Сезім мүшелері


Ағзаға әсер ететін түрлі тітіркендіргіштер, сезімтал нерв талшықтарының ұштары — рецепторлар арқылы қабылданады. Олар арнаулы сезім мүшелерінде және денеде орналасқан.

Рецепторлардың белгілі органдарға жинақталуы ағзаның эволюциялық дамуы мен сыртқы ортаға бейімделу нәтижесінде пайда болған. Жалпы рецепторлар шоғыры дыбысқа, жарыққа, иіске т. б. тітіркендіргіштерді қабылдауға икемделген. Оларды әдеттенген тітіркендіргіштер деп атаймыз. Осы әдеттенуге байланысты есту, көру, иіс, дәм, тепе-теңдік сезім органдары дамыған.

Омыртқалы жануарларда нерв жүйесі күрделеніп тіршілікке қажетті иіс, дәм, есту, көру, тепе-теңдік органдарының рецепторлары шоғырланады.

Үлкен ми сыңарлары бөліктерінің күрделі даму нәтижесінде сезім органдарының орталықтары пайда болады. Олар анализаторлардың рецепторлары мен нерв талшықтары арқылы байланысады. Рецепторлар арқылы қабылданған қозу ми қыртыстарына жеткізіліп отырылады, онда талдау, талқылау процесі жүріп, сезім ажыратылады. Сондықтан да адам дүниедегі бар затты сезім органдары арқылы қабылдап, анализаторлары арқылы түсінік алады.

И. П. Павловтың айтуы бойынша анализатор — белгілі бір қызмет атқаратын күрделі жүйе болып табылады. Оның өзі үш бөлімнен шеткі — рецепторлардан, өткізгіш жолдары — нервтерден және орталық ми бөліктерінен тұрады.

Тітіркендіргіштерді қабылдайтын анализаторлардың шеткі бөлігіне, сезімтал нервтерінің ұштары — рецепторлары, оның өткізгіш бөлігіне — жұлын мен мидан шығатын нерв талшықтары, ал анализаторлардың орталық бөлігіне — ми және ми қыртысындағы аймақтар жатады. Ми қыртысының аймақтарында жоғарғы дәрежеде анықтау, талдау (анализ, синтез) процестері өтеді.

Осы айтылған анализаторлардың үш бөлігінің біреуінің зақымдалуы, организмнің тітіркенуді ажырату қабілеттілігіне нұқсан келтіреді.

Рецептроларды екі үлкен топқа бөледі. Тітіркенулерді ішкі ортадан қабылдайтын рецепторларды энтерорецепторлар ал, тітіркенулерді сыртқы ортадан қабылдайтын рецепторларды экстрорецепторлар деп атайды.

Энтерорецепторлар ішкі органдарда жатады, бұлар организмнің ішкі ортасындағы (химиялық, механикалық, температуралық т. б.) өзгерістерді қабылдайды. Мысалы қан тамырларының қабырғасындағы хемобароцепторлар қанның химиялық құрамының, қан қысымының өзгеруін қабылдайды.

Бұлшық еттердің, сіңірлердің, буын байламдарының құрамындағы интерорецепторлар ерекше пропориорецепторлар деп аталады.

Экстрорецепторлар сезім органдарында жатады. Сол себептен, олар сыртқы ортадан тітіркенулерді қабылдайтын сезімтал нерв ұштарынан — рецепторлардан түзілген.

Көру органдары (органы зрения). Көру орғандары көз алмасынан, көру нервісінен және қосымша аппараттардан тұрады.

Көз алмасы бас сүйеқтің алдыңғы жағындағы көз шарасының ішінде орналасқан. Көз алмасының алдына қарай шығыңқы келген бөлігін — алғы полюсі, артқы көру нервісінің шыққан жерін — артқы полюсі деп атайды. Осы екі полюс арасын қосып тұрған тік сызықты «көз осі» дейміз.

Көз алмасы үш қабықтан сыртқы — тығыз талшықты, ортаңғы — тамырлы қабық, ішкі —торлы қабықтан түзілген.

