Ішкі секреция бездері


Сабақ мақсаты: Ішкі секреция бездерінің топографиясын зерттеп олардың қызметімен танысу.

Ішкі секреция бездері немесе эндокринді бездер биологиялық белсенді заттар- гормондар түзіп солардың көмегімен организімдегі зат алмасу процессін реттеуге қатысатын мүшелер жүйесі болады.

Эндокринді жүйе орталық және шеткі бөлімдерге бөлінеді, бірақ олар өзара іс-қимыл жасайды да, біртұтас жүйе құрайды. Орталық бөлімге гипоталамус, гипофиз, эпифиз, шеткісіне- қалқанша, қалқанша маңы және бүйрек бездері жатады.

Бұл бездер өз секреттерін (гормондар) тікелей қанға, лимфа, ұлпалық сұйыққа бөледі. Гормондар қан, лимфа, ұлпалық сұйық арқылы организімнің барлық жүйелер мүшелеріне жетіп, олардағы зат алмасу қызметін реттеуге қатысады. Денедегі бұндай сұйық ұлпалар арқылы зат алмасуды реттеуді- гуморальді реттеу дейді. Организмдегі зат алмасу деңгейінің гуморальді реттелуі жүйке жүйесінің бақылауында болады. Сондықтан денедегі, бұл екі түрлі реттелуді біріктіріп, нейро-гуморальді реттелу деп атайды. Эндокринді бездердің үйлесімді қызметін орталық жүйке жүйесі, дәлірек айтсақ, аралық мидың гипоталамикалық бөлігі реттейді. Гипоталамус сұр зат ядроларында биологиялық белсенді заттар түзетін нейрондар болады. Гипоталамус осы белсенді заттардың көмегімен бүкіл эндокринді бездер жүйесінің орталық мүшесі- гипофиз қызметін реттеу арқылы ішкі секреция бездер жұмысын басқаруға қатысады.

Барлық эндокринді бездер құрылысы жағынан қомақты мүшелер. Олар сыртынан дәнекер ұлпалық қапшықпен қапталған. Бездердің ішкі құрылысында строма және паренхима болады. Бұлардың басқа паренхималық мүшелерден құрылыс айырмашылығы- ішкі секреция бездерінің паренхимасында шығару өзектері мен соңғы бөлімшелері болады.

Гипофиз- көптеген эндокринді бездер қызметін реттейтін, ішкі секреция бездер жүйесінің орталық мүшесі, ол бас сүйегі ми сауыты бөлігіндегі түрік ершік сайында орналасады. Гипофиз екі түрлі ұлпадан дамыған. Оның алдыңғы және ортаңғы бөліктері эпителий ұлпасынан, ал артқы бөлігі жүйке ұлпасынан тұрады. Гистологиялық препараттарында гипофиз бөліктерінің шекараларын оңай ажыратуға болады.

Препараттан, гипофизден жақсы боялған аденогипофизды, гипофиздың саңылауын (Ратке қалтасының қалдығы), жарық қызғылт түсті нейрогипофизді және гипофиз сабағының бөлімін тауып алу керек. Кіші ұлғайтқышта аденогипофиздің үш бөліктен тұратыны анықтау керек. Оның негізін дистальді бөлігі құрады. Аденогипофиздің, гипофиз сабағының үстіндегі азғантай жерін оның туберальдық бөлігі дейді. Гипофиз саңылауы аденогипофиздің дистальдік бөлігін нейрогипофизді қоршап тұратын көп қабатты жасушалар тартпасынан (тяжінен) бөліп тұрады. Бұлар аденогипофиздің аралық бөлігін түзеді. Үлкен ұлғайтқыштағы препараттың суретін салып, мыналарды белгілеу керек; 1- аденогипоздің туберальдық бөлігі, 2- аденогипоздің дистальдық бөлігі: а- хромофобтық аденоциттер, б- ацидофильдік аденоциттер, в- базофильдік аденоциттер; 3- гипофиз саңылауы (Ратке қалтасының қалыңдығы), 4- аденогипофиздің аралық бөлігі: г- интермедиоциттер; 5- нейрогипофиз: д- нерв талшықтары (гипоталамустағы ірі жасуша ядроларындағы нейроциттер аксондарының тармақтары), е-питуциттер; 6- синусоидты капиллярлар.

Гипоталамуста түзілген нейросекрет нейрондардың аксондары бойымен төмен қарай ағып, гипофиздің артқы бөлігінде жиналады да, одан әрі қан айналу жүйесіне шығарылады. Сондықтан гипофиздің соңғы бөлігін нейросекрет қоры жиналатын бөлік деп те атайды.

