МЫСТЫ(ІІ) АММИАКАТ ТҮРІНДЕ АНЫҚТАУ


Әдіс мыс(ІІ) қышқыл сулы ерітіндіде көгілдір түсті аквакомплекс [Cu(H2O)6]2+ түзуіне немесе аммиак ерітіндісімен мыс(ІІ) көк түсті аммиакат түзуіне негізделген. рН 7 болса, мыс (ІІ) гидроксидінінің Cu(ОН)2 тұнбасы түзіледі. Аммиак ерітіндісімен мыс(ІІ) көк түсті аммиакат түзеді.

Cu2+ + 4NH4OH ↔ [Cu(NH3)4]2+ + 4H2O

Әдіс сезімталдығы 0,2мг/50мл, комплекстің максимум жарық жұтуы 550-570нм маңында. Мысты(ІІ) анықтауға Ni2+, Co2+ және аммиакта ерімейтін басқа да ауыр металдар иондары кедергі жасайды. Ерітінді қышқылдығы артық болса, NH3 пен Н+ қосылып NH4+ түзіледі де мыс(ІІ) аммиакаты бұзылады, ерітінді көгілдір түске көшеді, яғни [Cu(H2O)6]2+.

Реагенттер

1. Концентрлі NH4ОН ерітіндісі, 25%.

2. Мыс(ІІ) тұзының стандартты ерітіндісі, ТCu2+ = 2мг/мл, ол үшін 7,8540г мыс(ІІ) сульфатын CuSO4×5H2O дистильденген суда ерітіп, 10мл концентрлі H2SO4 (r = 1,84г/мл) қосып, литрге дейін сұйылтады.

ЖҰМЫСТЫ ОРЫНДАУ

1. Градуирлік график құру үшін бес 50 мл өлшегіш колбаларға стандартты мыс(ІІ) ерітіндісінен 1; 2,5; 4; 5,5; 7,0мл-ден құйып, алтыншы колбаға оқытушыдан зерттелетін ерітінді алып, барлық колбаға 5мл-ден концентрлі аммиак қосып, белгісіне дейін дистильденген су құяды.

2. Колбадағы ерітінділерді жақсылап шайқап, фотометрлейді. Жарық фильтрі мен кюветаны алдын ала таңдап алу керек. Салыстыратын ерітіндіге дистильденген су алуға болады.

3. Градуирлік график сызу үшін ординатаға оптикалық тығыздық (Д не А) мәндерін, абциссаға мыс(ІІ) мөлшерін (мг/мл) көрсетеді. Графиктен зерттелетін ерітіндідегі мыс концентрациясын табады.