Жамбас аяқ қаңқасы


Мақсаты: Жамбас пен ортан жіліктің, сирақтың және жамбас аяқ басының құрылысын зерттеп оқу.

Өз кезегінде жамбас белдеуі жамбастан, ал еркін қозғалатын бөлім ортан жілік, сирақ аяқ басы сүйектерінен құралған.

Жамбас белдеуі- бір-бірімен шеміршек арқылы жартылай тұтаса байланысқан (жамбастық жік-симфиз) қос жамбас сүйектерінен тұрады. Бұл сүйектер құймышақпен байланысып жамбас қуысын түзеді.

Жамбас сүйегі- мықын, шат және шонданай сүйектерінің тұтаса байланысының туындысы. Аталған сүйектердің біріккен жерінде жамбастық ұршықтық шұңқыры мен жапқыштық тесігі болады.

Мықын сүйек- үшбұрышты жалпақ сүйек . Оның ұзынша жұмыр келген ұршықтық шұңқырға жақын жатқан тұсын денесі, ал жалпақтанып келген бөлігін қанаты дейді.

Қанаттың алдыңғы жиегі мықын қыры латеральдік бағытта мықын төмпешігіне, ал медиальдік бағытта құйымшақ төмпегіне барып жалғасады.

Мықын қанатының сыртқы немесе бөкселік бетінде доға тәріздес бөкселік сызық жақсы көрінеді. Ал, қарама-қарсы құйымшақ жамбастық беті доғалық сызық арқылы жамбастық және құлақ тәрізді беттерге бөлінеді.

Мықын сүйегінің денесі оның қанатының дорсомедиальдік жиегімен қосылып үлкен шоңданай ойығын түзеді.

Шоңданай сүйек, денеден және екі бұтақтан тұрады. Сүйектің денесі жалпақ болып келеді. Оның латеральдік бүйірінде шоңданай төмпегі болады. Оң және сол жағында мұндай аттас төмпектерінің аралығын шоңданай доғасы байланыстырады. Шоңданай сүйегі денесінен краниальдік бағытта оның ұршықтық бұтағы жатады. Ол ұршықтық шұңқырды жасауға қатысады. Ал, денеден медиальдік бағытта жамбастық жік (симфиз) жасауға қатысатын екінші жіктік (симфиздік) бұтақ орналасқан. Бұл бұтақ пен шоңданай төмпешігінің аралығында кіші шоңданай ойығы болады.

Шат сүйегі- денеден және екі бұтақтан құралған. Оның ұршықтық бұтағы жамбаста көлденеңнен орналасып, латеральдік ұшымен ұршықтық шұңқырға келіп тіреледі. Бұтақтың алдыңғы жиегінен шат қыры өтеді. Оның бойында шат мықын дөңесі көрінеді.

Екі жақтың шат сүйектерінің біріккен жерінде шат төмпешігі болады. Ол әсіресе еркек малдарда ерекше байқалады.

Шат және шоңданай сүйектерінің бұтақтары бірігіп, жапқыштық тесікті түзеді.

Жылқыда шоңданай төмпегі жалпақтанып келеді. Онда дорсокраниальдік және вентрокаудальдік бағытта орналасқан екі төмпешік болады. Ірі қара малда шоңданай төмпегіндегі олардың саны үшеу. Шошқада шоңданай төмпегінің латеральдік бетінде кішкене төмпешігі болады. Шоңданай доғасы терең. Итте кіші шоңданай доғасы таяздау, шоңданай төмпегі жалпақтанып келген.

Ортан жілік- ұзын іші қуыс сүйек. Оның проксимальдік бөлігінде шұңқыры бар жартылай шар тәріздес жілік басы болады. Жілік басының латеральдік жағында жақсы жетілген үлкен ұршық жатады. Ол ортан жіліктің басынан мойыны арқылы ажырап тұрады. Мойынан төмен сүйектің медиальдік бетінде кіші ұршық орналасады.Үлкен және кіші ұршықтарды бір-бірімен ұршық қыры жалғастырады .

