Тірі жүйенің негізгі қасиеттері


Организмнің жеке бөлімдері – жасушалар, ұлпалар, ағзалар жинағы тұтас организм емес, тек олардың біртіндеп тарихи дамудағы тәртіппен қосылып, өзара іс-қимыл жасағанда ғана тұтас жүйе құрып, қасиеттерге ие болады. Тірі организм құрамындағы химиялық элементтер, өлі табиғаттың объектілеріндегідей. Кейінгі оттегімен бірге кремний, темір, магний, алюминий және тағы басқаларды сақтаса, тірі организмдегі химиялық құрамның 98% төрт элементке: көмірсу, оттегі, азот, сутегіге келеді. Онымен қатар өлі табиғатта органикалық қосындылар өте сирек кездеседі, ал тірі организмдер негізінен төрт ірі күрделі органикалық молекулалар тобынан – биологиялық полимерлер: нуклеин қышқылдары, ақуыздар, полисахаридтер, әрі липидтерден құрылған.

Зат алмасуы. Барлық тірі организмдер сыртқы ортамен зат алмасуға қабілетті. Одан қажет заттарды қабылдап, тіршілік әрекеттері өнімдерін бөледі. Организмде макромолекулалар тұрақты қайта түзіліп, ыдырайды. Мұндай зат алмасу – тірі жүйенің басты белгісі. Ол түзілу процесіне әр уақытта қуат қажет ететіндіктен сыртқы қуат қорын (азық, жарық) пайдалану механизмін түзеді.

Жасуша ашық жүйе болғандықтан, ол сыртқы ортамен – зат, қуатпен алмасады. Организм ішіндегі заттарды тасымалдауда жасушада белсенді, енжар түрлі қозғалыстар жүреді. Енжар қозғалыс кинетикалық қуат есебінен заттарды тасымалдаса, белсенді қозғалысқа негізгі зат алмасу (метаболизм) қуаты қажет. Сонымен тірі жүйе тұрақты қозғалыс күйде болады, бірақ ол зат алмасуды тежейтін сыртқы құрылымдармен шектеліп, заттарды үнемдейді, жүйенің кеңістіктегі тұрақтылығын сақтайды. Мұндай оғаштық немесе жекеленушілік жасушалық деңгейде басталады. Ол жарғақпен қоршалған, ал көпжасушалы организмде одан әрі ұштасып, келешекте жеке дарақ болатындықтан сыртқы ортадан жабынды ұлпалармен де қоршалады. Зат алмасу процесі ерекше биологиялық катализ (ақуыздар) көмегімен реттеледі. Тірі жүйені сақтау үшін, ондағы зат алмасуда қандайда болмасын макромолекулалар емес, әруақытта олардың бір түрі болғаны өте маңызды. Ақуыздар протеазалармен ажырайды.

Плазмолемма кейбір заттарды жай өткізе береді (талғамды өткізгіштік), ал басқаларын белсенді түрде тіпті қоюлығының градиентіне қарсы болса да қайта құяды. Бұл жасушаның заттарды жоғалтуынан шектейді және қажетті заттардың сіңірілуіне жағдай туғызады.

Қоректік заттардың плазмолемма арқылы өтуін эндоцитоз (ол басқа түрлерге қарағанда сирек кездеседі), ал, керісінше, жасуша ішінен ыдырау өнімдері мен басқа заттардың сыртқа бөлініп шығуын экзоцитоз деп атайды. Жасушадан экзоцитоз арқылы бөлінген гидролиздеуші ферменттер гликокаликс қабатына жиналып, түрлі биополимерлер мен органикалық молекулалардың жасуша жарғағының бетінде ыдырауын қамтамасыз етеді. Экзоцитоз секреция кезінде манызды роль атқарады.

Өлі табиғатта да зат алмасуы болады. Онда заттар бір жерден екінші жерге ауысады немесе ондағы біріктірілген күйлер өзгереді. Мысалы, су буға немесе мұзға айналады. Кейбір газдар су мен қосылып, қышқылдарға айналып, топырақта тұзға ауысады.