Талшықты қабық (фиброзная оболочка)— басқа қабықтарға қарағанда өте тығыз, мықты келеді. Ол көз алмасын сырт жағынан қорғап, оған белгілі бір пішін беріп тұрады. Бұл қабық алдыңғы және артқы бөліктерге бөлінеді. Оның алдыңғы бөлігі дөңес, дөңгелек сағат әйнегіне ұқсас келеді. Өзі тамырсыз өте тығыз болғандықтан оны «мүйізді қабық» деп атайды. Бұл қабық арқылы көз алмасының ішіне сәуле сындырылып, өтеді.

Фиброз қабығының артқы бөлігін ақ қабық деп атайды. Ақ қабық пісірілген жұмыртқаның ақ уызына ұқсайды. Ол көз саңылауынан көздің ағын түзіп көрініп те тұрады. Бұл қабықтың белдеу бөлігіне көздің тік еті төрт жағынан келіп тіркеледі. Ақ қабық көз алмасының артқы жағынан шыққан көру нервісінің сырт жағын жауып, нерв қабығын түзеді. Талшықты қабық пен ақ қабықтың қосылар жерінде көз алмасының, вена қаны өтетін тамыр кеңістігі жатады.

Тамырлы қабық (сосудистая оболочка)—талшықты қабықтың астында жатқан, көз алмасының ортаңғы қабығы болып саналады. Ол құрылысы жағынан бір-біріне тең емес үш бөліктен алдыңғы — нұрлы, ортаңғы — кірпікті дене, артқы — меншікті тамырлы қабықтан тұрады.

Нұрлы қабық (радужная оболочка)—тамырлы қабықтың алдыңғы бөлігі болып саналады. Нұрлы қабықтың ортаңғы тесігін «қарашық» деп атайды. Бұл кабықтың артқы жақ жиегі кірпікті денемен шектелсе, алдыңғы жиегі көздің қарашық тесігін қоршап жатады.

Нұрлы қабықтың дәнекер тканьді негізінде пигментті клеткалар, тамырлар және бірыңғай салалы ет тканьдері орналасқан. Көздің түсінің әр түрлі болуы, осы пигментті клеткалардың мөлшеріне және орналасу тереңдігіне байланысты келеді. Сол себептен, көздің түсі, қара-қоңыр түстен, ашық-көгілдірге дейін болады. Кейде пигментті клеткалардың болмауына байланысты көздің түсі ашық қызыл да болады. Ол нұрлы қабықтың мөлдір болуынан астыңғы қабықтағы тамырлардың көрініп тұруына байланысты.

Нұрлы қабықтың ет талшықтары екі бағытта орналасқан. Дөңгелек (сақиналы бағытта) жатқан талшықтары қарашық тесігін тарылтса, сәулелі талшықтары көз қарашығын кеңейтеді. Осының нәтижесінде нұрлы қабықтың ет талшықтары көзге түсетін жарық сәулесін реттеп отырады.

Кірпікті дене (ресничное тело)—тамырлы қабықтың ортаңғы бөлігі, пішіні сақина тәрізді. Оның артқы жиегі меншікті тамырлы қабыққа жалғасса, алдыңғы жиегі шатыраш қабыққа кешеді. Ішкі бетінде 70 шақты кірпікті өсінділері орналасқан. Олардан басталған жіңішке серпінді талшықтар көз бұршағын ұстап тұратын белдеу түзеді.

Кірпікті дененің сыртқы қабатын бірыңғай салалы ет ткані түзеді. Бұл еттер не жиырылып, не босап, көз бұршағының пішінін өзгертіп, көздің көруін икемдеп тұрады.

Меншікті тамырлы қабық (собственная сосудистая оболочка) — тамырлы қабықтың ең үлкен артқы бөлігі болып саналады. Ол ақ қабықтың астында тұтас жатады. Бұл қабық өте қан тамырлы келеді. Қоңыр түс беретін пигментті клеткалары болады.