Ортан жілік денесінің плантарлық беті бұдырлы келеді. Бұл бұдырлар негізінен латеральдік және медиальдік ернеулер түрінде көрінеді.

Ортан жіліктің дистальдік эпифизінде айдаршықаралық шұңқыр, латеральдік және медиальдік айдаршықтарды бөліп тұрады. Эпифиздің алдыңғы бетінде тобық сүйегіне арналған айдаршық болады. Оның латеральдік және медильдік қырлары аттас айдаршықтар қырларымен бірігеді.

Жылқыда жілік басындағы шұңқыр ойықпен алмастырылған. Үлкен ұршық ойық арқылы ортаңғы ұршық бөлінеді. Сүйек денесінің латеральдік бетінде кіші ұршыққа қарама-қарсы үшінші ұршық орналасады. Ұршықаралық қыр болмайды. Айдаршықүстілік шұңқыр терең.

Ірі қара малдың ортан жілігі қысқалау келеді. Үлкен ұршық пен жіліктің мойыны жақсы жетілген. Айдаршықүстілік шұңқыр таяз.

Шошқада ортан жілік қомақты, қысқа болады. Денесінің дистальдік бөлігі төрт қырлы, онда айдаршықүстілік бұдыр байқалады.

Иттің ортан жілігі жіңішке келеді. Үлкен ұршық жілік басынан аспайды. Денесінің айдаршықүстілік төмпешігі болады.

Сирақ сүйектері- асықты жілік пен шыбық сүйегінен құралған .

Асықты жілік, кеңейіп үшқырлы болып келген, проксимальдік эпифизі латеральдік және медиальдік айдаршықтан тұратын қуысты ұзын сүйек. Бұл айдаршықта орналасқан сүйектің проксимальдік буынды бетінде латеральдік және медиальдік төмпешіктермен шектелген айдаршықаралық дөңес болады. Жіліктің дорсальдік бетінде айдаршықтар өзара жазылдырғыштық сай, ал плантарлық бетінде тобықастылық ойық арқылы бөлініп тұрады.

Асықты жіліктің денесінің дорсальдік бетінің краниальдік жиегі алға қарай шығыңқы, әрі бұдырлы болып жазылдырғыштық сай үстіне қарай иіліп тұрады.

Асықты жіліктің дистальдік эпифизінде буындық беті қыр арқылы екі сайға бөлінген шығыршық орналасады. Ол екі медиальдік және латеральдік қайықшалармен шектелген.

Жылқының асықты жілігі дистальдік шығыршығының буындық бетіндегі қырлар мен сайлар қиғашталып орналасады. Латеральдік айдаршықта шыбық сүйегінің басына арналған бұдыры болады. Медиальдік айдаршықаралық төмпешік жақсы жетілген.

Ірі қара малда медиальдік қайықша жеке сүйек түрінде болып, шығыршықпен буын арқылы байланысады. Сондықтанда айдаршықтың буындық бетінде оған арналған ойыс болады.

Шошқаның асықты жілігі қысқа , қомақты келеді. Сүйектің проксимальдік және дистальдік эпифиздерінің латеральдік беттерінде шыбық сүйегі бекитін бұдырлар болады.

Иттің асықты жілігі S– тәрізді иілген.

Шыбық сүйек- үй жануарларынды әр түрлі дәрежеде дамыған. Жылқыда шыбық сүйектің проксимальдік бөлігі жалпақтанып, бұдырлы болып келеді. Дистальдік бағытта ол жіңішкеріп, үшкірлене келіп, байламға айналады да. Латеральдік қайықша түрінде сүйектің дистальдік бөлігіне бекиді.

Ірі қара малда шыбық сүйегінің басы асықты жіліктің латеральдік айдаршығымен тұтасып кетеді. Оның денесі болмайды, ал дистальдік эпифизі қайықша сүйек түрінде сақталған.