Жасушаның өсуі, оның тіршілік әрекетіндегі митоз соңы кезеңінде ядро мен цитоплазма көлемінің ұлғаюында айқын байқалады. Ол кезде жасуша тұрақты қосындыларының, цитоплазмалық жарғақтарының, ферменттер жүйесінің құрылуы үшін ақуыздарды қарқынды түзеді. Өсімдік жасушалары ақуызды қарапайым органикалық заттардан – көмірқышқылы газы мен аммоний тұздарынан, ал жануарлар – амин қышқылдарынан түзеді. Олар өздері қоректенетін жануарлар, өсімдіктердегі ақуыздар ажырауынан құрылады. Жасушаның өсуі организмде ассимиляция диссимиляциядан басым болғанда жүреді. Жасуша саны көбейсе, организмнің массасы артады. Жасушаның өсуі организмде бүлінген жасушаларды алмастыруға, санын арттыруға байланысты өтетін процесс.

Даму нақты түрге тән жасушаларда арнайы құрылымдық, қызметтік, биохимиялық белгілердің пайда болуына жеткізеді. Мұндай керемет бірліктегі жетілген жасушалардың түрі, қызметі, зат алмасуы қандай да болмасын ұлпаларда және ағзаларда бары расталды. Бұлшық ет талшықтары атқаратын жиырылу қызметіне орай ұзынша түрлі болып, арнайы тұрақты қосындылар – миофибриллдер сақтайды.

Тұқым қуалаушылық. Организмнің ұрпақтан-ұрпаққа жыныс жасушалары арқылы тұқым қуалаушылық қасиеттері белгілерін, қасиеттерін, даму ерекшеліктерін беру қабілетін қамтамасыз ету. Тұқым қуалаушылық мұра беруде іске асып, мирасқорлықта ұрпаққа белгілері жеткізіледі.

Өзгергіштік. Организмде жаңа белгілері мен қасиеттерінің пайда болуы негізінде ДНҚ молекулаларының өзгерісі жатады. Өзгергіштік табиғи сұрыпталуға қажет әртүрлі материалдар құрады.

Өздігінен реттеу (автореттеу). Ол үздіксіз өзгерудегі сыртқы орта жағдайында мекендейтін тірі организмдердің тұрақты химиялық құрамын қолдап, физиологиялық процесінің белсенділігін сақтау қабілеті. Сөйтіп, қандай да жетіспейтін қоректік заттардың түсуіне организмнің ішкі қорлары жұмылдырылады, ал артығы бұл заттардың түзілуін тоқтатады.

Ырғақтық. Тірі және өлі табиғаттың бәрінде тербелмелі процестер кең тараған. Ырғақтық организм мен сыртқы ортаның үйлесімді қызметтерін қамтамасыз етеді немесе тіршілік ететін құбылмалы жағдайға бейімделеді. Мысалы, маусым, тәулік ырғағы тірі организмдердің ортадағы геофизикалық айналымға бейімделу ретінде дағдыланған.

Қуат тәуелділігі. Тірі денелер қуат түсуі үшін ашық жүйе. Ашық жүйені қозғалыс жүйе деп түсінеміз де, олар тек үзіліссіз қуат және тыс материядан келгенде ғана тұрақты болады. Тірі организмдер тек оларға қуат пен сыртқы ортадан материалдар түскен кезде ғана тіршілік етеді.

Көбею. Организмнің өзіне ұқсас ұрпақ беру процесі. Көбею вегетативті және жыныстық тәсіл арқылы жүзеге асады. Вегетативтіде организм денесінің бір бөлігі үзіліп, жаңа дарақ береді, ал жыныстық тәсілде жыныс жасушаларынан жаңа организм пайда болады.

Бөліну. Организмде жасуша бөлінуінің басты екі түрі болады: амитоз (генеративті, дегенеративті, реактивті) және митоз. Бұлардан басқа белгілі түрлеріне - мейоз және эндомитоз жатады. Митоз немесе кариокинез, жасуша бөлінуінің кешенді механизмді бөлінуі. Ол түзілу соңы кезеңінен кейін жүреді, жасушалық айналымда (клеточный цикл) аяқталып, жас жасушаларды біркелкі ататек материалдарымен қамтамасыз етеді. Митозда негізгі 4 фаза - профаза, метафаза, анафаза, телофаза болады.

