Аналық көбею мүшелері


Мақсаты: Аналық көбею мүшелерінің құрылысы мен қызметтерін зерттеп оқу.

Аналық көбею мүшелеріне – жұмыртқалық, жатырлық түтік (жұмыртқалық жол), жатыр, қынап, қынаптық кіреберіс және сыртқа жыныстық мүшелер жатады.

Жұмыртқалық – құрылысы жағынан қомақты паренхиматозды, пішіні сопақша келген жыныстық без. Жұмыртқалықта аналық жыныстық жасушалары дамиды және аналық жыныстық гормондар түзіліп, қанға және лимфаға шығарылады. Жұмыртқалық краниальдік түтіктік ұшына жатыр түтігінің шөлмегі, ал жатырлық ұшына өзіндік жұмыртқалық байлам арқылы жатыр мүйізі бекиді.

Микроскоптың кішкене ұлғайтқышымен препараттан мысықтың аналық безін көру керек. Аналық бездің сыртында бір қабатты жалпақ кейбір жерде текше эпителийді тауып алыңдар. Белок қабығының астында өте көп ұсақ жарық фолликулаларды көру керек. Бұл бірінші (примордиальді) фоликулалар. Одан төмен жақта көлемі әртүрлі фолликулалар байқалады, бұл өсіп келе жатқан фолликулалар. Мұнда жақсы жетілген қуысты фолликулаларда болады. Аналық бездің осы атайды. Препараттың орталық бөлігінде болбыр дәнекер ұлпаның және көлденең кесіндісінен көптеген қан тамырлары шоғырын көруге болады.

Препараттан сары денешікті көру керек, ал көре алмаған жағдайда оны арнайы (демонстрациялық) препараттан көру керек. Препараттың суретін салып мыналарды белгілеу керек: 1- ұрық эпителийі, 2-белок қабығы, 3-қыртысты зат (фолликулалы аумақ), 4- бірінші фолликула, 5- екінші фолликула, 6- қуысты фолликула (Граафов көпіршігі): а- жұмыртқа түзуші төмпешік, б- түйіршікті аумақ, в-шыны тәрізді қабық, г- ішкі тека, д- сыртқы тека, 7- сары денешік, 8-атрезия денешігі, 9- милық заты (тамырлы аумақ) ,10- строма.

Жатырлық түтік (жұмыртқалық жол) жұмыртқалықты жатырмен байланыстырып тұрған, жіңішке иректелген түтікше мүше. Бұның жоғарғы үштен бір бөлігінің қуысында ұрықтану процесі жүреді. Қабырғасы кілегейлі, еттік сірілі қабықтардан тұрады. Жатырлық түтіктің алдыңғы ұшы шөлмек тәрізді кеңейіп шашақталып басталады. Шөлмектің түбінде жатырлық түтіктің құрсақтық тесігі, ал жатырға барып ашылатын тесігін жатырлық тесік дейді.

Жатыр- іштегі ұрықтан дамитын қуысты мүше. Үй жануарларының жатыры екі мүйізді жатырлар типіне жатады. Оның екі мүйізі денесі және мойны болады. Жатыр мүйіздерінің қуыстарына түтіктің тесігі ашылады. Жатырдың екі мүйізі мен денесінің қуыстары бірігіп, жатыр қуысын түзеді. Жатыр қуысы жатыр мойнының өзегі арқылы қынапқа ашылады.

Жатырдың қабырғасы үш: ішкі кілегейлі, ортаңғы ет және сыртқы сірлі қабықтардан құралған.

Бие жатырының мүйіздері оның денесінен сәл ғана ұзын келеді, доға тәріздес. Сиыр мен ұсақ малдардың жатыр мүйіздері керісінше иілген, яғни оның дөңес беті жоғары қарай бағытталған. Оның кілегейлі қабығында әрбір қатарында 10-14-тен төрт қатар жатыр карункулалары (сүйелшелері) орналасады. Шошқаның жатыр мүйіздерінің ұзындығы 140-150см-ге дейін жетеді. Пішіні ішек ілмектеріне ұқсас.

Микроскоппен препараттан жатырды көріп, суретін салмай зертеу керек.

Қынап- шағылысу және босану мүшесі. Қабырғасы ішкі кілегейлі, ортаңғы еттік қабықтардан және сыртқы адвентициядан тұрады. Қынап қынаптық кіреберіске айқын шекарасыз өтеді. Олардың шекарасының қызметін уретраның сыртқы тесігі ғана белгілеп тұрады.

Сыртқы- жыныстық мүшеге жыныстық ернеулер, жыныстық саңлау және клитор жатады. Жыныстық ернеулердің негізін жыныстық саңылауды қысқыш ет құрайды.

Бақылау сұрақтары:

1. Аналық жыныс бездерінің аталық жыныс бездерінен қандай айырмашылықтары бар?

2. Жатырлық түтіктің құрылысы, орналасу орны және қызметі.

3. Жатырдың құрылысы , орналасу орны.

4. Бие, сиыр, қой, шошқа жатырының құрылыс айырмашылықтары?

5. Қынап пен қынаптық кіреберістің құрылысын еске түсіру

6. Сыртқы жыныстық мүшелердің құрылысы?