс түзбейді, тек крахмал йодты адсорбциялайды және йодпен тұрақсыз комплексті қосылыс түзеді.

5-тәжірибе. Крахмалдың қышқыл әсерінен гидролизденуі

Пробиркаға 2 мл күкірт қышқылын құйып спирт шамында қыздырады. 4-5 минуттан кейін қоспадан 1-2мл бөліп алып, суытады да оған йод ерітіндісін тамызады. Бұл әдісті әрбір минут сайын қайталаса, сынауға алынған қоспаның түсі көк түстен күлгін түске дейін біртіндеп өзгереді, ең соңында йод әсері байқалмайды. Йодтың түсінің өзгермейтін себебі, крахмал біртіндеп гидролизденіп, реакция соңында глюкозаға айналады.

Зертханалық жұмысты қорғауға арналған сұрақтар

1. Моносахаридтердің химиялық қасиеттерін айтыңыздар.

2. Сахарозаның гидролиздену реакциясының теңдеуін жазыңыздар.

3. Глюкоза спиртті ашығанда 0,23кг этанол түзілген болса, қанша көмірқышқыл газы түзілді? Жауабы: 112л.

4. 1 тонна 90%-дық шығыммен тринитроцеллюлоза алу үшін 98%-ды (тығыздығы 1,5г/мл) азот қышқылынан қанша көлем алу керек?

Жауабы: 0,48м3.

5. Сахароза гидролизі әсерінен түзілген өнім күміс оксидінің аммиактағы ерітіндісімен әрекеттескенде 21,1г күміс бөлінген. Сонда қанша сахароза гидролизге ұшыраған? Жауабы: 34,2г.