Эндомитоз митоздың бiр түрi, бұзылмаған ядро қабығы iшiнде бөлiну ұршығы құрылмай-ақ, хромосомалар саны көбейедi. Эндомитоз жиi қайталанса, хромосомалар саны айтарлықтай көбейедi, онда сақталатын ДНҚ екi есе өсiп, көпплоидты болады, ядро көлемi ұлғаяды. Көпплоидтылық митоз аяқталмай қос ядролы жасуша цитотомиясы жүрмесе де болуы мүмкiн. Бұл жасуша қызметiнiң белсендiлiгiн көрсетедi. Көпплоидтылық бауыр, қуық эпителийi, ұйқы, сiлекей бездерiнiң соңғы бөлiмдерiндегi жасушаларға тән.

Өткізгіштік. Тірі жасушаның қызметі мен ішіндегі физиологиялық тұрақтылықты (гомеостаз) сақтауда өткізгіштіктің манызы зор. Жасушаға қандай заттардың өтуін, оның өткізгіштігі аныктайды. Олардың көпшілігі жасушаның тіршілік процестеріне, құрылымдық бөліктерін түзуге қажет заттар. Сонымен бірге оның тіршілік әрекетінің нәтижесінде пайда болған керек емес өнімдер мен судың сыртқа шығарылуын да реттейді.

Иондардың сіңу қабілеті төмен. Сондықтан жасуша әдетте аниондарды катиондардан ажыратады да, катиондар жеңіл сіңеді. Бұған эритроциттер жатпайды, оның аниондары катиондарға қарағанда милион есе тез сіңеді.

Заттардың жасушаға сіңуіне әсер ететін фактордың бірі - температура. Ол көтерілгенде қоршаған ортадан заттарды сіңіру жылдамдылығы артады, ал төмендесе, керісінше, заттардың сіңу жылдамдығы кемиді. Температура өзгеруін сіңу жылдамдығының әр түрлі болуы мен, әрі жасуша ішіндегі ферменттер белсенділігінің өзгеруімен де байланыстырады. Өткізгіштіктің ондағы алмасу процестері денгейіне байланысты екенін көптеген байқаулар дәлелдеген. Оның өзгеруіне жасушаға әсер ететін түрлі агенттермен, оның тыныштық қүйінен белсенділік қүйіне ауысу да әсер етеді. Жасуша қозса немесе зақымдалса, оның өткізгіштігі ондаған, жүздеген есе артуы мүмкін.

Тітіркенгіштік. Жасушалардың бәрі сыртқы ортамен үнемі қарым қатынаста болып, оның факторлары - температура, заттардың химиялық құрамы, механикалық әсері, электр тогы, сәуле қуаты, тағы тағылардың өзгеруіне жауап береді. Жасушаның қалыпты тыныштық күйден, оны тудырып, организм күйіне әсер ететін күшті, осындай әмбебап қасиеттері себептері арқасында өтуін тітіркенгіштік деп атайды.

Тірі клетка сияқты күрделі және өзара байланысты жүйеде қандай да болмасын бір процестің немесе құрылымның өзгеруі оның көптеген қасиеттеріне өзгеріс туғызбауы мүмкін емес. Сондықтан тітіркендіргіштің әрекетіне клетканың жауабы комплексті болады және оның биохимиялық, физика-химиялық, морфоогиялық, физиологиялық қасиеттерінің өзгкруін туғызады.

Қарапайымдар мен жабайы көпжасушалы организмдердің жасушалары сыртқы орта себепшарттарының әрекетіне тікелей жауап береді.

