Ауыз қуысының мүшелері


Мақсаты: ауыз қуысының мүшелерін зерттеу: ерін,ұрт,қызыл иек,қатты таңдай, жұмсақ таңдай,тіл,сілекей бездері.

Ауыз қуысы ас қорыту жүйесінің алдыңғы мүшесі. Ауыз жұтқыншақпен жалғасады да, ас қорыту жүйесінің бас бөлімін құрайды. Жануарлар ауыз арқылы азықты тістеп үзеді, шайнайды, сілекеймен жібітеді, тілмен арластырып сорады және жұтады.

Үй жануарлар ауыз қуысы екі бөліктен тұрады. Олар : сыртқы қабырғасы еріндер мен ұрттан, ішкі қабырғасы қызыл иек пен тістерден тұратын ауыздың кіреберіс бөлігі және қызыл иек пен тістерден жұтқыншаққа дейінгі –негізгі ауыз қуысы деп аталады.

Жоғарғы және төменгі еріндер екі бүйірден бір-бірімен жалғасып, ауыз бұрышы езуді құрайды.Еріндер аралығында ауыз саңлаулары орналасады. Құрылысы жағынан ерін терілі-етті мүше. Ол сыртынан терімен қапталған. Әр түрлі жануарларда еріннің қызметі түрліше келеді. Иттен басқа жануарлардың еріндері су ішіуге қатысады. Ал жылқы мен ұсақ малдардың еріндері өте қозғалмалы келеді. Ерін сезім мүшесінің қызметін атқарады. Әдетте, еріннің сыртқы тері қабатында сезім түтіктері орналасады.

Жылқының еріндері қалың, ұзын және қозғалмалы келеді. Төменгі ерін жақсы жетілген иекпен жалғасады.

Ірі қара мал еріндері де қалың, қысқа келеді және нашар қозғалады.

Қой мен ешкінің еріндері ұзын, қозғалмалы келеді. Жоғары ерінде су ағар сайы жатады.

Шошқаның жоғары ерні түксіз талпақ танаумен жалғасады. Төменгі ерін үшкірлеу болып келеді.

Иттің еріндері жұқа болып келеді және нашар қозғалады.

Ұрт. Құрылысы жағынан ерінге ұқсас терілі- етті мүше. Ол сыртынан терімен, ал ішкі беті ауыз қуысының кілегейлі қабығымен қапталған. Ұрт ауыз қуысы қабырғаларын құрайды.

Қызыл иек- жақ сүйектерінің тістік жиектерін қаптап, тістерді тіс ұяларына бектітіп тұратын ауыз қуысының кілегейлі қабығы.

Қатты таңдай- ауыз қуысының төбесін құрайды және оны мұрын қуысынан бөліп тұрады. Қатты таңдайда орталық сагитальдік сызықтың бойымен таңдай жігі өтеді.

Жұмсақ таңдай- немесе таңдай шымылдығы қатты таңдайдың тікелей жалғасы. Жұмсақ таңдайдың негізі бұлшық еттерден түзілген. Ал оның екі жағы кілегейлі қабаттармен қапталған.

Жұмсақ таңдайдың кілегейлі қабығында кілегей бөлетін таңдайлық бездер болады.

Ауыз қуысының түбінде – негізінен тіл орналасады. Тіл- бұлшық етті, қимылы жақсы жетілген мүше. Оның бетінде әр түрлі көптеген тіл бүртіктері орналасқан. Тіл дәм сезу, сипап сезу, су мен азықты қабылдау мүшесі.

Тілдің түбірі, денесі, арқасы, екі бүйір беті және ұшы болады. Тілдің үстіңгі кілегейлі қабығынды көптеген бүртіктер орналасады. Қызметіне қарай тіл бетіндегі бүртіктер екі топқа бөлінеді. Біріншісі механикалық топқа жіпше және конусша бүртіктер, ал екінші дәм сезу тобына саңырауқұлақша, қорғанша тәрізді және жапырақша бүртіктер жатады.

Ауыз бездері- қабырғалық және қабырғадан тыс жатқан бездері болып екі топқа бөлінеді. Қабырғалық бездерге ерін, ұрт, таңдай және тіл бездері жатады. Ауыз қуысынан тыс жатқан бездер тобын құлақ түбі, төменгі жақтық және тіластылық бездері құрайды.

Құлақ түбі безі- сыртқы құлақ тесігінің төменгі жағында жақ пен атлант аралығында орналасқан көлемді без.

Төменгі жақ без- төменгі жақ аралық кеңістікте жатады. Бұны құлақ түбі артқы жағынан жартылай сыртынан жауып тұрады.

