Ішектер, ас қорыту бездері


Мақсаты: Үй жануарлары аш және тоқ ішектері, ас қорыту бездерімен тансып зерттеу.

Жіңішке ішек – қарын мен бүйеннің аралығында орналасқан ас қорыту жүйесінің ортаңғы бөлігі. Жіңішке ішекті үш бөлікке бөледі, олар: он екі елі ішек, ащы ішек және мықындық ішек. Жіңішке ішекте ас қорыту процессі белсенді түрде жүреді. Бұған себеп: аш ішек қуысына ас қорыту бездерінің ас қорыту ферменттеріне бай сөлі шығарылады. Жіңішке ішектің ішкі бетіндегі көптеген қатпарлар мен ішек бүрлері ішектің ішкі сору бетін үлкейтеді. Жіңішке ішектің қабырғасында , басқа түтікше мүшелер сияқты , үш қабаттан түзілген.

Он екі елі ішек- аш ішектің қарыннан кейінгі қысқа шажырқайға ілінген бөлігі. Ол үй жануарларында негізінен оң қабырғаастылық аумақта орналасады. Он екі елі ішектің қуысына бауыр өзегі мен ұйқы безінің негізгі өзегі бірге ашылып, он екі елі ішегінің еміздігін жасайды.

Ащы ішек- көптеген ішек ілмектерінен тұрады, ұзын шажырқайға ілінген. Он екі ішектен басталады да, мықындық ішекке барып аяқталады.

Микроскоппен препараттан ащы ішекті қарау керек. Көңіл аударатын жағдай , шырышты қабық ішек саңылауында томпақ ішек бүрін құруы. Бүрлер арасында эпителиальдық қабат өз пластинкасының бойында түтік тәрізді шұңқырланады. Бұлар ішектер крипталары (либеркюдік бездер). Криптарлардың астында шырышты қабығының бұлшық ет пластикасы жатады.

Үлкен ұлғайтқышпен крипталар мен ішек бүрлерін зерттеу керек. Шырышты қабықтың жіңішке тілімінің бұлшықет пластинкасын қоса суретін салып, мыналарды белгілеу керек: 1-ішек бүрлері, 2- өз пластинкаларындағы ішектердің крипталары, 3- крипталардың арасындағы өз пластинкасының дәнекер ұлпасы, 4- көп қабатты бұлшық ет пластинкасы, 5- бүрлі энтероциттер, 6- панет жасушалары, 7- бокал тәрізді энтероциттер, 8- эндокринді энтероциттер, 9- бүрсіз (камбиальды) энтероциттер.

Мықынды ішек- жіңішке ішектің ең қысқа бөлігі. Оның тоқ ішекке ашылатын тесігінің қабырғасында қысқыш ет орналасады.

Жуан ішек үш бөлікке: соқыр ішек, тоқ ішек және тік ішекке бөлінеді, ол артқы тесік ануспен аяқталады. Жуан ішекте жіңішке ішектен келген азық одан әрі қорытылып, қортылған қоректі заттар, су және еріген тұздар сіңіріледі. Қортылмаған азық қалдықтарынан нәжіс қалыптасып, сыртқа шығарылады.

Соқыр ішек тоқ ішектің тұйық қалта тәрізді басталатын бөлігі.

Жылқының бүйені жақсы жетілген. Оның пішіні үтір тәрізді иіліп келеді.

Соқыр ішек негізі қарын тіәріздес кеңейіп келеді де, үлкен және кіші бүйендік иіндерді түзеді. Бүйеннің бұдан басқа денесі және төбесі болады.

Ірі қара мал бүйенінің ұзындығы 30-70 см, пішіні цилиндр тәрізді, тегіс қабырғалы болып келеді. Ұсақ малдарда бүйеннің құрылысы мен орналасу орны ірі қара мал бүйеніне ұқсас, бірақ мөлшері кіші келеді.

Шошқаның бүйені қысқа, конус тәрізді болады.

Тоқ ішек- жуан ішектің ортаңғы бөлігі.

Жылқының үлкен тоқ ішегі, бір-бірімен шажырқай арқылы байланысқан, бірінің үстінде бірі орналасқан таға пішіндес екі жарты бөліктен тұрады. Күйісті малдардың тоқ ішектерінің пішіні диск тәріздес болып, құрсақ қуысының оң жағында орналасады. Шошқада жиек ішектің пішіні конус тәрізді болып келеді.