Жоғарғы сатыдағы жануарларда түрлі ұлпалар жүйесінің күрделі жіктелуіне байланыысты әсер ететін себепшарттар жасушаға тікелей емес, нейро-гуморальдық реттеу жүйесі арқылы әсер етеді. Түрлі әрекеттердің жасушаға әсер етуші факторлар түрліше болғанымен жасуша жауабы ұқсас болады. Олардың бәрі цитоплазма, ядроның каллоидтарының дисперстік дәрежесін азайтады. Цитоплазманың тұтқырлығының артуы байқалады. Аталған тітіркендіргіштердің әсерінен цитоплазманың жасушаны бояйтын бояғыштарды байланыстыратын қабілетімен жасушаның өткізгіштігі артады, тыныштық потенциалы кемиді, басқа да кейбір белгілері өзгереді. Аталған өзгерістермен бірге тітіркендіргіштердің әсерінен кальций иондары мен фосфаттардың, креатиннің, қайсы бір пигменттердің босауы, жасушадан шығуы жүреді. Осы өзгерістермен бір мезгілде қоршаған ортадан жасушаға натрий мен хлордың иондары енеді. Тітіркендіргіш әсерінің бастапқы кезінде осы өзгерістердің бәрі қайтымды болады. Тітіркендіргіштің әсері тоқтаған кезде цитоплазма мен ядроның коллоидтарының дисперсиялылығы артады, цитоплазманың тұтқырлығы кемиді. Жасушадан шығып кеткен калийдің иондары мен фосфаттары қайтадан кері қайтады, хлор мен натриидің жасушадағы мөлшері қалпына келеді. Аталған өзгерістердің жиынтығын «паранекроз» деген терминмен белгілейді. Паранекроз кезінде жоғарыда аталған өзгерістер мен клетканың өткізгіштігі артады, тыныштық потенциалы кемиді және кейбір белгілері өзгереді. Тітіркендіргіштің күші жоғары болмаған жағдайда өзгерістерді туғызған факторлардың әрекеті тоқтағаннан кейін өзгерістердің барлық комплексі кері қалпына келеді, ал тітіркендіргіштің күші жоғары болса немесе ол ұзақ уақыт әрекет етсе байқалған өзгерістер кері қайтпай, клетка өледі.

Жасушаның тірек қозғалыс құрылымы. Қозғалу тірі материяның маңызды қасиеті. Белгілі дәрежедегі қозғалыс жасушалардың бәріне тән. Қозғаластың бірнеше түрі болатыны белгілі. Жасушаның цитоплазмасы үздіксіз қозғалып тұрады, онымен бірге ондағы митохондиялар, сферосомалар (микросомалар), пластидтер, басқа жасуша ішіндегі құрылымдар да қозғалады. Жасушаның ядросы да айналалып, қозғалып тұрады. Түзілген (синтезделген) жіп пішінді ақуыз молекуласы матрицадан түсіп, өзінің екінші, үшінші құрылысын қалыптастыру кезінде қозғалыстың күрделі түрлерін байқатады. Қайсы бір жасушаларда кірпікшелер мен талшықтар сияқты қозғалысты қамтамасыз ететін мамандалған құрылымдар болады. Бұлшық ет жасушаларын жиырылу есебінен қамтамасыз етілетін қозғалыс осы жасушалардың негізгі арнаулы қызметі болып саналады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Осы көптеген қозғалыс реакцияларының бәрінің негізінде ортақ молекулалық механизмнің болатыны анықталды. Сонымен бірге жасушада қозғалыс аппаратымен байланысқан тіректік немесе қаңқалық құрылымдары болады. Бұларға микротүтікшелер мен микрофиламенттер жатады.

