Тіректі-қоректік ұлпалар


Мақсаты: Тіректі-қоректік ұлпаның құрылысын, атқаратын қызметін және организімде қалай таралғанын меңгеріп алу.

Дәнекер ұлпалар сыртқы орта және дене қуысымен байланыспайды, бірақ организімнің ішкі ортасын түзеді де, оның тұрақтылығын сақтайды. Олар тек мезенхимадан ғана дамиды, жасушада және жасушааралық заттан тұрады. Бұлар қоректік, тыныс алу, реттеуіш, қорғаныш, тасымалдау, тіректік қызметтер атқарады. Қазір бұл ұлпаларды бес топқа: 1) қан, сарысу, 2) қан түзетін ұлпалар (лимфоидты,миелоидты), 3) таза дәнекер ұлпалар (борпылдақ, тығыз қалыптасқан, қалыптаспаған), 4) арнайы қасиетті дәнекер ұлпалар

(май, ретикулярлық, пигменттік, кілегейлі), 5) қаңқалық дәнекер ұлпалар (шеміршек,сүйек) деп жіктейді.

1-ші тапсырма. Препараттан болбыр дәнекер ұлпадан кішкене ұлғайтқышпен коллаген талшықтарының жуанданған шоғырын,

жіңішке эластикалық талшықтарды және талшықтардың арасындағы жасушаларды табу керек.

Көру аймағының ортасында препараттың ең жақсы көрінетін тұсын келтіріп, одан соң жасушаларды үлкен ұлғайтқышпен қарау керек. Фибробластар қалыптаспаған ұлпалардың негізгі жасушалары. Олар жасушаралық заттарды түзеді. Препараттың үлкен ұлғайтқыштағы суретін салып мыналарды көру керек: 1- коллагенді талшықтар, 2- эластикалық талшықтар, 3- аморфты зат, 4- фибробластар, 5- гистиоцит, 6- лимфоциттің ядросы.

2-ші тапсырма. Препараттан қойдың қан жағындысынан кішкене ұлғайтқышпен жағындының ең жұқа жерін тауып алып, үлкен ұлғайтқышқа ауыстырып , өте көп эритроциттердің ішінен белгілі лейкоциттердің әр түрін байқап, көру керек..

Әр жасушаның суретін альбомға салып, мыналарды белгілеу керек. 1- эритроцит, 2- эозинофил (оксифил), 3- базофил, 4- жас нейтрофил, 5- таяқша ядролы нейтрофил, 6- сигментті ядролы нейтрофил, 7- үлкен лимфоцит, 8-орташа лимфоцит, 9- кіші лимфоцит; 1- моноцит, 11- қан пластинкалары.

3-ші тапсырма. Кішкене ұлғайтқышпен препаратты- гиалинді шеміршекті қарау керек. Препарат кеңірдек қабырғасының көлденең кесіндісі, гематоксилин-эозинмен боялған. Мұнда гиалинді шеміршек ортаншы- қабықты түзген. Препаратты үлкен ұлғайтқышқа ақырын жылжыта отырып, бір жақ шеміршек қабығынан бастап, екіншісіне дейін қарап шығу керек.

Препараттың үлкен ұлғайтқыштағы суретін салып, мыналарды белгілеу керек: 1- шеміршек қабығы: а- коллагендік талшықтардың шоғыры, б- хондробластар; 2- жекеленген хондроциттер, 3- хондроциттердің изогендік топтары, 4- жасушааралық заттар.

4-ші тапсырма. Қатпарлы сүйектің құрылысын зерттеу. Бұл сүйектің осылай аталуының себебі оның құрылысының негізі сүйек пластинкаларды құрады да, олардың жасушааралық заттарында коллагендік фибрилдері қатарласып орналасқандықтан шоғырланбайды, бірақ қалыңдығы 7 мкм-ге жететін қабат түзеді. Шектес пластинкалардың арасында сүйек қуысы болады, онда остеоциттер орналасады.

Қатпарлы кеуекті сүйек ұлпасы сүйектің жоғары немесе төменгі бастарын (эпифизді), төс сүйегін және барлық жалпақ сүйектерді түзеді. Кішкене ұлғайтқышпен түтікше сүйектің барлық қабырғасын қарау керек. жүйесі түзеді. Үлкен ұлғайтқышта бір остеонның құрылысын зерттеу керек. Остеонның бір-біріне қабаттап қойғанда әр түрлі диаметрлі сүйек пластинкаларынан тұратынын түсіну қажет. Ең ішкі пластинка өзекше түзеді, оны Гаверс өзекшесі деп атайды. Осы өзекшесі арқылы сүйекті ұзынына бойлай қан тамырлары өтеді. Препаратты кішкене ұлғайтқышпен қарап, суретін салып мыналарды белгілеу керек: 1- периост, 2-негізгі сыртқы пластинкалар жүйесі, 3-остеондар жүйесі: а-қан тамырларын сақтайтын Гаверс өзекшесі; 4-қосымша пластинкалар жүйесі, 5- негізгі ішкі пластинкалар жүйесі, 6- эндоост, 7- сүйек қуыстарындағы остеоциттер, 8-сүйек өзекшелері.

Бақылау сұрақтары:

1. Қандай ұлпалар ішкі орта ұлпаларын құрайды?

2. Мезенхима дегеніміз не? Құрылысы қандай?

3. Дәнекер ұлпалардың ішіндегі қай ұлпа таза қоректік қызмет атқарады?

4. Қаңқалық дәнекер ұлпаларға не жатады?

5. Шеміршектің қандай түрлерін білесіз. Олар қай жерде кездеседі?

6. Сүйек ұлпасының құрылымы, түрлері, қызметі және басқалардан ерекшелігі неде екенін түсіндіріңіз?

7. Қан құрамы және қызметі