Торлы қабық (сетчатая оболочка)—көз алмасының ішкі жағын астарлап жатқан қабық. Бұл құрылысы жағынан өте күрделі түзілген. Сыртқы бетінен тамырлы қабыққа, ішкі бетінен қоймалжың келген шынылы денеге шектесіп жатады, торлы қабық артқы және алдыңғы бөліктерден түзілген. Артқы бөлігі көру бөлігі деп аталады. Бұл бөлімі микроскоппен ғана көрінетін 10 қабаттан түзілген. Егер сыртқа қарай атайтын болсақ, олар мыналар: 1. ішкі шекаралық пластинка (шынылы денеге шектесіп жатады), 2. көру нерв кабаты, 3. түйінді мультиполярлы клеткалар қабаты, 4. ішкі талшықты қабат, 5. ішкі дәнді қабат, 6. сыртқы талшықты қабат, 7. сыртқы дәнді қабат, 8. сыртқы шекаралық пластинка, 9. нерв-эпителиалды клетка қабаты (торлы қабаттың түсті және жарықты ажырататын элементтері), таяқшалар мен сауытшалардан түзілген, 10. пигментті қабат (торлы қабықтың ішкі бетіне жабысып орналасқан).

Таяқшалар мен сауытшалар сезімтал нерв ұштары (рецепторлары) болып саналады. Олар көру процесін атқарады. Таяқшалардың саны 9 миллионға дейін жетеді. Сауытшалар күндізгі күшті сәулеге ғана тітіркенсе, таяқшалар әлсіз жарықпен тітіркеніп қараңғыда көру қызметін атқарады. Сауытшалар тор қабықтың орта бөлігінде, ал таяқшалар екі бүйірінде орналасады.

Тор қабықтың артқы бөлігінде көру нервісінің шоғыры жатады. Бұл шоғыр тор қабықтың түйінді клеткалар талшықтарының жинағынан түзілген. Олар көз алмасының артқы жағында көру нервісінің сабағын түзеді.

Осы көру нервісінің көз алмасынан басталар жерінде көру сезім элементтері болмайтындықтан «соқыр нүкте» (слепое пятно) деп аталадыі Ал осы соқыр нүктенің сыртқы жағында көз қарашығының тура тұсында сауытшалардың жиынтығынан түзілген «сары нүкте» (желтое пятно) жатады. Бұл нүкте көздің көргіш жері болып саналады. Сол себептен айналадағы бейнелерді жақсы көру үшін, олар көз осі арқылы сары нүктенің орталық ойысына дәл келуі керек.

Көз алмасының ішкі ортасы көз бұршағы мен қоймалжың келген шыны тәрізді денеден түзілген.

Көз бұршағының екі жағы дөңестенген дүрбі пішінді, оның артқы беті шыны тәрізді денемен, алдыңғы беті талшықты қабықпен шектеледі. Көз бұршағы өте мөлдір талшықтардан түзіліп, түссіз қабықшамен жабылады. Осы қабықшасынан басталып, кірпікті дененің ет талшықтарына тіркелетін белдеулері арқылы көз бұршағы өз орнына бекемделіп тұрады. Сонымен қатар кірпікті дененің ет талшықтарының жиырылуы нәтижесінде көз бұршағының қалыңдығы өзгеріп, көздің әр түрлі қашықтықта жатқан заттарды көруіне себеп болады. Көз бұршағының әр түрлі қашықтықтағы заттарды көруіне икемделуін «аккомодация» деп атайды. Жас ұлғайған сайын көз бұршағының жалпы тығыздығы артып, көздің көру қабілеті нашарлайды.

Көз (көз алмасы)— мөлдір келген қоймалжың затқа толы келеді. Оны әрі түссіз, әрі сәуле өткізгіштігіне байланысты «шыны тәрізді дене» (стекловидное тело) деп атайды. Онда қан тамырлары мен нерв талшықтары болмайды. Шыны тәрізді дене, көздің ішкі торлы қабығына тие жатады. Оның алдыңғы жағында кез бұршағы орналасқан.

Көздің алдыңғы полюсінде алдыңғы және артқы камералары жатады. Олар мөлдір сұйықтыққа толы келеді. Осы мөлдір сұйықтықтар мен көз бұршағы және шыны тәрізді дене сәуле сындырғыш қасиеті бар орталықтар болып саналады.

