Аталық көбею мүшелері


Мақсаты: Аталық көбею мүшелерінің құрылысымен танысу.

Аталық көбею мүшелерінің негізгі жыныс безі –ен. Онда аталық жыныстық жасушалар- сперсатазоидтар түзіледі.

Препараттан микроскоппен шошқаның аталық жыныс безін көру керек. Онда белок қабығын (капсуласын), одан паренхиманың ішіне қарай өтетін септаларды көру керек. Без паренхимасы иректі ұрық өзегін құрады. Осындай бір өзекті және қабығында жатқан тағы да бір өзекті, араларында жатқан стромасын, Лейдиг жасушаларының ядроларын барын салып, мыналарды белгілеу керек: 1-иректі ұрық өзегі, 2- өзектің қабырғасы оның ішіндегі: а- базальды мембрана, б-сперматогониялар, в- Сертоли жасушалары, г- 1-ші және 2-ші реттегі сперматоциттер, д- сперматидтер, е- қалыптасудағы спермалар, 3-өзектің саңылауы, 4- стромадағы интерстициальды жасушалар.

Ен қосымшасы жыныстық жолдарға жатады. Ен қосымшасы қуысында спермийлер жиналады, уақытша оның қабырға сөлімен қоректенеді. Ен қосымшасының өзегі ен қосымша құйрығынан шәуеттік жолға айналады да, құйрығы енмен арнайы байламмен, ал еннің жалпы қынаптық қабығымен еннің шаптық байламымен байланысады.

Енқап- құрсақ қабырғасынан дамыған, дорба тәрізді қуысты мүше. Оның қуысында ен және ен қосымшасы орын тебеді. Ен қаптың өзі ұмадан және қынаптық қабықтардан тұрады. Еннің жалпы қынаптық және өзіндік қынаптық қабықтарының аралығында қынаптық қуыс болады. Бұл қуыс қынаптық өзек арқылы құрсақ қуысымен жалғасады.

Шәуеттік жол- ен қосымшасының құйрығынан басталатын түтік тәрізді мүше. Қабырғасы үш : кілегейлі, еттік және сірілі қабықтардан тұрады. Құрсақ қуысында шәуеттік жол жамбас қуысына қарай дорсокаудальдік бағытта көтеріліп, қуық мойнының артқы жағында көпіршікті без өзегімен бірігіп, шәует шығару өзегін түзеді.

Енбау- құрамына енге келетін тамырлар, жүйкелер, еннің ішкі көтергіш еті және шәуеттік жол кіреді. Ол сыртынан ен шажырқайының қатпармен қапталған. Енбаудың пішіні конус тәрізді.

Несепжыныстық өзек, немесе аталық уретра шәуеттік жол мен неспшығар өзектің қосылуынан пайда болады. Оның қуық мойнынан басталатын ішкі және жыныстық мүше басына ашылатын сыртқа тесіктері болады.Орналасу орнына қарай ол екіге: жамбастық және жыныстық мүшелік немесе шәуеттік бөліктерге бөлінеді. Оның қабырғасында қосалқы жыныстық бездер орын тебеді. Аталық уретраның қабырғасы ішкі кілегейлі, ортаңғы кеуекті және сыртқы еттік қабаттардан құралған.

Жыныстық мүше- шағылысу мүшесі. Ол сыртынан дәнекер ұлпалық ақтық қабықпен қапталған үңгір қуысты денеден және аталық уретраның жыныстық мүшелік бөлігінен тұрады. Жыныстық мүшенің екі аяқшаларын оның түбірі дейді. Екі аяқшасы бірігіп, оның денесін түзеді. Біріккен аяқшалар аралығында ұзыннан өтетін жыныстық перде мүшесі болады. Жыныстық мүшенің денесі оның басымен аяқталады. Жыныстық мүшенің сыртын қаптаған тері оның басына дейін жауып қатпарланып, пенистің бүрік басы –күпекті (препуцийді) түзеді.

Препараттан микроскоптың кішкене ұлғайтқышымен иттің қуық түбі безінің суретін салмай көру керк. Көңіл аударатын жағдай, ол бездің капсуласы мен стромасы бірыңғай салалы бұлшықет ұлпасынан құралған.

Бақылау сұрақтары:

1. Қызметіне қарай аталық көбею мүшелері қандай бөліктерге бөлінеді?

2. Негізгі жыныстық без –еннің анатомиялық және гистологиялық құрылысы, функциясы мен топографиясы?

3. Ен қосымшасының анатомиялық және гистологиялық құрылысы?

4. Шәуеттік жол қайдан басталып қайда аяқталады?

5. Енбау неден түзіледі?

6. Қосалқы жыныстық бездердің қандай түрлері бар?

7. Жыныстық мүшенің анатомиялық және гистологиялық құрылысы қандай?

8. Енқап қандай қабаттардан тұрады?