Микротүтікше-, филамент. Микротүтікшелер мен микрофиламенттер жануарлар мен өсімдіктердің барлық жасушаларында байқалған. Микротүтікшелер нейроглияның, көздің тор қабығының, мезенхиманың, эндотелийдің, жүйке, бұлшық ет, эпителий және секрет бөлуші жасушаларда болатыны анықталған. Микротүтікшелердің кең таралуына байланысты оларды барлық жасушалардың тұрақты құрамбөлігі (компоненті) деп қарастыруға болады. Олар бактериялар мен прокариондарда болмайды. Микротүтікшелер жасушаның ішкі тірегін құрайтын, оның пішінінің сақталуын қамтамасыз ететін цитоқаңқалық құрылым болып есептелінеді. Сонымен бірге қозғалыс механизмінің бір бөлігі болып саналады да, амеба тәрізді қозғалысқа, цитоплазманың қозғалысына, пиноцитоз бен фагоцитозға тағы басқаларға қатысады. Бөлінуші жасушаларда микротүтікшелер ұршық жіптерін де құрайды. Микротүтікшелер қызметтерінің бірі жасуша ішіндегі заттардың белгілі бағытта қозғалуын қамтамасыз ететін құрылымдарды құрастыру және жасушалардың өсу процесіне де қатысады. Микротүтікшелер центриольдар мен базальдық (негізгі) денешіктер сияқты арнаулы органоидтардың құрамына да кіреді. Микротүтікшелер кірпікшелер мен талшықтарды құраушы негізгі құрылымдық бірліктер. Түрлі жасушалар микротүтікшелерінің ультрақұрылыстары ұқсас болып келеді, көбінесе 13 талшықтан (протофиламенттерден) тұратын сыртқы диаметрі 24 нм, қуысының ені 15 нм, қабырғасының қалыңдығы 5 нм глобулалық суббірліктерден тұратын қуыс цилиндр. Микротүтікшелер өздерінің химиялық құрамы жағынан да біртекті. Микротүтікшелерге ақуыз мөлшерінің көп болуы тән. Негізгі ақуыз құрамбөлектері актин мен миозин және тубулиндер. Актин мен миозин алғаш рет бұлшық ет жасушаларында байқалған қимыл жүйесіне жауапты ақуыздар. Қазіргі кезде барлық жасушаларда болатыны анықталған. Жіңішке актиндік филаменттердің (жіптерді) «цитосүйектер», ал жуан миозин филаменттерін «цито бұлшық еттер» деп аталады. Осы аталған ақуыздардан басқа микротүтікшелердің құрамында молекулалық массасы жоғары қосымша ақуыздар болады. Олардың ішіндегі маңыздыларының бірі қозғалу процесі кезінде қуатты (энергия) тасымалдауға жауап беретін динеиндер.

Микрофиламенттер немесе микрожіптер диаметрі 4-5 нм. Бұлшық ет жасушаларының протофибриллаларында болатын ақуыз актинге ұксас ақуыздық суббірліктерден турады. Бұлшық еттердін жиырулуы актин мен миозин жіптерінің өзера әрекеттесуінің нәтижесінде жүреді, ал бұган кажет қуатты АТФ қамтамасыз етеді. Микрофиламенттер плазмалық жарғақтың астындағы цитоплазманың қортиқалық қабатында кездеседі. Микрофиламенттер амебалардың жалған аяқтарында, ішек эпителийінің микробүрлерінде, өсімдік жасушаларында жиі байқалады. Әсіресе, эпидермисте көп болады. Бұлшық ет жасушаларынан басқа жасушаларда микрофиламенттер жасушаның пішінін өзгертуге және цитоплазманың қозғалысына қатысады. Микрофиламенттердің құрамында көлденең жолақ фибриллалардың құрамында болатын актин, миозин, тропомиозин,&- актинин ақуыздары болады. Микротүтікшелер мен микрофиламенттер жүйесінде АТФ-аза болады.

Жасушаның секрециясы. Секреция ― жасушаның маңызды қызметтерінің бірі. Секреция организм үшін белгілі дәрежеде маңызы бар заттарды (секреттерді) жасушада түзіп, кейін оны сыртқа шығаратын биологиялық процесс. Кез келген жасушаның тіршілік әркеті процесінде оқтың-оқтың сыртқа шығарылатын қандай да болмасын бір өнімдер пайда болып отырады. Осы тұрғыдан секреция экскрециясы процесінен өзге. Экскреция кезінде арнаулы жасушалар өздерінде пайда болған диссимиляция процесінің ақырғы өнімі болып саналатын керек емес және зиянды заттарды (экскреттерді) организмнен сыртқа бөліп шығарып отырады.