Көздің алдыңғы камерасы талшықты қабықтың ішкі жағында жатқан кеңістік болса, артқы камерасы нұрлы қабықпен көз бұршағының бетін ылғалдап тұрады.

Көру органының қосымша аппараттары. Көру органының қосымша аппараттарына көз алмасын қимылға келтіріп, көзді қорғап тұратын құрылыстар жатады.

Көздің қорғаныш аппаратына қабақ, кірпік және көз жасының безі жатады. Қабақ, жоғарғы және төменгі болып екіге белінеді. Олар көз алмасының алдыңғы жағын ашып-жауып тұратын, тері қатпарларынан түзілген. Жоғарғы қабақ төменгіге қарағанда қимылды келеді. Оның жоғарғы жағында қас доғасы жатады. Қас маңдайдан аққан тердің т. б. заттардың көзге түспеуінен сақтайды. Жоғарғы және төменгі қабақтардың жиектерінде кірпіктер орналасқан. Олар көзді шаң-тозаңнан сақтап тұрады. Қабақтардың сырты терімен, іші қызыл түсті кілегей қабықшамен жабылған. Кілегей қабықшасы көз алмасының талшықты қабығының бетіне жалғасып жатады. Оны жалпы «коньюнктив» деп атайды.

Қоньюнктив қабықшасы қабақтың ішкі жағынан, көз алмасының бетіне көшер жерінде коньюнктив қалташығын түзеді. Бұл қалташық ылғалданып, қабақты жауып-ашқанда көз бетін жуып тұрады.

Көз бұлағы мүшелері (слезные органы). Екі қабықтың біріккен жерін көз бұрышы деп атайды, оның кеңірек келген ішкі бұрышын «көз бұлағы» дейді. Оның түбінде ет өсіндісі жатады. Ал әрбір қабақ жиегінде нүктелер болады. Олар жас түтікшелерінің ашылатын тесіктері. Осы тесікшелерден шыққан сұйықтық (көз жасы) көз бетін ылғалдап, түскен шаң-тозаңдарды жоғарыдан төмен қарай жуып отырады. Көз жасы көздің көз бұлағына жиналады. Оның жоғарғы және төменгі жағында қос тесікшелер жатады. Бұл тесікшелер жас түтікшелерінің басталар жері болып саналып олар жас қапшығына ашылады. Ал жас қапшығы мұрынның төменгі ауа жолына ашылатын каналына жалғасады. Сонымен, көз жасы көзді жуып тұруымен бірге мұрын қуысын да ылғалдап тұрады.

Көз жасын кез жасының бездері бөліп тұрады, олар маңдай сүйегінің көз шарасына қараған бөлігінің сыртқы — жоғарғы ойысында жатады, оның 10 шақты түтікшесі жоғарғы қабақ жиегінде ашылады.

Көздің бұлшық еттерінің көз алмасын қимылға келтіріп тұратын еттері болады, олардың төртеуін тік, екеуін қиғаш еттер деп атайды.

Тік еттері (прямые мышцы глаза)— көз шарасының түбіндегі шеңберлі сіңірден басталып, көз алмасының төрт жағынан ортаңғы белдеуіне (экваторына) тіркеледі. Бұл еттерге жоғарғы, төменгі, ішкі, сыртқы тік еттері жатады. Олар жиырылғанда көз алмасын жоғары, төмен, ішке, сыртқа қимылдатады.

Жоғарғы қиғаш ет (верхняя косая мышца)— көз шарасының төменгі көру тесігінің қасынан басталып, көз шарасының ішкі бұрышына бағытталып, көз алмасының сыртқы жағынан бекиді. Бұл ет жиырылғанда көзді сагитальды білік бойымен ішке қарай айналдырады.

Төменгі қиғаш ет (нижняя косая мышца)— көз шарасының ішкі жақ қабырғасынан басталып, көз алмасының астыңғы жағымен жүріп отырып, ортаңғы белдеу тұсына бекиді. Бұл ет жиырылғанда көзді сагитальды біліктен жоғары және сыртқа қарай айналдырады.

