НОРМА ЖӘНЕ РАЦИОН ТУРАЛЫ ҰҒЫМ


Дәріс жоспары.

Нормалап азықтандырудың маңызы.

Рацион құрастырудың негіздері.

Малды азықтандыру ғылымының негізгі мақсаты – шаруашылықтағы мал басының қоректік қажеттілігін дәл анықтап оны толық қамтамасыз ететін жем – шөп мөлшерін белгілеу. Организм қажеттілігі арнайы нормалық көрсеткіштер арқылы белгіленіп, мұндай азықтандыруды нормалап азықтандыру деп атайды. Азықтандыру нормасына сәйкес азықтандыру рационы құрылады.

Малды ғылыми негізде азықтандыру оның тіршілігін қамтамасыз етуге және өнім өндіруге қоректік заттар қажеттілігі мұқият ескерілуі керек. Қажеттілік мөлшерден аз немесе көп берілген зиян. Жемшөп нормадан аз берілсе, ол мал денесіндегі зат алмасуын толық қамтамасыз ете алмайды да, төлдің өсіп жетілуі тежеледі, сақа малдың өнімділігі тежеледі. Ал, нормадан көп берілсе, шамадан тыс енген қоректік заттар қорытылымы төмендеп, олар толық игерілмей, пайдасыз шығындалады.

Азықтандыру нормалары – малдың түріне, жасына, жынысына, физиологиялық жағдайына, тірілей салмағына және өнімділігіне байланысты белгіленген организм мұқтаждығының көрсеткіштері. Мал неғұрлым ірі болса, оның тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті қоректік заттар да жоғарылайды және өнімділігі өскен сайын оны өндіруге жұмсалатын енергия мен қоректік заттар деңгейі ұлғайады.

Қазіргі кездегі азықтандыру нормаларында малдың тіршілік мұқтаждығын қамтамасыз етуге қажетті және де өнім түзілуіне керек қоректік заттар мөлшері біріктіріліп жалпы азықтандыру нормалары арқылы беріледі.

Малды азықтандыру рационы деп, белгілі нормаға негізделіп, құрастырылған жемшөп мөлшерін айтады.Рационға енетін жекелеген азықтар мен азықтар тобының көлемі мен ара қатынасы физиологиялық және малдәрігерлік ережелерге сәйкес, мал түлігінің асқорыту ерекшеліктерін ескеріп, қорытылымы мен игерілуін жоғары деңгейде ұтымды түрде қамтамасыз ететіндей құрастырылады.

Ең алдымен рационды малдың сүйсініп жейтін, үйреншікті жем шөбін құрастырады. Олар шаруашылықта өндірілетін арзан азық болуы керек. Өйткені азық шығынының мал шаруашылығы өнімінің өзіндік құнын құрастырудағы үлесі басым, азықтары жақсы қорытылып, мол өнім беруге бағытталуы тиіс.

Түрлі азықтар белгілі бір ара қатынаста есептеліп жасалуы тиіс. Осы азықтардың жалпы қоректілігі бойынша алынған проценттік ара қатынасын рацион құрылымы деп атайды. Шаруашылықтағы малды азықтандыру типі рацион құрылымындағы басым азық түріне байланысты аталады. Ол қалыптасқан жемшөп қорына, осы өңірде кең тараған азықтық дақылдарға, оларды мал азығына пайдалану тиімділігіне байланысты болады.

Еліміздің әр табиғи-экономикалық өңірінде ғылыми-зерттеу орталықтары әр мал түріне және жыныстық, жастық. Өндірістік топтарына арналған типтік рациондар ұсынады. Азықтандыру нормаларына қарай малдың жалпы энергетикалық (азық өлшемі, алмасу энергиясы бойынша) мұқтаждығын анықтап, оны қамтамасыз ететін рационның азық мөлшерін белгілейді. Содан кейін малға берілетін азық мөлшерін нормадағы құрғақ зат мөлшеріне сәйкестендіреді. Құрғақ зат мөлшері бойынша рацион аумағын ондағы азықтың толық желінетінін яғни малдың ас қорыту жолдарына сиятынын бақылайды.

Бақылау сұрақтары:

1.Нормалап азқтандыру дегеніміз?

2.Мал рацион ұғымы?

3.Мал азықтандыру ұғымының негізгі мақсаты не?

4.Азықтық жалпы қоректілігі бойынша алынған процентік ара қатынасы қалай аталады?

Әдебиеттер: 1-6 ( негізгі), 1-2 ( косымша )