Секрецияның негізін заттардың химиялық тәсілмен өзгеруі құрайды. Жасушаға түскен молекулалық массасы төмен заттар жиналады немесе химиялық құрылысы мен молекулалық массасы өзге басқа заттарға айналуы жатады. Осы екі жағдайда да жасуша қуат жұмсауға тиісті. Секреция жасушаның органоидтары мен барлық бөліктері қатысатын күрделі процесс. Ядро мен ядрошық, рибосомалар, митохондриялар мен эндоплазмалық тор, Гольджи кешені секрецияның ақырғы өнімін құрауға қатысады. Сол сияқты лизосомалар да секрецияның жүруіне қатысады. Секреттің түзілуі мен бөліп шығарылуының морфологиялық механизмдері ұйқы безінің ацинусының жасушаларында, қалқанша бездің фолликулдарының жасушаларында және бүйрекүсті бездің жұмсақ затының хромафиндік жасушаларында жақсы зерттелген. Секрет бөлетін жасушалардың өздеріне тән ерекшеліктері болады. Без жасушаларының құрылысы әдетте полярлы келеді: бір полюсінде, базальдық бөлігінде, синтез процесін қамтамасыз ететін органоидтар жиналған, ал апикальдық полюсінде бөліп шығару қызметін атқаратын Гольджи кешені орналасқан. Секреттік цикл секрет өнімнің синтезіне қажет алғашқы материал (мысалы, амин қышқылдары) без жасушаларына түсу процесінен басталады. Секреттік циклдың онан кейінгі кезегі алғашқы секрет өнімінің синтезі. Авторадиографиялық, электрондық микроскопиялық және биохимия әдістерімен зерттеу бұл процесс бос жайғасқан және бекіген рибосомалардан басталып гранулалық тордың каналшықтардың ішіне дайын өнімнің енуіне басталатынын анықтады. Секрет өнімнің эндоплазмалық тордың каналшықтарында жиналуы кезінде каналшықтардың көлемі үлкейіп жіңішке түтікшелерден ірі көпіршіктер мен цистерналарна айналады. Сонымен бұл мәліметтер бастапқы белоктік секрет өнімдерінің синтезінде цитоплазмалық РНҚ-ның рөлінін ерекше екенін көрсетеді. Осы процестің жүруі кезінде эндоплазмалық тордың дезинтеграциясы жүреді, екінші сөзбен айтқанда каналшықтар жарылып, олардың ұштарында алғашқы секрет өнімдеріне толы Гольджи кешені аймағына ауысатын көпіршіктер пайда болады. Құрамында судың мөлшері көп осы ақуыздық алғашқы өнім Гольджи кешенінің гранулалық цистерналарына жиналады. Гольджи кешенінің цистерналарында қалыптасқан екінші секреттік гранула алғашқы өнімділігіне қарағанда біршама жоғары электрондық тығыздығымен сипатталады. Секрет түзілу процесі кезінде Гольджи кешенінің цистерналары алғашқы секрет өніміне толып гипертрофияға ұшырайды.

Бездік жасушалардың липидтік секреттерді синтездеуіне рибосомалар қатыспайды. Бұл жағдайда секреттік өнім эндоплазмалық тордың тегіс каналшықтары ішінде жүреді (мысалы, май бездерінде). Бұнда да секреттің түзілуінде маңызды рөлді Гольджи кешені мен мүмкін митохондриялар атқаратын болу керек. Стероидтік гормондар мен катехоламиндерді (адреналин мен норадреналин) бөлетін бүйрекүсті бездің қабық және жұмсақ заттарының бездік жасушаларында жедел секрет түзу процесі кезінде митохондрийлердің гипертрофиясы немесе митохондрийлердің пішінінің өзгеруі мен ісінуі байқалады. Митохондрий зақымдалса секреттік өнімдердің синтезі тоқтайды, себебі алғашқы секреттік өнімнің синтезіне қажет энергияны митохондрийлер бөледі. Сондықтан секрет бөлуші жасушаларда митохондриялар мен эндоплазмалық тор бір-біріне жақын орналасады.

