Көмірсулар тақырыбына есептер мен жаттығулар


1. Изомерия және номенклатура

1.1. Тізбектегі көміртегі атомдар санына байланысты моносахаридтер тетрозалар (4С), гексозалар (6С) және т.б. болып бөлінеді. Құрамында альдегид не кетон топтары болса, альдозалар және кетозалар болып бөлінеді. Альдотетрозалардың, кетотетрозалардың, альдопентозалар мен кетогексозалардың структуралық формулаларын жазу керек.

1.2. Глюкозаның альдегидті және циклді формулаларын жазу керек. Олардың айырмашылығын көрсету керек.

1.3. Глюкозаның альдоспиртке жататынын қалай анықтаған?

1.4. Глюкозаның циклді молекуласы түзілгенде, оның α- және β- формалары пайда болады. Екі формаға да мысал келтіру қажет.

1.5. Глюкозаның изомерлерін жазып, олардың глюкозадан айырмашылығын көрсету керек.

1.6. Құрамы С5Н10О5 (моносахарид) альдозаның карбонильді және циклді формасын көрсету керек.

1.7. Крахмалдың молекуласының формуласын, оның бір құрылымдық буынының структуралық формуласын жазу қажет.

1.8. Целлюлозаның молекуласы қалай құрылған? Бір құрылымдық буынының структуралық формуласын жазу керек.

1.9. Егер мақта талшығының молекулалық массасы 1 620 000 болса, қанша құрылымдық буын С6Н10О5 болады?

1.10. Целлюлоза мен крахмалдың құрылымдық буындарының формулаларын жазып, айырмашылығын көрсету керек.

1.11. Полисахаридтердің жалпы формуласы (С6Н10О5)n. Егер лен талшығы клетчаткасының молекулалық массасы 5 850 000 болса, ал мақта талшығы клетчаткасының молекулалық массасы 1 750 000 болса, «n» мәндері қанша болады?

2. Химиялық қасиеттері

2. 1. Глюкозаның сірке қышқылының 5 молекуласымен реакция теңдеуін жазу керек және алынған өнімді гидролизге ұшырату керек. Реакция теңдеуін жазу керек.

2. 2. Глюкозаның мыс(II) гидроксидімен әрекеттесуінің теңдеуін жазу керек.

2. 3. Глицеринді тотықтырып триоз алу керек.

2. 4. Глюкозаның күміс(I) оксидінің аммиактағы ерітіндісімен әрекеттесуінің теңдеуін жазу керек. Бұл реакция қалай аталады? Бұл реакция қандай функционалды топқа тән? 11,6г Аg2O бар бұл ерітінді қанша глюкозаны тотықтырады?

2. 5. Глюкозаның тотықсыздану реакциясының теңдеуін жазу керек. Алынған заттың аты.

2. 6. Глюкозаның биологиялық мәні.

2.7. Глюкозаның ашу реакцияларының (3) теңдеулерін жазу керек. 360г глюкоза ашығанда қанша көмір қышқыл газы бөлінеді? 1кг глюкозасы бар 10кг ерітінді ашығанда қанша СО2 бөлінеді және алынған спирттің пайызды концентрациясын есептеу керек.

2.8. 18г глюкозаны ашытқанда түзілген көмір қышқыл газын 7,4г Са(ОН)2 бар мөлдір ерітіндіден өткізгенде, ол ерітінді мөлдір болып қала ма әлде онда тұнба пайда бола ма?

2.9. Крахмалдың толық гидролизі нәтижесінде түзілген өнім күміс(I) оксидінің аммиактағы ерітіндісінен күмісті тотықсыздандырады, ал сірке қышқылымен күрделі эфир түзеді. Сонда крахмал толық гидролизге ұшырағанда қандай зат түзілген? Барлық реакциялардың теңдеулерін жазу керек.

2.10. Глюкоза тағам өндірісінің қандай тармақтарында қолданылады?

2.11. 1кг сахарозадан гидролиз арқылы қанша фруктоза алынады?

2.12. 12% сахарозасы бар 5т қызылшаны диффузорға салып 1000л ыстық су жіберілген. Егер қызылшадан сахарозаның экстракциясы 90%-ке жүретін болса, диффузордан шыққан ерітіндідегі сахарозаның проценттік концентрациясы қанша?

2.13. Мына өзгерістердің жүру реакцияларының теңдеулерін жазу керек:

С12Н22О11 → С6Н12О6 → С2Н5ОН → С2Н4 → С2Н5СI

2.14. Этил спиртін мына кесте бойынша алады: картоп→ крахмал → глюкоза → этил спирті. 15% крахмалы бар картоптан қанша сусыз спирт алынады?

2.15. 1 тонна ағаштан алынған целлюлозаны толық этерификациялау үшін қанша көлем 80%-ды сірке қышқылы (ρ = 1600кг/м3) қажет? Ағаштағы целлюлоза 50% массасы бойынша. Есепті целлюлозанің бір элементар буынына есептеу керек.

2.16. Глюкозаның сүт қышқылын түзіп ашу процесінде 45кг глюкоза алынған, түзілген сүт қышқылының массасы 40кг болса, өнімнің шығымын есептеу керек.

2.17. 1т тринитроцеллюлоза алу үшін (шығымы 90%) қанша көлем 98%-ды

(ρ =1500кг/м3) азот қышқылы қажет?

2.18. Ағаш қалдықтарынан (жоңқа, үгінді) бутадиен каучугін алу жағдайларын көрсетіңіздер. 1т ағаштан, егер целлюлоза 50% болса, қанша каучук алуға болады? Барлық реакциялар теңдеулерін жазу керек.

2.19. 143,75л 96% этанол (ρ = 800кг/м3) алу үшін қанша масса жүгері дәні қажет екенін есептеу керек, егер оның шығымы 80% болса және жүгері дәніндегі крахмалдың массалық үлесі 0,7 болса.

3. Алу жолдары

3.1. Крахмалдың фотосинтез реакциясының теңдеулерін жазу керек.

3.2. Картоптан крахмал алу сатыларының теңдеулерін жазу керек.

3.3. Глюкозаны өндірісте алу әдістерін көрсету керек.

3.4. Целюлозаны алудың негізгі көздері.

3.5. 95% целлюлозасы бар 0,4кг мақтадан 0,19кг глюкоза алынған. Глюкозаның шығымын есептеу керек. Есептерді целлюлозаның бір элементар буынына есептеу керек.

3.6. Егер картоптағы крахмал 20% болса, глюкозаның шығымы 80% болса, 25кг картоптан қанша глюкоза алынады?