Шошқада шыбық сүйегі жануарларға қарағанда жақсы жетілген жіңішке ұзын сүйек.

Итте шыбық сүйегінің проксимальдік эпифизі жұмырланып келіп асықты жілікке арналған бір ойыспен, ал дистальдік эпифизі екі ойыспен (асықты жілік пен асыққа) жабдықталған.

Жамбастың аяқ басы қаңқасы тілерсек, артқы жіліншік және саусақ сүйектерден құралған.

Тілерсек- үш қатар орналасқан қысқа тілерсектік сүйектерден тұрады. Оның проксимальдік қатарында 2 (асық және өкше сүйегі), ортаңғысында 1 (ортаңғы), ал дистальдік қатарында 2-4 тілерсектік сүйектері орналасады.

Асық- бастан, мойынан және айдаршығы бар денеден тұрады. Шошқа мен күйісіті малдарда бұған қосымша дистальдік айдаршық болады. Асық денесінің латеральдік бетінде өкше сүйегінің сайымен бірігіп тілерсек қуысын түзетін асық сайы орналасады.

Өкше сүйектің өкше төмпегі құс тұмсық тәрізді өсіндісі және асықты бекіткіші болады. Өкшенің медиальдік бетінде өкше сайы өтеді.

Ортаңғы тілерсектік сүйек- өкше I, II және III тілерсектік сүйектің аралығында орналасады.

I тілерсектік сүйек- дистальдік қатардың медиальдік жағында жатады. Жылқыда бұл сүйек II тілерсектік сүйекпен бірігіп кетеді. Ірі қара малда оның пішіні дөңгелек, ит пен шошқада жалпақ болып келеді.

II тілерсектік сүйек- жылқыда ілмек тәрізденіп I тілерсектік , ірі қара малда III тілерсектік сүйекпен тұтасып кетеді. Шошқа мен итте бұл сүйек сына тәрізді болады.

III тілерсектік сүйек- жылқыда ортаңғы сүйекке ұқсас болады. Ірі қара малда ол II тілерсектік сүйекпен бірігіп кетеді. Шошқада бұл сүйектің пшіні жалпақ, ал итте табаны дорсальдік бағытта орналасқан сына тәріздес болады.

IY тілерсектік сүйек- тілерсектің латеральдік жағында , өкше сүйегі мен жіліншік сүйектерінің аралығында орналасады

Артқы жіліншік, I –Y жілішік сүйектерінен құралған. Олар негізінен алдыңғы жіліншікке ұқсас, бірақ оларға қарағанда ұзын және қомақты келеді.

Жамбастық аяқтың саусақ сүйектері кеуделік аяқтың аттас сүйектеріне ұқсас келеді. Тек жылқының тұсамыс және топай сүйектері кеуделік аяқтікіне қарағанда қысқа болады.

Енді сіздер өз беттеріңізбен үй жанауарларының кеуделік және жамбастық қаңқа сүйектерін салыстырмалы түрінде оқып, білулеріңіз керек.

Бақылау сұрақтары:

1. Жамбас белдеуіне қандай сүйектер жатады?

2. Ірі қара малдың, жылқының, шошқаның, иттің жамбас сүйегінің құрылысы мен айырмашылықтары қандай?

3. Ортан жіліктің құрылысы?

4. Үй жануарлары сирақ сүйектерінің құрылысы қандай?

5. Шыбық сүйектің әртүрлі үй жануарларындағы құрылысы мен даму ерекшеліктері қандай?

6. Жамбастық аяқ басы қаңқасы қандай сүйектерден құралған?

7. Тілерсек сүйектерінің құрылысы мен үй жануарларындағы ерекшеліктері?

8. Артқы жіліншік сүйектерінің алдыңғы жіліншік сүйектерінен айырмашылығы бар ма?

Саусақ сүйектерінің құрылысы мен үй жануарларындағы ерекшеліктеріне тоқталыңыз?