Көз шарасының ішіндегі бұлшық еттерінен басқа да көзді орап жатқан май тканьдері болады.

Көру органдарын көз артериялары қоректендіреді. Көздің қос веналары, вена қанын жинап, ми сауытының қатты қабығындағы вена қойнауларына жеткізеді.

Көру мүшелерін көптеген нервтер келіп жүйкелендіреді. Көздің өзін қимылға келтіретін, көлденең жолақты ет тканьдері көз-қимыл (III), шығыр (IV), әкеткіш (VI) нервілерімен жүйкелендіріледі. Көздің бірыңғай салалы ет тканьдері мен жас бездері симпатикалық және парасимпатикалық нерв талшықтарымен жүйкелендіріледі. Кездің көру процесі көру нервісі (II) арқылы жүреді.

Көру анализаторларының өткізгіш және орталық бөлімдері. Көру анализаторының өткізгіш жолы көз алмасының тор қабығындағы рецепторлардан басталады. Олардың нерв талшықтары көз алмасының артқы полюсінде жинақталып көру нервісін түзеді. Бұл нерв сына сүйек арқылы ми сауытының ішіне еніп, түрік ершігінің алдында нерв талшықтарының айқасу жағдайында көру қиылысын түзеді. Одан әрі көру жолына көшіп, ми сабақшаларының екі жанынан айналып, үш будаға бөлінеді. Бұл будалардың бірі — көру төмпегінде, екіншісі — жоғарғы қос төмпешікте, үшіншісі — сыртқы тізелі денеде аяқталады. Осы аталған құрылыстар көру анализаторының қыртысты ядролары (орталықтары) болып табылады. Бұл ядролардан кезекші нейрондардың талшықтары шығып ми сыңарларының шүйде аймағында аяқталады. Ми сыңарларының шүйде аймағы көру анализаторының жоғарғы қыртыс орталығы болып саналады.

Есту мүшелері (органы слуха). Есту мүшелері орналасуына, атқаратын қызметіне қарай сыртқы, ортаңғы және ішкі құлаққа бөлінеді. Сыртқы қүлақ дыбыс толқынын жинақтап ортаңғы құлаққа өткізеді, ортаңғы құлақ ішкі құлақтың қабылдау рецепторларына береді. Ішкі құлақта есту (кортиев) органдарынан басқа тепе-теңдік аппараты да жатады. Тепе-теңдік мүшесі дененің және оның әрбір мүшесінің сыртқы жазықтықтағы жағдайын қабылдап, орталыққа немесе ми бөлігіне беріп отырады. Есту және тепе-теңдік органдары самай сүйегінің тасша бөлігінің ішінде орналасқан.

Сыртқы құлақ(наружное ухо)— құлақ қалқаны, сыртқы дыбыс жолы және дабыл жарғағы жатады.

Құлақ қалқаны сыртқы орталықтағы дыбыс толқынын жинақтап дыбыс жолына қарай икемдейді. Жануарлардың құлақ қалқаны адамға қарағанда жақсы жетілген және қозғалып дыбыс шыққан жаққа бұрылып тұрады. Құлақ қалқанының негізі шеміршектен түзілген. Сырты терімен жабылып төменгі жағы сырғалықпен аяқталады. Сырғалық ішінде болбыр май ткані жатады. Құлақ қалқанының сыртқы жиегін сыртқы шиыршық, оның ішкі жағынан параллель жатқан ұзынша деңесті ішкі шиыршық деп атайды. Шиыршықтардың ішкі жағында құлақ қалқанының ойысы жатады.

Сыртқы дыбыс жолы құлақ қалқанының ойысынан басталып, тереңдеп дабыл жарғағына дейін жететін түтік тәрізді, оның ұзындығы 3,5 см дейін барады. Бұл түтіктің іщкі жағын астарлап жатқан теріде көптеген бездер болады, олар май мен құлақ күкіртін (сера) шығарады. Ол екеуінің қосындысын құлақ шайыры дейді. Бұның микробтармен күрес жасайтын қорғаныстық маңызы бар.

