АҚШ- тың ірі ақпарат агенттігінің бірі - «Юнайтед ІІресс Интернейшнл»


Америка Құрама Штаттарының алғашқы баспасөз магнаттарының бірі Э.У.Скрипстің басшылығымен 1907 жылы құрылған. Әлемдік ақпарат агенттігінің қатарындағы жекеменшік кәсіпорын. Алғашқыда «Юнайтед Пресс Ассошейшенс, инкорпорейтед» деп аталған болатын. 1958 жылдың 24-ші мамырында Р. Херстің иелігіндегі «Интернэшнл Нью Сервис» агенттігімен қосылып, «ЮПИ» деп атала бастады. Агенттіктің штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан. Ал, кейбір бөлімдері Нью-Йорк, Нашвил, Далласта жұмыс істейді.

"Юнайтед Пресс Интернэйшнл" алғашқылардың бірі болып ірі радиокорпорацияларға хабарларын тарата бастады. 30жылдары АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының болашақ директоры Ричард Хелмс агенттікте қызмет етті. Сондай-ақ, АҚШ президенті Рональд Рейган да алғашында осы ЮПИ-де қызмет істеген. 1982 жылға дейін акцияларының бақылау пакеті «Э.У. Скрипс компани» және Херст тресінің иелігінде болды, ал 1982 жылдың маусым айынан бастап «Медиа ньюс корпорейшн» жекеменшік корпорациясына    қарады.  1985 жылы  "Юнайтед  Пресс    Интернейшнл" агенттігін «Медиа ньюс»  корпорациясының иелері  сатып алады.

1986 жылдың маусым айынан бастап агенттік мексикандық газет магнаты Марио Васкес Раньейдің «Ньюс ЮПИ» корпорациясының бақылауына өтті. ЮПИ агенттігінің қызметін АҚШ-тың мың газеті мен 3600 радиосы, 550 телестанциясы пайдаланады. Әлемнің әр  түкпіріндегі   жүздеген   елдердің 800   газетіне, 300 радиостанцияларына қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, 114 елде ЮПИ-дің   тұтынушылары   бар.   ЮПИ-дің   штаттағы   қызметкерінің саны екі мыңдай адам. Күнделікті ағылшын, испан, португал тілдерінде жүз отыз миллион сөз ақпарат таратады. АҚШ-та  қырық алты,  шетелдерде сексен екі  бөлімшесі  бар.  «ЭФЭ» агенттігімен бірге испан тілінде де әлемдік радио қызметін құрды. Ақпарат беру ісі техниканың соңғы жетістіктерімен жабдықталған. Жалпы агенттік, 1961 жылдан бастап қарызға батып жүр. Тіпті, 1986 жылы сатып алған мексикандық газет магнаты Васкес Раньей де ЮПИ-ді тығырықтан шығара алмады. Бұл кезенде ЮПИ біраз күйзелісті басынан кешірді. Өзінің өмір сүруінің сексен бес жылдығына қарай агенттік жабылып қалудан аман қалды. Соңғы отыз жыл ішінде кірісі азайып, кредиторларға алпыс миллион доллар қарыз болды.

Сонымен, 1991 жылдың тамызынан бастап, ЮПИ-ге жаңа ие іздеу басталды. Алғашқы үміткерлердің бірі - теледидардан діни уағызды жүргізуші, Си-Би-Эн діни станциясының иесі Робертсон еді. Ол сатып алуға ақшасы жеткенімен, ЮПИ-ді қаз тұрғызуға қаржысының жетпейтіндігін түсінді. Сөйтіп жүргенде ЮПИ-дің жабылатын мезгілі де (22 маусым) жетті. АҚШ басылымдарының АП-мен бәсекелес ақпарат агенттігін сақтап қалу жөнінде ұсыныс айтып, ЮПИ-дің тек американдықтарға сатылуын талап еткеніне қарамастан, 22 маусымға жетпей, ЮПИ-дің «Миди Ист Бродкастинг сентр лимитед» атты араб телекомпаниясына сатылғандығы туралы сот шешімі шығарылды. Бұл компанияның басшысы Сауд Аравиясы королінің күйеу баласы Фахд Валид аль-Ибрахим еді. Ол журналистермен болған баспасөз конференциясында «бар қаржысын төгіп, агенттікті қалпына келтіретінін, ал ЮПИ-дің саясатқа жүгінбейтін, тәуелсіз агенттік ретінде нығаяғанын» жария етті. Сондай-ақ агенттік «Африка, Таяу Шығыс елдерінде қызметін кеңейтіп, қайтадан АП-мен бәсекеге түсуге жарап қалар» деп мәлімдеді.

Қазақстанның ақпарат кеңістігінде дүниежүзілік ірі агенттіктердің өкілдіктері жұмыс істейді. Француздың «Франс Прессін», американдық «Ассошиэйтед Прессті», британдық «Рейтерді», германиялық «Еуропалық Пресс-фото» агенттіктерін, түркиялық «Анадолы», «Жихан», қытайлық «Синьхуа», ирандық «Ирна», ресейлік «Риа-Новости» мен «ИТАР-ТАСС», әзірбайжандық «Азертадж» агенттіктері Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарын ақпаратпен қамтамасыз етіп отыр.