Тік ішек- тоқ ішектің қысқа соңғы бөлігі. Ол жамбас қуысында құймышақ астында шажырқайға ілініп, артқы тесік-ануспен аяқталады. Тік ішек анусқа өтер алдында кеңейіп, тік ішек ампуласын түзеді. Тік ішекті сыртынан сірілі қабық тек құйымшақ астындағы тұста ғана қаптайды. Ал оның соңғы бөлігі сыртынан адвентициямен қапталаған.

Микроскоптың кішкене ұлғайтқышымен препаратты тоқ ішекті мұқият қарау керек. Бұл тоқ ішектің көлденең кесіндісіндегі қабырғасы.

Қабырғасының жіңішке тілімінің суретін салып, мыналарды белгілеу керек; 1-ішек криптарлары, 2-бокал тәрізді энтероциттер, 3-шырышты қабықтың бұлшық ет пластикасы, 4- шырыш астындағы негіз, 5- эпителий астындағы лимфа түйіні, 6- бұлшықет қабығы, 7- сероз қабығы, 8-мезотелий ядросы.

Қабырғадан тыс орналасқан ас қорыту бездері.

Бауыр- ас қорыту бездерінің ішіндегі ең үлкені. Құрылысы жағынан паренхиматозды қомақты мүше. Ол организмде көптеген қызмет атқарады, ас қорыту безі ретінде он екі елі ішекке өт бөледі. Өт ұйқы безі мен ішек сөлдеріндегі ас қорыту ферменттерінің белсенділігін аттырады, майды тым ұсақ талшықтарға ыдыратады.

Ішек-қарыннан қанға сорылған улы заттарды залалсыздандырады, қанды микробтардан арылтады.

Бауыр диафрагманың артқы бетінде орналасады. Оның алдыңғы дөңес диафрагмалық артқы ойыс ішектік беттер болады. Бауырдың дорзальдік жиегі доғал, ал оң, сол және вентральдік жиектері жұқа қырлы келеді. Төменгі қырлы жиектегі ойықтар бауырды бірнеше бөліктерге бөледі. Бауырдың ортаңғы ойығы оны екіге: оң және сол бөліктерге бөледі. Бауырдың іштік бетінде жылқы, түйе, бұғыдан басқа жануарларда өттік қап пен одан шығатын өтқаптық өзек көрінеді.

Артқы висцеральдік беттің ортаңғы тұсындағы бауырға қақпалық вена енетін бауыр қақпасы болады.

Бауырдың оң бөлігінің бауыр қақпасынан жоғары жатқан бөлігін құйрықтық бөлік дейді.

Микроскоппен препараттан жылқының бауырын қарау керек. Көлденең кесінді ортасында жақсы көрінетін орталық вена саңылауы бар бір бөлігін тауып алу керек те, үлкен ұлғайтқышпен зертеу керек. Еске алатын жағдай, ол бауырдың барлық бөлімдерінің құрылысы бірдей деп түсіну. Бөлімнің паренхимасын бауыр жасушалары құрайды. Олар көп бұрышты және тартпа (тяж) ретінде орналасады.

Бөлімаралық строманың көлденең кесіндісінде бауыр триадасын (үш ұғымының белгісі) көру керек, олар бөлімаралық артерия, бөлімаралық вена және өт өзегі. Бір бөлімнің өзін қоршаған стромасымен суретін салып, мыналарды белгілеу керек: 1- бауыр пластинкалары, 2- синусоиды капиллярлар, 3- орталық вена, 4-эндотелильды жасушаның ядросы, 5- Купфер жасушасының ядросы, 6- бөлімаралық строма, 7- триада: а-бөлімаралық вена, б-бөлімаралық артерия, в- өт өзегі.

Бақылау сұрақтары:

1. Ащы ішектің шырышты қабығында қандай бездер болады және олар қай жерде орналасады?

2. Ащы ішектің сіңіру қызметін атқарудағы икемділігі неге байланысты?

3. Қай ішекте бокалдық энтероциттер көп кездеседі неге?

4. Тоқ ішекердің ащы ішектерден айырмашылығын көрсететін белгілері.

5. Бауырдың қабығы қандай ұлпалардан тұрады?

6. Бауыр триадасының құрамына не кіреді?