Дабыл жарғағы сыртқы құлақ пен ортаңғы құлақты бөліп тұрған перде тәрізді, оның сыртқы беті эпителиймен, ал ортаңғы құлаққа қараған ішкі беті кілегей қабықшамен жабылған. Дабыл жарғағы өте жұқа келеді, сондықтан оның ішкі бетіне жабысып жатқан ортаңғы құлақтың балғашық сүйекшесі көрініп тұрады.

Ортаңғы құлақ (среднее ухо)—дабыл қуысы, есту сүйекшелері және есту түтігі жатады.

Дабыл қуысы самай сүйегінің тасша бөлігінде орналасқан саңылау тәрізді қуыс болып келеді. Бұл қуыстың сыртқы, ішкі, жоғарғы, төменгі және алдыңғы, артқы қабырғалары болады. Сыртқы қабырғасы дабыл жарғағы арқылы сыртқы дыбыс жолынан бөлініп тұрады, ал ішкі қабырғасында екі тесікше жатады. Оның жоғарғы дөңгелек тесікшесін ұлу терезесі десе, төменгі сопақша тесікшесін кіреберіс терезесі деп атайды. Бұл тесікшелер арқылы ортаңғы құлақ ішкі құлақпен байланыс жасайды. Жоғарғы қабырғасы ортаңғы құлақ қуысын ми сауытының қуысынан, төменгі қабырғасы — мойындырық ойысынан, алдыңғы қабырғасы — ұйқы артериясының каналынан, артқы қабырғасы — емізік өсіндісінің қойнау қуыстарынан бөліп тұрады. Дабыл қуысында үш есту сүйекшелері жатады. Олар пішіндеріне сәйкес балғаша, үзеңгіше және төсше деп аталынады. Бұл сүйекшелер бір-бірімен буынды қосылыстар жасап, дабыл қуысының сыртқы қабырғасынан ішкі қабырғасына дейін өзара жалғасып жатады. Балғаша сүйектің басы, мойыны, сабы болады. Ол сабы арқылы дабыл жарғағының орта жеріне бекемдеп жатады да, ал басы арқылы төсше сүйектің денесімен байланысады. Төсше сүйегі (есту сүйекшелерінің ортасында) бір жағымен балғаша сүйекпен, екінші жағымен үзеңгіше сүйекке жалғасады. Үзеңгіше сүйек адам денесіндегі ең ұсақ сүйек, оның негізі мен қос аяқшалары болады. Негізі ішкі құлақтың сопақша тесігін жауып тұрады. Есту (евстахиев) түтігі ортаңғы құлақты жұтқыншақпен жалғастырып тұрады, оның ұзындығы 3— 4 см. Түтіктің ішкі аз бөлігі сүйектен, ал сыртқы бөлігі шеміршектен түзілген. Ауа, жұтынған кезде осы түтік арқылы жұтқыншақтан ортаңғы құлаққа еніп, оның ішіндегі ауа қысымын сыртқы ортадағы ауа қысымымен теңестіріп тұрады. Бұның дабыл жарғағының ауа толқыны қысымынан жарылып кетпуіне маңызы зор. Ішкі құлақ немеесе сүйекті лабиринт (внутреннее ухо)—самай сүйектің тасша бөлігінің ішінде жатады. Оның өзі бірінің ішінде бірі жатқан сүйекті және жарғақты лабиринттен түзілген., Бұл екеуінің аралығындағы саңылау кеңістікте және жарғақты лабиринттің ішінде лимфа сұйықтығы болады. Сүйекті лабиринтті құрылысы өте күрделі болады. Ол үш бөліктен түзілген, оның орталық бөлігін кіреберіс, алдыңғы жағын — ұлу, ал артқы бөлігін иірім каналдары деп атайды.

