Химияның қоғамдағы рөлі


Адамзат баласы ежелгі уақыттан бастап табиғатты басқарудың, ұзақ өмір сүрудің, байлық пен молшылыққа жетудің негізгі жолдарын химия ғылымымен байланыстырды. Мыңдаған жыл бойы философия тасын іздеудің өзі − осыны дәлелдейді. Адамзат химиямен екі түрлі формада байланыс жасайды:

Біріншісі − химиялық процестер мен адамзаттың тіршілік етуі, адам баласы сусыз, оттегісіз, қоректік зат есебінде қолданылатын химиялық қоспаларсыз тіршілік етуі мүмкін емес.

Екіншіден адамзат химиямен материалдық өндірісте байланысқа түседі. Бұл табиғат пен қоғамның байланысын тудырады.

Химиялық айналымдарды ежелгі уақыттан бастап адамдар тұрмыста қолдана бастады. Мысалы: химиялық жолдармен кеннан металл қорыту, теріні илеу мен бояу, әйнек пен керамика алу біздің эрамызға дейінгі мыңжылдықтарда қолданыла бастады. Ежелгі уақыттан басталған химизациялау процесі XX ғасырда өз шыңына жетті. «Адамзат − табиғат» жүйесінде жасанды жолмен алынған, өңделген, өзгертілген заттар толыққанды, негізгі элементтерге айналды. Полимерлерді синтездеу заттардан қасиеттері жаңартылған материалдар алу мүмкіндігін ашты.Химияның көмегімен берік, ыстыққа төзімді, тот баспайтын, созылмалы, пластикалық, электр өткізгіш, изоляциялық материалдарды жасау   техниканың,    машина   индустриясы   дамуынның   негізгі жақтарының бірі болып саналады. Техника дамуының кез келген қадамы химизацияны соқпай өтпейді. Өндірісті химизациялаудың дамуы − еңбекті энергиямен қамтамасыз етудің жағдайын жасайды: біріншіден, химиялық процестердің өзі энергия көзі болып саналады (жану, электрохимиялық процестер); екіншіден, жасанды, химиялық жолмен алынған заттар энергетика саласында кеңінен қолданылады (ішкі жану двигателі, акумуляторлар, реактивті двигателдер мен атом реакторларының тетіктері, тағы басқа), сонымен қатар әр түрлі жасанды отын түрлері мен химиялық үстеме заттарды қосуға болады. Заттарды химиялық жолмен жаңадан алу − табиғатты адамзаттың қажеттілігіне қарай бағыттау, икемдеу ғана емес, сонымен қатар, өндірісте еңбек өнімділігін арттыруда да қажетті құрал болып табылады.

Химия − элементтер мен олардың қосылыстары туралы, заттар мен олардың айналымы туралы, заттың сапалық өзгерісі туралы ғылым деп қарастырылады. Химия − басқа ғылым салаларының арасында өзінің әлеуметтік мәні бар, үнемі дамып отыратын, белгілі бір тәртіппен құрылған білім жүйесі. Химияның басқа ғылым саласынан ерекшелігі − өзінің зерттеу пәнін өзі жасайды (Д.И.Менделеев). Басқа ешбір ғылым бір уақытта ғылымның да, өндірістін де рөлін атқара алмайды.

Барлық химиялық ғылым жүйесі − теориялар, заңдар, әдістемелер мен технологиялар − химияның негізгі мақсаты үшін қажетті қасиеттері бар заттарды алуға негізделген. Химия ғылымының барлық тарихы, дамуы осы негізгі мәселені шешуге арналған.