Вегетативтік жүйке жүйесі


Жұмыстың мақсаты: Симпатикалық және парасимпатикалық нерв жүйесінің орталық бөлімдері мен нерв жолдарын (түйінге дейінгі, түйіннен кейінгі) зерттеп, қай органдарды нервтендіретінін білу.

Нерв жүйесінің вегетативті бөлігі. Нерв жүйесінің вегетативті бөлігінің соматикалық бөлігінен айырмашылығы ішкі органдарды, қан және лимфа тамырларын, жүректі, бездерді нервтендіреді. Вегетативті нервтер көлденең жолақты ет тканін де (бұлшық еттер) жүйкелендіреді. Бірақ олардың жиырылуына тікелей әсер етпей, зат алмасуын арттырып, қызметін ғана күшейтіп, органдарға трофикалық әсер етеді.

Вегетативтік нерв жүйесінің соматикалық нерв жүйесі сияқты орталық және шеткі бөліктері болады. Орталық бөлігіне ми мен жұлын жатса, шеткі бөлігіне нерв түйіндері, нерв талшықтары, нерв өрімдері жатады.

Вегетативтік нерв жүйесінің рефлекторлық доғасындағы нейрондардың орналасу жағдайында ерекшеліктері бар. Себебі, олардың ми мен органдар арасындағы эфференттік жолы екі нейрондық жол болып табылады. Бірінші нейрон ми мен жұлында (орталық нерв жүйесінде) жатса, екінші эфференттік нейрон жүйкелендіретін мүшелерге жақын немесе органдар ішіндегі түйіндерде орналасады. Сондықтан да олардың талшықтары (нейриттері) эфференттік жолдың «түйінге дейінгі» (преганглионарлы) және «түйіннен кейінгі» (постганлионарлы) жолдарын түзеді.

«Түйінге дейінгі» талшықтар (жолдар) ақ миелин қабықшамен жабылған бірінші нейрондардың нейриттері болып саналады. Олар ми мен жұлында жатқан аралық нейрондар. Олардың нерв ұштары екінші эфференттік нейрон денесіне келіп түйіседі. Ал «түйіннен кейінгі» талшықтар (жолдар) шеткі түйіндерде жатқан екінші эффекторлы нейрондардың өсінділері (нейриттері) болып саналады. Бұл талшықтардың миелинді қабықшасы болмайды. Олардың нерв ұштары тікелей органдарға жетіп, сол органдарды жүйкелендіреді. Нерв жүйесінің вегетативті бөлігі — физиологиялық, формакологиялық және морфологиялық ерекшеліктеріне қарай симпатикалық және парасимпатикалық жүйелеріне бөлінеді.

Симпатикалық нервтердің аралық нейрондары жұлынның көкірек және бел сегменттерінің бүйір мүйізінде жатады. Осы жұлын сегменттерінен шыққан нерв талшықтары алдыңғы түбіршік құрамымен жүріп отырып, жулын нертверімен симпатикалық баған түйіндеріне дейін жетеді.

Парасимпатикалық нерв жүйесінің орталық бөлігі ортанғы ми, көпір, сопақша ми бөліктері мен жұлынның сегізкөз сегменттерінде жатады. Осы ми бөліктерінен шыққан парасимпатикалық талшықтар ми нервтерінің құрамында түйіндерге дейін жетеді. Ол түйіндерден шыққан парасимпатикалық нерв талшықтары көз-қимыл, бет, тіл-жұтқыншақ және кезеген нервтер (III— VIIIXX) құрамында жүріп отырып органдарға барады. Ми бөліктерінен шыққан парасимпатикалық нервтер ішкі органдарды, қан қысымын, тыныс алуы, асқазан, ішек жұмыстарын, организмдегі зат алмасу процестерін реттеп тұрса, сегізкөз сегменттерінен шығатын парасимпатикалық талшықтар жамбас нервтерінің құрамымен жүріп отырып, жамбас ішіндегі органдарды жүйкелендіреді..

Вегетативті нерв жүйесінің симпатикалық бөлімі (симпатический отдел вегетативной нервной системы).

Симпатикалық нейрондар жұлынның көкірек сегменттері бүйір мүйізінде жатады. Ол нейрондардан шыққан ұзын талшықтар ақ дәнекер бұтағын түзіп түйінге дейінгі жолға жалғасып симпатикалық бағанның түйіндеріне жетеді. Бұл түйіндер ұзына бой өзара қосылыстар жасап омыртқа жотасының екі жағындағы симпатикалық тізбектер түзеді. Бұл симпатикалық тізбектер ми сауытының астыңғы жағынан басталып, омыртқа жотасының екі жағымен құймышақ сүйегіне жетеді.

Симпатикалық баған жатқан жағдайына қарай мойын, көкірек, бел, сегізкөз құймышақ бөлімдеріне бөлінеді.

Симпатикалық бағанның мойын бөлімі мойын омыртқаларының көлденең өсінділерінің алдында, бұлшық еттерінің астында жатады. Бұл бөлігі бір-бірімен қосылыста жатқан үш жұп симпатикалық түйіндерден түзілген. Оларға жоғарғы, ортаңғы және төменгі мойын түйіндері жатады.