Сүйекті лабиринттің кіреберіс бөлігі (преддверие) ортаңғы құлақ пен ішкі дыбыс жолының аралығында орналасқан. Пішіні сопақша келген кеңістік. Кіреберістің сыртқы қабырғасы ортаңғы құлақтың ішкі қабырғасы болып табылады. Қіреберістің бір жағынан ұлу, екінші жағынан үш иірімді каналдар (полукружные каналы) ашылады. Бұл каналдар сүйекті лабиринттің артқы жағын түзеді, олар бір-біріне перпендикуляр бағытта жатқан үш түтіктен құралған. Оның алдыңғы түтігі — сагиттальды (алдан артқа), артқы түтігі — фронтальды (маңдай алды), ал сыртқы түтігі — горизонталь (көлденең) жазықтықта жатады. Олардың әрқайсысы жартылай келген шеңберге ұқсайды және қос аяқшасымен лабиринттің кіреберіс бөлігіне ашылады. Олардың кеңістік жасаған аяқшаларын ампуласы, ал кеңеймеген аяқшаларын жай аяқшалар деп атайды. Алдыңғы және артқы иірімдердің жай аяқшалары бірігіп, жалпы аяқша түзіп кіреберіске ашылады. Осыған байланысты кіреберісте алты емес бес тесікше болады.

Ұлу (улитка) лабиринттің үшінші бөлімі. Бұл кіреберістің алдыңғы жағынан басталып, екі жарым иірім жасап аяқталады. Оның ішінде конус тәрізді кіндік жатады. Ұлудың бірінші орамын —«негізі», екінші орамын —«ортаңғы бөлім», үшінші орамын —«ұшы» деп атайды. Иірімнің қуысында спиральды пластинка жатады. Оның бір шеті кіндікке жалғасып, екінші шеті иірім қуысында бос жатып, ұлудың сыртқы қабырғасына жетпей тұрады. Осының нәтижесінде ұлу қуысы екі сатыға бөлінеді. Жоғарғы бөлігін «кіреберіс сатысы», ал төменгі бөлігін—«дабыл сатысы» деп атайды. Иірім ұшында бұл екі саты бірігіп кетеді. Кіреберіс сатысы кіреберістен басталса, дабыл сатысы жарғақпен жабылған ұлу терезесінен басталады.

Жарғақты лабиринт (перепончатый лабиринт) — жұқа дәнекер тканьді жарғақтан түзілген, ол сүйекті лабиринттің ішінде орналасқан. Жарғақты лабиринттің ішінде эндолимфа сұйықтығы жатады, сүйекті лабиринт пен жарғақты лабиринттің аралығында паралимфа сұйықтығы жатады. Жарғақты лабиринттің кіреберіс бөлігінің пішіні сүйекті лабиринттің пішініне толығынан ұқсас келмейді. Себебі ол бір-бірімен тығыз байланыста жатқан жатырша (маточка) мен қапшықтан (мешочек) түзілген. Оның эллипс тәрізді жатыршасы үш жарғақты иірімді каналдармен байланысса, дөнгелек қапшығы ұлуға жалғасады. Ұлу жолы спираль пластинканың бос жиегі жағымен өтеді, бұл жолдың пішіні (көлденен кесіндісінде) үш бұрышты келеді. Осы үшбұрыштын бір қабырғасындағы дыбыс толқынын қабылдайтын клеткаларды кортиев мүшесі деп атайды. Одан кіреберіс-ұлу нервісінің (предверно-улитковый нерв) ұлу бөлігі басталады. Сонымен ұлудың жарғақты бөлігі дыбыс қабылдайтын аппараттың маңызды бөлімі болып саналады. Құлақ қалқаны мен сыртқы есту жолы арқылы енген дыбыс толқыны дыбыс жарғағын тербетеді. Бұл тербелу (импульсі) есту сүйекшелерінің тізбегінен кіреберіс терезесіне, одан перилимфа сұйықтығына беріледі. Перилимфа сұйықтығы ұлу қабырғасындағы ұлу нервісінің ұштарына одан орталыққа (миға) береді.

Лабиринтің кіреберіс бөлігі мен иірімді каналдары адамның тепе-теңдік аппараты болып саналады. Олар арқылы адам денесінің және оның әрбір мүшелерінің сыртқы жазықтықтағы жағдайы қабылданады; Осы кіреберіс бөлігі мен иірімді каналдардан қозуды сопақша ми мен мишыққа беретін кіреберіс ми нервісі (нерв преддверия) басталады.

