Омыртқа бағанасы


Мақсаты: Жануарлар қаңқасының жалпы құрылысымен танысу. Омыртқа бағанасының әрбір бөлігінде жатқан омыртқалардың құрылыс ерекшеліктерін зерттеп түсіну.

Дәнекер, шеміршек, сүйек ұлпалары арқылы белгілі бір заңдылықпен өзара байланысқан сүйектер мен шеміршектердің жиынтығын- қаңқа – деп атайды.

Үй жануарларының қаңқасы біліктік және шеттік болып екі бөлімге бөлінеді:

I. Білікті қаңқа бас, мойын, тұлға және құйрық сүйектерін біріктіреді.

II. Шеттік қаңқа немесе аяқ қаңқасы алдыңғы(кеуделік) және артқы (жамбастық) аяқ сүйектерінен құралған..

Омыртқа бағанасы – омыртқалардың өзара байланысуы нәтижесінде түзілген. Ол өзін құрайтын омыртқалардың түрлеріне сәйкес мойын, арқа, бел, құйымшақ және құйрық бөлімдерінен тұрады.

Мойын омыртқалары – сүтқоректілердің жануарлардың барлығында мойын омыртқалардың саны жетіге тең. Құрылысы жағынан 3,4,5 және 6-шы мойын омыртқалары бір-біріне ұқсас және пішіні жағынан қомақты келеді. Мойын омыртқаларының ішінде алдыңғы екеуі мен соңғы жетінші омыртқалардың құрылыстарында оларды өздеріне тән көптеген айырмашылықтар кездеседі.

Бірінші мойын омыртқа (ауыз омыртқа)- дорсальдік және вентральдік доғалардан тұрады. Жоталық өсіндінің орнында дорсальдік төмпешік бар.

Оның төменгі бетінде жақсы дамыған вентарльдік төмпешік байқалады. Көлденең және буындық өсінділері бірігіп, атланттың қанатын түзеді. Қанаттың вентральдік бетінде атлант шұңқыры орналасқан. Атлант қанатының алдыңғы жағында омыртқааралық тесікпен сай арқылы байланысқан қанаттық тесік болады.

2-ші мойын немесе білікті омыртқа. (эпистрофей)- денесі қомақты, алдыңғы шетінде вентральдік буынды беті бар тісше өсіндімен ерекшеленеді. Омыртқаның доғасының өсіндісі қыр түрінде болып, оның каудальдік шетінде дорсальдік буын беті орналасады.Жылқыда тісше өсіндісінің дорсальдік беті жалпақ, ал вентральдік беті шығыңқы келеді. Өте жақсы жетілген омыртқа қыры каудальдік бағытта екіге тармақталады. Ірі қара малда тісше өсінді жартыдай цилиндр тәрізді болып келеді. Шошқада тісше өсінді конус тәріздес. Омыртқа қыры жұқа және ұзынша келіді, итте тісше өсінді цилиндр пішіндес.

7-ші мойын омыртқада, көлденең өсіндісі сыңар және оның түбінде көлденең тесік бомайды. Жоталық өсінді басқа мойын омыртқаларға қарағанда жақсы жетілген.

Арқа омыртқаларының құрылысы алдынғы сабақта сипатталған.

Бел омыртқалардың, өте жақсы жетілген көлденең қабырғалық, буындық, біркелкі дамыған жоталық өсінділері және денесінде тегіс басы мен шұңқыры болады.Краниальдік буын өсінділерінің пішіні ілмек тәрізді. Саны 6-7.

Құйымшақ омыртқалары.- бір-бірімен бірігіп, құйымшақ сүйегін түзеді. Құйымшақ- үшбұрыш тәрізді сүйек. Оның денесі мен доғасының арасындағы омыртқааралық тесік, құйымшақ өзегін түзеді. Көлденеңқабырғалық өсінділер өзара бүйірлік, ал жоталық өсінділер дорсальдік қырларды құрайды. Құйымшақтың краниальдік бүйірлік шетінде алғашқы екі көлденеңқабырғалық өсінділердің бірігуінен түзілген құйымшақ қанаты болады. Осы қанаттың құлақ қалқаны тәрізді буын беті арқылы құйымшақ жамбас сүйегімен байланысады.

Тұтаса байланысқан құйымшақ омыртқалардың аралығында омыртқаралық тесіктер көрінеді.

Құйрық омыртқалары. Жоталық өсінділермен доғалар тек алғашқы 5 омыртқаларда сақталады. Ал, қалған омыртқаларда аталған бөліктерінің жойылып кетеді. Соңғы омыртқаларда тек олардың денесі ғана, ал басқа бөліктерде кішігірім төмпешіктер сақталады.

Омыртқа бағанасының әрбір бөлігінде жатқан омыртқалардың құрылыс ерекшеліктерін оқып зерттеңіздер.

Бақылау сұрақтары:

1. Қаңқа дегеніміз не?

2. Жануарлар қаңқасы қандай бөліктерден құралған?

3. Білікті қаңқаның сүйектерін атаңыз?

4. Омыртқаның құрылысы қандай?

5. Омырқаның денесінің бөлшектерін атаңыз?

6. Омыртқа доғасының қандай бөлшектерін білесіз?

7. Үй жануарларындағы омыртқалардың құрылыс ерекшеліктері.