Жоғарғы мойын түйіні түйіндердің ішіндегі ең ірісі, ол жоғарғы IIIII мойын омыртқаларының тұсында жатады. Бұл түйіннен шыққан нерв талшықтары, көрші жатқан түйіндермен, органдармен және тамырлармен, сонымен қатар, жоғарғы төрт жұлын нервтерімен, тіласты, мойындырық, кезеген, диафрагмалды нервтерімен және ішкі-сыртқы ұйқы артерияларымен жалғасып жатады. Бұл түйіннен шыққан жоғарғы жүрек нервісі, көкірек қуысындағы жүрек нерв өріміне жалғасады.

Ортаңғы мойын түйіні сопақша пішінді, төменгі (VVI) мойын омыртқалар тұсында орналасқан. Бұл түйіннен шыққан нервтер жұлынның төменгі мойын нервтерімен, айнала жатқан органдармен, тамырлармен және жоғарғы, төменгі мойын түйіндерімен қосылыстар жасайды. Сонымен қатар осы түйіннен ортаңғы жүрек нервісі шығып ол да жоғарғы жүрек нервісімен бірге жүрек өріміне қатысады.

Төменгі мойын түйіні немесе «жұлдызша» түйін екі түйін қосылысынан пайда болып, пішіні төрт бұрышты келеді. Ол түйін VII мойын омыртқа мен I қабырға басының тұсында жатады. Бұл түйіннен VIVIII жұлынның мойын нервтеріне, мидан таралған нервтерге, мойын бөлігіндегі қан тамырларына тарамдар шығады. Сонымен бірге осы түйіннен шыққан төменгі жүрек нервісі жүрекке жетіп жоғарғы және ортаңғы жүрек нервтерімен бірге жүрек өрімдерін түзеді.

Қорытып айтқанда, мойын бөлігінің түйіндерінен шыққан симпатикалық нервтер мойын мен бастың қан тамырларын, бездерін, жұтқыншақ пен көмекейді нервтендіріп, жүрек, мойын, иық нерв өрімдерін түзуге қатысады. Сонымен қатар, көздің қарашығын кеңейтетін етті де жүйкелендіреді.

Симпатикалық бағанның көкірек бөлімі көкірек омыртқаларының екі жағында ұзына бой жатады. Бұл бөлім 10—12 жұп көкірек түйіндерінен түзілген. Олардың пішіндері үш бұрышты, жоғарыдан төмен қарай ірілене келеді.

Көкірек бөлімінің симпатикалық түйіндерінің негізгі нерв тарамдарына үлкен және кіші құрсақ нервтері жатады. Олар көкірек түйіндерінен басталып диафрагма арқылы құрсақ қуысына өтіп, асқазанның астыңғы жағындағы «күн тәрізді» нерв өрімінде аяқталады. Көкірек түйіндерінен осы аталған екі нервтен де басқа көкірек қолқасы мен көкірек органдарына барып өрімдер жасайтын парасимпатикалық нерв талшықтары шығады.

Құрсақтың немесе күн тәрізді өрім (солнечное сплетение)—вегетативті нерв жүйесінің, өрімдерінің ішіндегі ең ірісі болып саналады. Сол себептен оны кейде «құрсақ миы» деп те атайды. Ол екі бүйрекүсті бездерінің аралығында, құрсақ артериясын қоршап жатады. Бұл өрімнің құрамына қарынасты, оң жақ кезеген нерв, III бел нервтері мен диафрагма нервісі кіреді, Өрімнен таралған симпатикалық нервтер құрсақ қуысындағы органдарды, қан және лимфа тамырларын жүйкелендіреді.

Симпатикалық бағанның бел бөлімі төменгі қуысты венаның оқ жағы мен құрсақ қолқасының сол жағында бел омыртқалар тұсында жатады. Осы бел түйіндерінен шыққан нерв талшықтарынан «құрсақ өрімі» пайда болады.

Симпатикалық бағанның сегізкөз-құйымшақ бөлімі төрт жұп түйіннен түзіледі. Бұл түйіндерден шыққан нерв талшықтарының қосылысынан құрсақ қолқасының төменгі бөлігін қоршап жатқан, «төменгі құрсақ өрімі» пайда болады. Бұл өрімнен шыққан симпатикалық нервтер ішкі мықын артериясымен бірге тарамдалып, кіші жамбас ішіндегі органдарға (қуыққа, тік ішекке, шәует бауына, шәует көпіршіктеріне жатыр мен қынапқа) барып сол мүшелерді жүйкелендіреді.

Вегетативті нерв жүйесінің парасимпатикалық бөлімі (парасимпатический отдел вегетативной нервной системы). Бұл нерв бөлігі симпатикалық нерв бөлігіне ұқсас, орталық және шеткі бөлімдерден түзілген. Оның орталық бөліміне парасимпатикалық нерв клеткаларының шоғырланған жерлері — ортаңғы ми, көпір және сопақша ми бөліктері мен сегізкөз сегменттері жатады. Осыған байланысты, парасимпатикалық нерв жүйесінің орталығын ми және жұлын бөліктеріне бөлеміз.