Эпифиз- көлемі жағынан шағын келген шырша бүрі тәрізді бұдырлы мүше. Сондықтан кейде бүр тәрізді без деп те атайды. Ол аралық мидағы төрт- төмпек денесінің алдыңғы төмпешіктерінің аралығында орналасқан. Өзінің әсер ету дәрежесі бойынша эпифиз, гипофиздің антогонисі, яғни қарама-қарсы әсер етуші мүше болып есептеледі. Эпифиз стромасы безді бірнеше бөліктерге бөлетін өте жұқа капсула (қапшық) мен дәнекерұлпалық аралықтар- септалардан тұрады. Септалар арқылы қан тамырлары мен жүйкелер өтеді. Бездердің паренхимасы нейроглиальді негізінен құралған. Олар екі түрлі жасушалардан тұрады. Серотинин, мелатонин, адреногломерулотропин тәрізді гормондарды түзіп шығаратын жасушаларды- безді пинеалоциттер дейді. Ал, көлемі жағынан ұсақ, ядролары тығыз, аздаған цитоплазмасы бар тармақты жасушаларды- гиальді жасушалар дейді.

Қалқанша без- бұдырлы, қызғылт-қоңыр түсті, көмекейден кейінірек, кеңірдектің бастапқы шеміршектерінің екі бүйірі мен вентральдің бетінде жатқан без. Бұның екі бүйір бөлігі және мойыншығы болады. Қалқанша без сыртынан тығыз дәнекерұлпалық капсуламен қапталған. Капсуладан ішке қарай дәнекерұлпалық аралықтар тарап, безді бірнеше бөлікшелерге бөледі. Бұл бөлікшелер өз кезегінде көптеген фолликулдерден (көпіршіктерден) тұрады.

Қалқанша без препаратын микроскоптың кіші үлкейткішімен зерттеу арқылы бездің негізгі бөлігін, қабырғасы бір қабатты эпителийден тұратын фолликулдер құрайтындығын көруге болады.

Фолликулдер қабырғаларындағы безді эпителий жасушалары құрамында иод элементі бар тиреоидты (тироксин) гормондарын түзеді. Бұл гормондар организмдегі зат алмасу, процессін белгілі бір дәрежеде жүруін, дене қызуының реттелуін қамтамасыз етеді.

Қалқанша бездің қызметі күшейген (гиперфункция) кезде тиреоциттердің биіктігі артады, олардың ядроларының көлемі үлкейеді фолликулдер ішіндегі коллоид ертіндісі сұйықтанып, онда кері сору қуыстары (вакуолдері) жиі орналасады. Ал, без қызметі төмендеген жағдайда(гипофункция) тиреоциттер жалпақтанып, ядроларының көлемі кішірейеді. Қалқанша без фолликулдері фолликулдераралық аралшықтардан дамиды. Бұл интерфолликулярлық аралшықтар жасушаларының ішінде парафолликулярлық жасушаларды (К-жасушалар) кездестіруге болады. Аталған бұл жасушалар құрамында иод элементі жоқ тиреокальцитонин деген гормон түзеді. Бұл гормон организмдегі кальций алмасу процесіне қатысып, оның сүйектерде қорланып жиналуын қамтамасыз етеді.

Қалқанша маңындағы без- пішіні дөңгелекше немесе сопақша келген екі жұп без. Ол қалқанша бездің алдыңғы жағында орналасады. Без паренхимасын негізін паратгормонды түзетін, негізгі жасушалар құрайды. Паратгормон қан құрамындағы кальцийді көбейтіп, фосфорды азайту арқылы фосфор- кальций алмасу процесін реттейді.

Бүйрек үстілік без, қоңырқызғылт түсті, бүйректің алдыңғы ішкі жағында жатқан жұп без. Сыртына дәнекерұлпалық капсуламен қапталған.

Капсуланың астында қыртысты заттар жатады, олар инкреторлық жасушалар мен көптеген кеңейген қан капиллярларынан түзіледі. Капсуланың астында осы жасушалардың тартпасы тәрізді доға шумақтар құрайды (шумақты бөлік). Одан кейін олар шоқ тәрізді болып орналасады (шоғырлы бөлік), ал кейінен қабаттасып олар тор тәрізді (торлы бөлік) болады. Препараттың ортасында милық зат жатады, оны қыртысты заттың тор тәрізді бөлігі қоршап жатады. Капсуланы, қыртысты заттар мен милық заттың бөліктерін үлкен ұлғайтқышпен көріп, суретін салып, мыналарды белгілеу керек: 1- капсула, 2- қыртысты зат: а-шумақты бөлік, б- шоғырлы бөлік, в- торлы бөлік, г- капиллярлар; 3- милық зат: д-хромафильді жасушалар, е-синусоидты капиллярлар.

Бақылау сұрақтары.

1. Ішкі және сыртқы секреция бездеріне морфо-функциональдық анықтама беріңіз.

2. Қалқанша және қалқанша маңындағы бездің анатомиялық және гистологиялық құрылысы топографиясы мен қызметі.

3. Гипофиз бен эпифиздің гистологиялық құрылысы, топографиясы және қызметі.

Бүйрекүстілік бездің гистологиялық құрылысы, топографиясы және қызметі.