БУФЕРЛІК СЫЙЫМДЫЛЫҚТЫ ПОТЕНЦИОМЕТРИЯЛЫҚ АНЫҚТАУ


Кез келген буферлік қоспа буферлік сыйымдылықпен сипатталады. Буферлік сыйымдылық деп – 1л буфердің рН-ын 1 бірлікке өзгертуге қажетті күшті қышқылдың немесе сілтінің эквивалент санын айтады. Тәжірибе жүзінде буферлік сыйымдылықты ерітіндінің рН-ының қосылған қышқыл немесе сілті көлеміне тәуелділігі арасында графикті тұрғызып, анықтайды.

Ордината осіне рН(∆рН), абсцисса осіне қосылатын қышқыл немесе сілті көлемі V(∆V)қойылады. Ордината осінде рН = 1 интервал белгілеп, соған сәйкес көлем өзгерісін табады. Күшті электролиттің эквиваленттінің моль саны: nЭ = (CЭ∆VЭ)/Vбуф (62)

Буферлік сыйымдылықты анықтау формуласы:

Hқыш. = nқыш./∆рН (63); hнег. = nнег./∆рН (64).

Буферлік сыйымдылық буфер қоспасындағы компоненттер концентрациясына тәуелді. Әлсіз электролит және оның тұзының концентрациясы жоғары болған сайын, буферлік сыйымдылық та жоғары болады.

Жұмысқа дайындық

Буферлік ерітінді – аммонийлі немесе ацетатты, 0,1М тұз қышқылы ерітіндісі, 0,1М сілті ерітіндісі. Буферлік сыйымдылықтың қышқыл немесе сілті бойынша анықталуына байланысты бюретканы қышқылмен немесе сілтімен толтырады. 50мл стаканға тамшуырмен 5мл буфер ерітіндісін алып, белгілі көлемге дейін сумен сұйылтады.

Аналитикалық сигналды өлшеу

Буфер ерітіндісі бар стаканға электродтарды батырады да рН-ты өлшейді. Сосын бюреткадан 1мл-ден қышқыл (сілті) қоса отырып, араластырып, рН-ты өлшейді. рН өзгерісі байқалғаннан кейін 4-5 өлшеу жүргізіп, титрлеуді аяқтайды.

Эксперимент нәтижесін өңдеу

Буферлік ерітінділердің қасиеттерін сипаттайтын (зерттелген қоспа үшін) химиялық реакция теңдеулерін жазу. Эксперимент нәтижесі бойынша (титрлеу кезінде нәтижелер кестеге енгізілуі қажет) рН көлемге тәуелділік графигін құру. Графиктен рН бірлігіне сәйкес ∆V табу. Анализ нәтижелерін есептеу формулалары:

h = nЭ /∆рН

h = (СЭ∆VЭ) /(Vбуф ∆рН) (65),

мұндағы h – буферлік сыйымдылық, моль/л; СЭ – қосылған қышқыл (сілті) концентрациясы,моль/л; ∆VЭ – рН-тың 1мл-ге өзгеруіне сәйкес күшті электролит көлемінің өзгерісі; Vбуф – буфер аликвоты, мл.