Парасимпатикалық нерв жүйесінің шеткі бөлігіне осы айтқан орталықтардан шыққан нервтер мен түйіндер кіреді. Нерв талшықтары «түйінге дейінгі» (предузловые волокна) және «түйіннен кейінгі» (послеузловые волокна) жолдар түзеді. «Түйінге дейінгі» нерв талшықтары парасимпатикалық орталықтардан (ми және жұлыннан) басталса, «түйіннен кейінгі» нерв талшықтары парасимпатикалық түйіндерден басталып, нервтендіретін органдарына дейін жетеді. Түйіндердің кейбіреулері органдардың қабырғасында орналасса, кейбіреулері органдардың қасында орналасады.

Ортаңғы ми, көпір және сопақша ми бөліктерінен (орталықтарынан) шыққан парасимпатикалық нерв талшықтары ми нервтерінің құрамымен нервтендіретін органдарға жетеді. Оларға көз-қимыл, бет, тіл-жұтқыншақ және кезеген (IIIVIIIXX) нервтер жатады. Осы ми нервтерінің құрамындағы парасимпатикалық талшықтар түйіндерге келіп аяқталады. Сол себептен оларды «түйінге дейінгі» талшықтар дейді. Осы талшықтардың аяқталған түйіндерінен екінші нейрондар басталып, олардың талшықтары (нейриттері) «түйіннен кейінгі» жол түзіп, нервтендіретін органдарына жетеді.

Парасимпатикалық түйіндерге — кірпікті, қанат-таңдай, құлақ, жақасты түйіндері мен көкірек және құрсақ қуысындағы органдар түйіндері жатады. Осы түйіндерден шыққан парасимпатикалық талшықтар өздеріне тән органдарын жүйкелендіреді.

Ортаңғы ми бөлігінен шыққан көз-қимыл (III) нервісінің құрамындағы парасимпатикалық талшықтар көз алмасының нұрлы қабықшасының ет талшықтарын жүйкелендіреді. Егер бұл нерв талшықтарын тітіркендірсе, көз қарашығы кеңейеді.

Бет (VII) нервісінің құрамындағы парасимпатикалық талшықтар тіласты және жақасты сілекей бездерін, көздің жас бездері мен мұрын қуысының кілегей бездерін жүйкелендіреді. Тіл — жұтқыншақ нерв (IX) құрамындағы парасимпатикалық талшықтар шықшыт безін жүйкелендіреді.

Парасимпатикалық нервтер ішіндегі ең ірісі кезеген нерв (X). Бұл нерв сопақша мидың ромба ойысындағы ядролардан басталып, «түйінге дейінгі» жол түзіп, көкірек қуысы мен құрсақ қуысындағы органдардағы түйіндерге келіп жалғасады. Осы талшықтар келіп аяқталған парасимпатикалық түйіндерден кезекті нейрондар талшықтары шығып, «түйіннен кейінгі» жолдар түзіп, ішкі органдарды жүйкелендіреді.

Жұлынның сегізкөз сегменттеріндегі парасимпатикалық орталықтан шыққан нерв талшықтары, «түйінге дейінгі» жолдар түзіп, алдыңғы түбіршік құрамында, одан кейін жамбас нервісімен жүріп отырып, түйіндерге дейін жетеді. «Түйіннен кейінгі» жолға кіші жамбас ішіндегі органдарға баратын парасимпатикалық талшықтар жатады. Олар құрсақасты өрім құрауға қатысады. Одан тараған нервтер зәр шығару және жыныс органдарын жүйкелендіреді.

Қорытып айтқанда, вегетативті нерв жүйесінің симпатикалық және парасимпатикалық нерв талшықтарымен барлық ішкі органдар жүйкелендіреді. Осының нәтижесінде, бездердің сөл бөліп шығаруы, біріңғай салалы ет ткандерінің жиырылуы, қан тамырларының кенейіп-тарылуы, жүрек қызметі мен зат алмасу тағы басқа физиологиялық процестер реттеліп отырылады. Мысалы, симпатикалық нерв импульсі кез қарашығын кеңейтсе, сілекей сөлі мен көз жасын азайтса, қан қысымын арттырып, жүрек соғуын жылдамдатса, парасимпатикалық талшықтар арқылы берілген нерв импульстері аталған органдардың жұмысына керісінше әсер етеді.

Симпатикалық және парасимпатикалық нерв импульстерінің органдар мұқтаждығына қарай алма-кезек өзгеруі орталық нерв жүйесінің оның ми қыртысының басқаруына байланысты өтеді.

Вегетативті нерв жүйесінің барлық нерв жүйесімен тығыз байланыста екендігін орыстың атақты ғалымы И.П.Павлов және оның оқушысы К.М.Быков ғылыми зерттеу жолымен анықтады.

Бақылау сұрақтары:

1. Нерв жүйелеріне не жатады?

2. Ми нервтері құрамы мен атқаратын жұмысына қарай нешеге бөлінеді?