Көкірек керегесі


Мақсаты : Көкірек керегесінің құрылысымен танысу және оны құрайтын сүйектердің құрылысын зерттеп оқу.

Көкірек керегесі. – арқа омыртқаларынан, қабырғалардан және төс сүйегінен құралып, көкірек қуысының сүйектік негізі болып табылады. Оның пішіні кесілген конус тәрізді.

Көкірек қуысының төбе қабырғасын арқа омыртқалары түзеді. Қабырғалар- көкірек қуысының бүйір қабырғасын құрайтын ұзын, иілген жалпақ сүйектер. Олар өздерінің жоғары (омыртқалық) ұштарымен арқа омыртқаларына, ал төменгі (төстік) ұштарымен қабырға шеміршектері арқылы төс сүйегіне, немесе қабырға доғасына байланысады. Осыған орай төс сүйегімен тікелей жалғасқан алғашқы (7-8) қабырғаларды стернальдік (нағыз), ал қабырға доғасына жалғасқан қалған қабырғаларды – астернальдік қабырғалар деп атайды.

Қабырға денесі және екі ұшы (дорсальдік және вентарльдік) болады. Дорсальдік ұшына бір-бірінен мойын арқылы бөлінген қабырға басы мен төмпешігі орналасады. Төмпешіктен төмен қабырға денесінің артқы жиегінде қабырға бұрышы байқалады. Қабырғаның каудомедиальдік жиегі жанынан қан тамырлар мен жүйкелерге арналған қабырға сайы өтеді.

Қабырға шеміршектері стернальдік қабырғаларда буындық беттері арқылы , төс сүйегімен байланысады.

Төс сүйегі. – көкірек қуысының вентральдік қабырғасын түзеді. Ол негізінен тұтқадан, денеден және семсер тәрізді өсіндіден тұрады.

Төс сүйегінң тұтқасы – екінші жұп қабырғаға бекігенге дейінгі төс сүйегінің бөлігі.

Төс сүйегінің денесі- бір – бірімен шеміршек немесе сүйек ұлпаларының көмегімен байланысқан 5-7 жұп бөліктерден тұрады. Сегменттердің шекарасында қабырға шеміршектерімен жалғасатын қабырға ойығы орналасады.

Семсер тәрізді өсінді соңғы нағыз қабырғадан кейін үшкірлене орналасып, аттас шеміршекпен аяқталады.

Ерекшеліктері: Жылқыда төс сүйегінің екі бүйірі қысыңқы келеді. Оның тұтқасы денесімен тұтаса келіп, қосымша шеміршекпен жабдықталған. Ірі қара малда төс сүйегінің тұтқасы ұшқырлы, қомақты, алдыңғы бөлігі жоғары қарай көтерінкі. Шошқада төс сүйегі 6 сегменттен тұрады. Оның пішіні жалпақ,ұзыншы үшкірлі тұтқасы денесімен буын арқылы байланысқан.

Иттің төс сүйегі бір-бірімен төс сүйек арқылы байланысқан пішіні төртқырлы сегменттен тұрады.

Бақылау сұрақтары:

1. Көкірек керегесін құрайтын сүйектерді атаңыз?

2. Қабырғалардың құрылысы мен ерекшеліктері қандай?

3. Стернальдік және астернальдік қабырғаларға түсінік беріңіз.

4. Үй жануарлары төс сүйегінің құрылысы қандай?

Әр түрлі үй жануарлары төс сүйегінің құрылыс ерекшеліктері қандай?