Секрет түзу процесі кезінде ядро аппаратының өзгеруі де байқалады: ядро мен ядрошықтың көлемі үлкейеді және хроматиннің таралуы өзгереді. Кейбір секреттік элементтерде ядролар пішінінің өзгеруі байқалады. Мысалы, гипоталамустың нейросекреторлық жасушаларының белсенділігінің артқан кезінде ядролардың полиморфизмнің артуы байқалады. Секрет бөлуші жасушаларда ядрошықтың ядро мембранасына жақындап орнын өзгертетіні және оның ішкі құрылымының цитоплазмаға шығуы баяндалған. Ядроның үлкен өзгеріске ұшырауы ядро ішінде ақуызды секреттің синтезі кезінде байқалады. Синтез процесі үдеген кезде ядролар пішіні мен үлкендігінің елеулі өзгеретіні анықталған. Ядрошықтың үлкеюі мен санының кобеюі, ядрошықтардың вакуольдардың пайда болуы, тіпті оның цитоплазмаға шығып кетуі де байқалған. Секреция процесі кезінде секрет бөлуші жасушаның өзінің гипертрофиясы жиі байқалады.

Секрецияның үш: мерокриндік, апокриндік және голокриндік негізгі типтерін ажыратады. Ең кең тараған секрецияның түрі мерокриндік секреция. Секрецияның бұл типінде жасушаның тұтастығы бұзылмайды.

Секрет бөлудің бұл түрі асқазан түбінің негізгі бездерінде, бүйрекүсті бездің жұмсақ қабатында, қалқанша безде байқалады. Сирек кездесетін голокриндік секрецияда цитоплазма секретке толады, негізгі органоидтар ыдырайды, ядролардың пикнотизациясы байқалады, жасуша өледі. Голокриндік секреция бойынша секреттің бөлінуі май бездерінің жасушаларына тән. Апокриндік секрецияның екі: макро- және микроапокриндік түрлерін ажыратады. Бұл секрецияның екі түрінде де плазмалық жарғақ бұзылады, бірақ органоидтардың бәрі де сақталады. Апокриндік секреция сілекей, сүт, тер бездерінің жасушаларына тән. Мерокриндік және апокриндік типтер бойынша секреттік өнім бөлінгеннен кейін бездік жасушаларда секрет түзу процесі кезінде зақымдалған органоидтар мен жасушаның жойылған бөліктері қалпына келеді.

Сонымен секреция – негізгі органоидтар мен ядро аппараты қатысатын күрделі биологиялық процесс.




1-сүрет. Экзокриндi экзоэпителий бездерiнiң құрылысы және секреция типтерi.

А-эпителий; Б-талшықты дәнекер ұлпа. 1-қарапайым тармақталмаған түтiктi без; 2-

қарапайым тармақталмаған альвеолалы без; 3-соңғы бөлiмi тармақталған қарапайымтүтiкше без; 4-соңғы бөлiмi тармақталған қарапайым альвеолалы без; 5-күрделi альвеолалы-түтiктi без; 6-секрецияның мерокриндi типi; 7-секрецияның апокриндi типi; 8-секрецияның голокриндi типi: а-өсу қабатының жасушалары; б-өлу сатысындағы жасушалар; в-ыдыраудағы жасуша.

Секреттің қалыптасуы мен синтезі рибосомалардың қатысуымен эндоплазмалық тордың каналшықтарында, Гольджи кешенінің цистерналарында жүреді; митохондрийлер мен ядро аппараты жасушаның энергетикалық және информациялық орталықтарының рөлін атқарады.

Тыныс алу. Тыныс алғанда төсемік (субстрат) қалдықсыз қуаты жоқ бейорганикалық заттарға ажырайды да, оған сай қуат жоғары деңгейде шығады. Ашығанда төсемік толық бүлінбей, органикалық соңғы өнімге дейін жетеді. Сондықтан ол қуатқа бай болады да, қуаттың бөлініп шығуы көп болмайды. Тыныс алу – аэробты (организмнің оттексіз кеңістікте өмір сүре алмауы) тотығу процесі, сондықтан оған оттегі қажет. Ашудың көптеген түрі- анаэробты процесс. Жоғары сатыдағы жануарлар мен өсімдіктер тыныс алады. Ашу микроорганизмдерге (бактериялар, ашытқылар) тән, бірақ оттегі жетіспегенде жоғары сатыдағы өсімдіктер мен жануарларда кездесуі мүмкін.