Организм құрылысындағы клетка теориясы


Тек микроскоп жасалуынан кейін денелердің элементті бірліктерден тұратынына ғалымдардың көзі жетті. XIX ғасырдың 30 жылдарында жануарлар мен өсімдіктердің құрылысы жөнінде көптеген микроскоптық материалдар жиналып, өсімдіктер жасушасының негізгі бөлшектері: ядросы мен цитоплазмасы белгілі бола тұрса да, жасушаның организмдегі маңызы жете айқындылмаған еді, ғалымдар жасушаның өрбуі жөнінен бейхабар болатын.

М. Шлейден 1838 жылы өсiмдiк организмi клеткалық агрегат деп пайымдап, жасуша ерекшеленбеген заттан түзiлетiндiгiн дәлелдеп, бұл үрдiсте ядро маңызды рөл атқаратындығына назар аударды. Ол жасушаның құрылуы тек ядролық затқа байланысты екендiгiн көрсеттi. Т. Шванн хайуанаттар организмiн зерттеуде М. Шлейден тұжырымын басшылыққа алып, хорда және шеміршек ұлпаларының құрылысын, дамуын жан-жақты зерттеп, өзiнiң және басқа да зерттеушiлердiң қорытындыларын сараптай отырып, жасушаның түзілу процесінде ядроның атқаратын қызметі өсімдіктер мен хайуанаттарда біркелкі екендігін анықтады.

1839 жылы ол “Өсімдіктер мен жануарлардың дамуы, олардың құрылысындағы ұқсастықтар туралы микроскоптық зерттеулер” атты еңбегінде жануарлар ұлпасы өсімдіктердегі сияқты жасушадан тұратындығын көрсетіп, жария етті. Сөйтіп атақты клетка теориясын жарыққа шығарды. Бұл ілім барлық организмдер өте ұсақ құрылым бірлігі – жасушалардан құрылатынын, олардың іріктелген тобы организмде белгілі қызмет атқаратынын дәлелдеді. Жаңа жасуша тек басқа жасуша екіге бөлінгенде ғана пайда болатыны баяндалды. Атаулы жаңалық табиғаттану ғылымдарында бұрын-соңды болмаған ұлы жетiстiктердiң бiрi едi.

Клетка теориясы дамуын 5 кезеңге: ХIХ ғасырға дейiнгi; ХIХ ғасырда теорияның пайда болуы; теорияның ХХ ғасырдың ортасына дейiнгi дамуы; ХХ ғасырдың ортасындағы теорияның дағдарысы; теорияның қазiргi күйi деп бөлуге болады.

Клетка теориясының өмірге келуі XVIII ғасырда басталған микроскоптық зерттеулердің өріс алуына, өзара байланысты пәндердің дұрыс бағытта дамуына жол ашты. Организмнің жасушалық құрылысы белгілі болысымен – ақ, жасуша жөніндегі түсінік кеңейді. Жасушаның сыртқы қабығын негізгі құрылысы деп есептеу тоқтатылып, жасуша протоплазмадан құралған, ішінде ядросы бар тірі дененің бөлігі екендігі, жасушаның бөлінетіндігі анықталды. Дегенмен де алғашқы кезде бұл процесті ядро мен протоплазманың жай екіге бөліне салуы деген теріс түсінушілік болғандығын есте сақтауымыз керек.

Клетка теориясының мына кемшіліктері бар: 1-ден, бұл ілім сыңаржақты дамытылып келді. Жасуша еш уақытта өзгермейді деп танылып, шығу тегі дамытылмады; 2-ден, жасуша құрылысының күрделі екендігі мойындала отырып, көп клеткалы организмдердің жасушалары өз бетімен тіршілік етеді деген, мүлде қате пікір пайда болды. Жалпы, тіршілікке және организмге тән қасиеттер жасушаға таңылып, ол бөлінбейтін тіршілік элементі болып есептелінді. Мұндай жасушалар жөніндегі түсінік организмнің бір тұтастығын дәлелдеуге қиындық келтірді. Ақырында, материядан тыс “тіршілік күшті” мойындауға әкеп соқты. Бұл ілімге қарсы шығушылар организмнің жасушалардан құралатындығын мойындамады. Оған, ол кезде себебі толық анықталмаған, организмде жасушааралық заттардың мол болуы, ет талшықтары жасушасыз құрылымнан тұратыны, сүтқоректілер эритроциттері жетілген кезде ядросыз болатыны басты шарт ретінде алынып, дәлелденді. Бұл ілімге сын көзбен қарайтындар, ілімнің мәнін дұрыс түсінбеді, әрі ХIХ ғасырда, ХХ ғасырдың бас кезінде организмнің жасушалық құрылысы өрескел механикалық көзқарасқа әкеп соқты. Ол идеализмге қосылмай тұра алмады.

Қазіргі кезде ғалымдардың еңбектері тұжырымдалып, жасушаның құрылысы, тіршілік әрекеттері, дамуы, маңызы толық айқындалды. Сондықтан:

1) барлық организмдердің құрылыс негізі жасуша екені, оның өзі әр түрлі болғанымен, оларға тән жалпы құрылымы бір және ол жасушаның бөлінуі арқасында пайда болады;

2) жасуша тіршіліктің негізгі түрі болғанымен, ол жалғыз емес, оның жасушаға дейінгі түрлері (бактериофагтар, вирустар) кездеседі, ал көп жасушалы организмдерде – жасуша аралық заттар, талшықтар мол болады;

3) жасуша – күрделі құрылымды, өзінің тарихи даму процесі бар. Ол кезінде органикалық заттардың қарапайым түрінен пайда болған;

4) Жасушаның жеке даму жолы бар. Онда ол өзгеріп, дамиды және өзіне тән жаңа қасиет тауып ала алады;

5) жасуша – көп жасушалы организмнің бөлігі, сондықтан оның дамуы, түрі, атқаратын қызметі организмге тығыз байланысты болып келеді

XIX ғасырдағы ғылыми-зертеулер нәтижесінде, әсіресе микроскоп құрастырылғандықтан биологиядан организмнің пайда болғанынан өлгеніне дейінгі құрылысын, тіршілік әрекетін зерттейтін немесе ұрық дамуы туралы ғылым – эмбриология, тірі организм ұлпалары туралы ғылым – гистология, жасушалары туралы ғылым – цитология немесе жасуша биологиясы бөлініп, дами бастады.

XX ғасырда биологияның дамып, жетілуіне тұқым қуалаушылықтың химиялық негізі ашылуы және қазіргі кезде кеңінен дамудағы биотехнология жатады. Биотехнологияда әртүрлі белсенді заттарды түзуге түрлі-түрлі микроорганизмдер, себінді тіндер кеңінен пайдаланылуда. Ол, біріншіден, жасуша мен ұлпа биологиясы туралы білімді тереңдетеді; екіншіден, ұлпа мен жасуша қызметіне өте нәтижелі және көздеулі әсерлерге мүмкіндік береді; үшіншіден, ауруды емдеуге, нақтамалауға, алдын алуға жеткілікті қолдануға қажет биологиялық белсенді заттарды алуға мүмкіндік береді.