Тіластылық без- ауыз түбіндегі тіластылық қатпардың кілегейлі қабығында тілдің екі бүйірінде орналасқан.

Жылқыда бұл без болмайды. Күйісті малдарда бұл без көп өзекті тіластылық бездің алдында және одан төмен орналасады.

Тіс- азықты ұстауға, тістеп үзіп алуға,шайнауға, ұсақтауға арналған өте берік ас қорыту мүшесі. Жануарлар тістері атқаратын қызметіне, құрылысына және орналасу орнына қарай әртүрлі болып келеді.

Қызметіне қарай:

1. Кескіш (күрек) тістер

2. Сойдақ (ит) тістер

3. Алдыңғы азу (премолярлар) тістер

4. Азу (молярлар) тістер

Жануарлардың жасына қарай тістер түседі осыған байланысты олар сүттістері және тұрақты тістер болып бөлінеді. Жас төлдерде алдымен күрек, сойдақ және премоляр сүт тістері шығады. Ал, моляр тістері тек тұрақты тістер ретінде ғана кейінірек шығады. Жануарлар тістерінің жалпы санын тіс формуласынан көруге болады. Сүт тістерінің формуласын төмендегідей символикамен белгілейді:

Dd = J D P

J D P

Ал тұрақты тіс формуласы былай жазылады:

Dd = J D P M

J D P M

Құрылыс ерекшеліктерімен дамуына байланысты тістер екі топқа бөлінеді:

1. Қысқасауытты тістер

2. Ұзынсауытты тістер

Қысқасауытты тістер үш бөліктен тұрады: Олар: тістік сауыт, мойын және түбір. Бұлар бір-бірінен айқын бөлініп жатады.

Тісітік сауыт үш қабаттан құралған. Ол сыртынан эмальмен қапталған. Эмальдің астында тістің негізгі қабаты сүйек ұлпасынан тұратын –дентин жатады. Дентиннің ішінде жұмсақ дәнекерлік ұлпамен толған тістік қуыс болады.

Тістік түбірі де үш қабаттан түзілген, ол сыртынан цементпен қапталаған.

Ұзынсауытты тістер тек қана ұзынша келген тістік сауыттан тұрады. Ұзынсауытты тістердің жоғарғы бөлігі ғана ауыз қуысында тіс ұясынан шығып тұрады, қалған ұзын бөлігі тіс ұясында орналасып, тістік түбірдің қызметін атқарады. Бұл тістердің қысқа сауытты тістердін айырмашылығы олар үйкеленіп желінген сайын тістік сауыт тіс ұясынан ауыз қуысына қарай өсіп отырады.

Ұзынсауытты тістер сыртынан цементпен қапталған. Оның астында эмаль, одан соң тістің негізін дентин түзеді. Дентиннің ішіндегі тістік қуыста тіс пульпасы жатады.

Жұтқыншақ- ауыз қуысын өңешпен, мұрын қуысын көмекеймен жалғастыратын, пішіні түтікше келген етжарғақты мүше. Жұтқыншаққа ауыз қуысыннан тамақ тесігі (есін), мұрын қуысынан екі хоан тесіктері ашылады. Жұтқыншақтан өңеш пен көмекейге қарай өңеш және көмекей тесіктері кетеді. Жұтқыншақтың ішкі бетінде тыныс алу және ас жүретін жолдар айқасып жатады.

Хоан тесігі маңында, жұтқыншақтың бүйірлік бетінде ортаңғы құлаққа апаратын жұп есту түтігінің тесіктері орналасқан.

Жануарлар қабылдайтын азық ауыз қуысында өңделген соң, жұтқыншақтың ас қорыту бөлігі арқылы тіл түбірі қысымының көмегімен өңешке өтеді. Осы кезде жұтылатын азықтың қысым әсеріне байланысты таңдай шымылдығы көтеріліп, көмекей жолы жабылады.

Бақылау сұрақтары

1. Әртүрлі үй жануарлары еріндерінің, ұрттың, қатты және жұмсақ таңдайының құрылысындағы ерекшеліктер?

2. Тілдің құрылысын еске түсіріңіз. Қандай бұлшық еттер тіл қозғалысын қамтамасыз етеді?

3. Қабырғалық және қабырғадан тыс жатқан сілекей бездерінің құрылысын еске түсіріңіз. Олардың өзектері қайда ашылады?

4. Үй жануарлар тістерінің қандай түрлерін білесіз?

5. Қысқасауытты тістердің құрылысы қандай?

6. Ұзынсауытты тістердің құрылысы еске түсіріңіз?

7. Үй жануарлар тістерінің құрылыс ерекшеліктері.

8. Жұтқыншақтың құрылысы?