Есту-тепе-теңдік анализаторларының өткізгіш және орталық бөлімдері (проводниковый и центральный отделы слухового и вестибулярного анализаторов). Бұған есту және тепе-теңдік органдары жатады. Есту анализаторының өткізгіш бөлігі сезімтал нейрондарынан басталады. Бұл нейрондар, сүйекті ұлудың кіндігінен басталған шиыршықты пластинкада орналасқан. Олардың дендрит ұштары дыбыс толқынын қабылдаса, нейриттері кіреберіс нервісімен бірігіп, кіреберіс — ұлу нервісін түзіп, ішкі есту тесігінен өтеді. Бұл екеуі мидың VIII— жұп нервісі болып саналады. Есту анализаторының орталығы ми сыңарларының самай аймағында жатады. Тепе-теңдік анализаторының өткізгіш бөлігіне сезімтал нейрондар жатады. Олар кіреберіс түйіндерінде орналасқан, бұл нейрондардан шыққан нейриттер кіреберіс нервісін түзіп (ұлу нервісімен қосылып) миға қарай бағыт алады. Нерв талшықтарының бір тарамы мишықтың құртша бөлігіне, қалғаны сопақша мидың ромба ойысындағы кіреберіс ядросына барады. Есту және тепе-теңдік анализаторларының арқасында, адам сыртқы ортадан шыққан дыбыстарды түсініп жасаган қимылының жағдайын сезеді.

Дәм анализаторы (вкусовой анализатор). Дәмді қабылдайтын рецепторлар тілдің кілегей қабықшасындағы дәм емізікшелерінде орналасқан. Сыртқы пішініне қарай жіпше тәрізді, саңырауқұлақ тәрізді, жапырақша және орлы емізікшелер деп бөледі. Дәм емізікшелерінің саны жас балаларда көбірек болады.

Дәм емізікшелеріне тіл-жұтқыншақ (IX), бет (VII) және кезеген (X) нервтерінің ұштары (рецепторлары) келіп аяқталады. Осы нерв ұштары арқылы ащы, тәтті, тұзды және қышқыл дәмдер қабылданады. Қабылданған нерв импульстері сопақша мидың ромба ойысындағы ядроларда аяқталады. Ал осы ядролардан басталған нейрондар талшықтары мидың көру төмпегінің сыртқы бөлігіне барады. Осы сыртқы ядродан басталған қосымша нейрондар арқылы жүретін импульс ми сыңарларының дәм сезу орталығына жетеді.

Иіс анализаторы (обонятельный анализатор). Иіс анализаторының шеткі (перифериялық) бөлігі болып мұрын қуысының кілегей қабықшасының жоғарғы бөлігі саналады. Бұл жерде иіс сезімін қабылдайтын нерв элементтері жатады. Сол себептен, мұрын қуысының жоғарғы бөлігі ерекше сарғыш келеді.

Иіс клеткаларының пішіні ұршық тәрізді болады. Олардың бір ұшы кілегей қабықшадан басталса, екінші жағы өткізгіш бөлігін түзіп, иіс нервтерінің құрамына кіреді. Иіс нервісінің талшықтары тор сүйегі арқылы ми сауытының ішіне еніп, мидың маңдай бөлігінің астыңғы жағындағы иіс жуашығына жетіп аяқталады. Бұл жуашық құрамындағы клеткалардың нерв талшықтары иіс жолын түзіп, иіс импульстерін иіс бұрышында жатқан алдыңғы иіс орталығына және теңіз жылқысының қатпарында жатқан екінші иіс орталығына жеткізеді. Адамның иіс анализаторы басқа жануарларға қарағанда нашар дамыған.

Бақылау сұрақтары:

1. Көру органдарының қосымша аппараттарын атаңыз?

2. Көру мүшелерінің құрлысы нешеге бөлінеді?

3. Есту-тепе-теңдік анализаторларының өткізгіш және орталық бөлімдеріне не жатады?

Дәм сезу мен иіс сезу анализаторларының қызметі қандай?