ЖЫЛҚЫ МАЛДАРЫН АЗЫҚТАНДЫРУ


Дәріс жоспары.

Биені азықтандыру ерекшеліктері.

Құлынды азықтандыру.

Тұқымдық айғырларды азықтандыру.

Жылқыны азықтандыру ерекшеліктері олардың атқаратын қызметіне тығыз байланысты. Көлік ретінде мініліп, жегілетін, түрлі шаруашылық жұмыстарына пайдаланылатын жылқылардың азықтандырылуы олардың жұмсайтын энергетикалық шығындарына тәуелді болса, сауылатын, етке арналған жылқылардың азықтандырылуы олардың сүттілігіне, салмақ қосуына тәуелді.

Жылқы денесінің ірілігіне қарамай, қарын сиымдылығы небәрі 14-16 л көлемінде болады. Сондықтан атқаратын жұмысы энергия шығынын қажет ететіндіктен, оларды жиі азықтандырады.

Биеге қажетті қоректік заттар мөлшері олардың физиологиялық жағдайына қарай өзгеріп отырады. Буаздықтың 4-5–ші айларынан бастап, құлындағанша олардың организмдегі зат алмасу барысы күшейіп, ұрықтың дамуына жұмсалатын шығындарды қамтамасыз ету үшін жылулық өнімі өседі.

Биелерді жеңіл жұмысқа пайдаланғанда азықтандыру нормасы 30 пайызға ұлғайтылады.

Буаздықтың аяғына қарай (10 шақты күн қалғанда), ірі азықтар көлемін 4-6 кг-ға дейін азайтып, бұршақ тұқымдастар пішенін мүлдем алып тастайды.Жемді ұнтақтап, быламық түрінде берген жөн. Құлындауға екі-үш тәулік қалғанда рациондағы азық мөлшерін 1/3 дейін азайтады. Құлындауды жеңілдету үшін жылы суға 500г бидай кебегін салып ішкізеді. Жаңа құлындаған биеге жылы суға араластырып, бидай кебегі мен зығыр күнжарасының ұнтағын ішкізеді. Құлындаған биелердің рационын, әсіресе, сауатын блса жіті қадағалаған жөн.

Жаңа туған құлындардың негізгі азығы – ене сүті. Құлынды сүтке жарытумен қатар, тез өсіп – жетілуі үшін ерте қосымша азықтандырған жөн. Оларды өмірінің алғашқы күнінен бастап жеңіл қорытылатын, қабығынан тазартылып, ұнтақталған сұлы, минералды қосындыларға үйретеді. Жазда көк балауса, қыста жақсы жапырақталған жұмсақ пішен салады.

Енесінен айырғаннан бастап құлындарды өсіп – жетілуіне қажетті түрлі жарма, күнжара, шрот, бұршақ тұқымдастар дәнінің ұнтағы, сапалы сүрлем, пішендеме, тамыржемістілер сияқты азықпен қоректендіре бастайды.

Құлындарды енесінен йыру мезгілі әдетте жаздың аяқ кезіне сәйкес келетіндіктен, оларды жақсы оты сақталатын табиғи немесе қолдан себілген екпе жайылымдарда жаяды.

Асыл тұқымды айғырларды үйірге салынбаған кезде орташа қоңдылықта ұстап, үйірге саларға 1,5-2 ай қалғанда азықтандыру деңгейін жоғарылатады. Бұл кезеңде олардың әр 10 кг тірілей салмағына мініс және жегіс тұқымдары үшін 2,4-2,7 кг құрғақ зат пен 2-2,5 азық өлшемі болуы тиіс. Үйірге түскен кездегі энергетикалық шығындарды қамтамасыз ету үшін айғырларды сұлымен қатар энергетикалық қуаты мол жем құрамасымен немесе арнайы құрама жеммен қоректендіреді. Асыл тұқымды айғыр құрама жемінің 5-10 пайызы протеиннің биологиялық сапасы жоғары жануар тектес азықтардан тұруы керек.

Бақылау сұрақтары:

1.Жылқы малының қарын сиымдылығы қандай?

2.Жылқыны жеңіл жұмысқа пайдаланғандағы азық нормасы?

3.Жылқының буаздық аяғына қарай рационы қандай болады?

4.Асыл тұқымды айғырды үйірге қосарда қандай қоңдылықта ұстайды?

Әдебиеттер: 1-6 ( негізгі), 1-2 ( косымша )