Өңеш және қарын


Мақсаты: Өңеш және қарындардың құрылысын және топографиясын зерттеу.

Өңеш жұтқыншақты қарынмен жалғастырып, жұтылған азықты ауыз қуысынан қарынға жеткізетін ұзын түтікше етті-жарғақты мүше. Денедегі орналасу орнына қарай өңешті үш бөлікке бөледі, олар: мойындық, көкіректік және құрсақтық бөліктер.

Өңеш- құрылысы жағынан түтікше мүше. Сондықтан оның қабырғасы үш қабаттан тұрады. Кілегейлі қабығының ішкі бетін көп қабатты жалпақ эпителийй ұлпасы астарлайды.

Өңештің еттік қабығы көлденең жолақтық ұлпадан құралады. Өңештің сыртқы қабығы, оның мойын бөлігінде адвентициядан, ал көкірек және құрсақ қуыстары да сірілі қабықпен қапталған.

Микроскоптың кішкене ұлғайтқышы мен препараттан ит өңешінің мойын бөлімін шырышты қабығын, бұлшық ет қабығын және адвентициясын көру керек. Үлкен ұлғайтқышпен өңештің көлденең кесіндісінің суретін салып, мыналарды белгілеу керек: 1-шырышты қабық: а-эпителий қабаты, б-өзіндік пластинкасы,в-бұлшық ет пластинкасы, г-шырыш астындағы негіз; 2- шырыш бездері, 3-бұлшық ет қабығы: д-циркулярлық қабат, е-бұлшық ет аралық қабат (ұзына бойына); 4- адвентиция

Қарын ас қорыту түтігінің қапшық тәрізді кеңейген бөлігі. Қарын негізінен сөл бөлу, механикалық (азықты қозғау, араластыру, сығу), қорыту (күрделі органикалық заттарды белоктарды ыдырату), сіңіру,зат алмасу өнімдерін шығару(экскреция) қызметтерін атқарады.

Бөлімдерінің санына байланысты қарын бір бөлімді және көп бөлімді болып екі топқа бөлінеді. Ал ішкі кілегейлі қабығының құрылысына қарай , безсіз, безді және аралас безсіз-безді типтес болып үш топқа бөлінеді.

Бір бөлімді қарынның сол ұшынан қарынға кіреберіс тесігі ашылады. Ал, оның оң жақ ұшынан он екі елі ішекке шығаберіс жерін пилорикалық бөлік дейді. Осы бөлік он екі елі ішекке пилорикалық тесік арқылы жалғасады. Қарын беттері бір-бірімен оның үстіңгі және астыңғы жиектерінде тоғысып, қарынның үлкен және кіші иіндерін түзеді. Қарынның үлкен иін тұсындағы орталық бөлігі қарын түбі деп аталынады.

Қарынның безді типтес бөлігінде құрылысы мен қызметінде әртүрлі бездер орналасады. Олар үш топқа бөлінеді: кардиальдік бездер, қарын түбі фундальдік бездер және пилорикалық бездер. Осы бездер орын тепкен кілегейлі қабық аумақтары да бездер аттас: краниальдік, фундальдік және пилорикалық бездер аумақтары деп аталады.

Препараттан- безді қарынның түбінен кіші ұлғайтқышпен кілегейлі, бұлшық ет, сірі қабықтардың барлық қабаттарын тауып алу керек. Үлкен ұлғайтқышпен фундальдік бездердің құрылысын қарау керек. Олардың мойнын, денесін, түбі мен бездің саңылауын тауып алу керек.

Бір бөлімді қарындар қабырғаастылық аумақтарда, негізінен оның сол жағында орналасады, кейбір малдарда семсерше өсінді аумағына дейін орын тебеді.

Күйісті мал қарындары құрылысы жағынан күрделі болып келеді. Қарын төрт бөлімнен тұрады. Бұлардың алдыңғы үш бөлімінде механикалық процестер жүреді. Қарынның осы үш бөлімі мес қарын, жұмыршақ, қатпаршақ- алдыңғы қарындар деп аталады. Ал қарынның төртінші бөлімі –ұлтабарда механикалық және биологиялық жолмен өңделген азық химиялық жолмен қорытылады.

Ересек жануарларда мес қарын көлемі жағынан бірінші орында. Ол құрсақ қуысының сол жақ жартысын толығымен алып жатады. Жұмыршақ диафрагманың артқы жағында орналасады.

Қатпаршақ оң қабырғаастылық аумақта жатады. Ұлтабар оң қабырғаастылық аумақта, кейде семсер өсінді аумағында жатады. Мес қарын екі дорзальдік және вентральдік қатпардан құралады, ішкі кілегейлі қабығы көп қабатты жалпақ эпителиймен астарланған. Кілегейлі қабатта көптеген бүрлер орналасады.

Жұмыршақ- көлемі жағынан ірі қара малда қатпаршақтан кіші, ұсақ малдарда керісінше үлкен келеді. Жұмыршақ үлкен қарынмен үлкен қарын-жұмыршақтық тесік арқылы қатысады. Кілегейлі қабығында қозғалмалы қатпарлар көп бұрышты жұмыршақтық торлама түзеді.

Қатпаршақ- дөңгелекше келген алдыңғы қарындар бөлімі. Ол жұмыршақты ұлтабармен жалғастырып тұрады және осы екеуінің үстіңгі бетінде орналасады. Қатпаршақтың кілігейлі қабығының ішкі бетінде жапырақша тәрізді жалпақ қатпарлар орналасады. Қатпаршақтық жапырақшалар бетінде азықты сығып ұстау қызметін атқаратын бүртіктер болады.

Ұлтабар- көп бөлімді қарынның химиялық жолмен нағыз ас қорыту процесі басталатын бөлімі. Сондықтан оны нағыз қарын деп те атайды. Ұлтабардың пішіні алмұрт тәріздес келеді. Көлемі жағынан ол ересек малдарда екінші, ал жас малдарда бірінші орында. Ұлтабардың қабырғалық (париетальдік), іштік (висцеральдік) беттері, үлкен және кіші иіні, денесі және түбі болады. Ұлтабардың пилорикалық бөлігінен он екі елі ішекке ауысатын жерінде пилорус қысқыш еті орналасады. Кілегейлі қабығындағы краниальдік, фундальдік және пилорикалық бездер қарын сөлдерін бөледі.

Арнайы дайындалған гистологиялық препараттардан қойдың мес қарынын, қатпаршағын, жалбыршағын көру керек.

Бақылау сұрақтары:

1. Өңештің құрылысы мен қызметін түсіндіріңіз?

2. Үй жануарлары бір бөлімді қарындарының құрылысы мен қызметі?

3. Қарын қабырғасында қандай бездер кездеседі?

4. Күйісті жануарларда қарындарының бөлімдерін олардың орналасу реті мен орындарын атаңыз?

5. Мес қарынның , жұмыршақтың, қатпаршақтың және ұлтабардың кілегейлі қабықтарының бір-бірінен айырмашылығы?