Бұлшық ет және жүйке ұлпасы


Мақсаты: Бұлшық ет және жүйке ұлпаларының құрылысын, жіктелуін, қайнар көзін және дамуын меңгеріп алу.

Бұлшық ет ұлпалар құрылысы мен қызметіне орай бірыңғай салалы және көлденең жолақты болып жіктеледі. Бірыңғай салалы бұлшық ет жасушадан (миоциттерден), ал көлденең жолақты талшықтардан және жасушадан (жүректік –кардиомиоциттерден) тұрады.

Жүйке ұлпасы тітіркенуді қабылдап, қозып, оны өзінен өткізіп, оған жауап береді де, нейроциттерден (нейроннан) және нейроглиядан (глиоциттерден) тұрады.

1-ші тапсырма. Бірыңғай салалы бұлшық ет ұлпасын зерттеу керек. Бұл қуық қабырғасының көлденең кесіндісі, оның ортаңғы қабығын бірыңғай салалы бұлшық еттен тұратын үш қабат құрайды. Кішкене ұлғайтқышта осы қабаттарды тауып алып, үлкен ұлғайтқышпен олардың бірыңғай салалы миоциттерден тұратынын, әрі осы шоғырлардың арасында болбыр дәнекер ұлпа жатқанына көз жеткізу керек. Жоғары және төменгі қабаттарда миоциттердің көлденең кесіндісі көрсетілген, сондықтан олар дөңгелек бейнелі болады. Миоциттерді ұзына бойына және көлденең кесіндінің суретін салып, мыналарды белгілеу керек: 1-ұзына бойы жатқан миоциттер: а-сарколемма, б-саркоплазма, в-ядросы; 2-көлденең кесіндідегі миоциттер: г- сарколемма, д-саркоплазма, е- ядросы.

2-ші тапсырма. Қаңқаның көлденең жолақты бұлшық ет ұлпасын зерттеу керек. Бұл тілдің кесіндісі, мұнда көлденең жолақты бұлшық ет талшықтары әр жаққа бағытталған. Кішкене ұлғайтқышпен препараттан бұлшық ет талшықтарының ұзына бойы және көлденең кесінділердің ең жарық бөлігін тауып алып, үлкен ұлғайтқышпен осы бұлшық ет талшықтарын салыстырып көру керек. 2- 3 талшықтың үзына бойы және көлденен кесіндісінің суретін салып, мыналарды белгілеу керек:1-ұзына бойын бұлшық ет талшықтары: а-изотропты дискілер, б-анизотропты дискілер, в-саркоплазмадағы ядролар; 2- бұлшық ет талшықтарының көлденең кесіндісі: г- сарколемма, д-саркоплазма; 2- миофибрилдер: ж-ядросы, з-миосателлиттің ядросы.

3 –ші тапсырма. Суретін салмай жылқы миокардын, ондағы көлденең жолақты бұлшық ет ұлпасының құрылысындағы ерекшеліктерін зерттеу үшін, үлкен ұлғайтқышпен көру керек.

4-ші тапсырма. Арқа түйініндегі псевдоуниполярлық нейроциттер. Кішкене ұлғайтқышпен осы препараттан нейроциттердің денесін тауып алу керек. Ең үлкен , әрі ядросының құрылысы жақсы көрінетін нейроцитті көз аймағының ортасына қойып, үлкен ұлғайтқышпен көру керек. Бір нейроциттің сурет салып, мыналарды белгілеу керек:

1- ядро: а-ядрошық, б-кариоплазма, в-ядро қабығы; 2- цитоплазма (нейроплазма), 3- мантия жасушасының ядросы.

Препараттан жұлын нейроциттерінің нейрофибриллярлық аппаратын ең үлкен ұлғайтқышпен көру қажет. Осындай бір нейроциттің суретін салып, мыналарды белгілеу керек: 1-ядро: а-ядрошық; 2- нейроплазма: б-нейрофибрилярлық аппарататының торабы.

5-ші тапсырма. Кішкене ұлғайтқышпен препараттан – миелинді нерв талшықтарынан нервтің өте жақсы талшықтанған бөлігін тауып алып, үлкен ұлғайтқышта құрылысын бақылап, оның үш бөлімаралық бөліктен тұратынын түсіну қажет. Сөйтіп, осындай бір талшықтың суретін салып, мыналарды белгілеу керек: 1- білікті цилиндр, 2- миелинді қабығы, 3- ұстаушы түйіндері, 4- неврилемма: а- леммоциттердің ядросы; 6- Ранвье үзілісі сегмент: б- белгілері.

6-шы тапсырма. Үш жүйке жасушасынан тұратын немесе үш рефлекторлық доғаның суретін салып, мыналарды белгілеу керек: 1-рецетор, 2- афферентті, сезімтал нерв талшықтары, 3- сезімтал

нейроциттің денесі, 4- сезімтал нейроциттің аксоны, 5- аралық( ассоциативті) нейроцит, 6- аксо-соматикалық синапс, 7- моторлық нейроцит, 8- эфференті қозғалғыш нерв талшықтары, 9- эффектор (қозғалтқыш нерв тармағы).

Бақылау сұрақтары:

1. Организімде бұлшық ет ұлпаларының қандай түрлері болады?

2. Бұлшық ет ұлпаларының жиырылғыштық қасиеті ненің арқасында орындалады?

3. Бұлшық ет ұлпаларын бір-бірінен қалай ажыратуға болады?

4. Бірыңғай салалы бұлшық ет ұлпаларының құрылысы, қызметі, орналасқан жерін сипаттаңыз?

5. Бұлшық ет талшығындағы көлденең жолақтық неден түзіледі?

6. Жүйке ұлпасы қандай гистологиялық элементтерден тұрады және олар қандай ұрық жапырақшаларынан дамиды?

7. Жүйке жүйесінде өсінділерінің санына және олардың рефлекторлық доғада орналасуына қарай орналасқан қандай нейроциттерді білесің?

Дендриттердің аксоннан айырмашылығы қандай?