САУЫН СИЫРЛАРЫН АЗЫҚТАНДЫРУ ШАРТТАРЫ


Сабақтың мақсаты:Сауын сиырларының рационына қажетті азықтық заттардың нормасын, олардың салмағын, құндылығын, өнімін және жасын анықтап, студенттерге рацион құруды үйрету.

Әдістемелік нұсқау:Рацион құру үшін көбіне сол шаруашылықта бар жемшөп пен басқадай азықтық заттар пайдаланылады. Азық рационына енгізілетін жемшөптің көлемін анықтаудың екі түрлі әдісі бар.

1. Азық рационының сауын сиырларға арналған жалпылама қабылданған кұрылымын сақтау. Ол бойынша қатаң азық - 20-25 пайыз ылғалды азық - 50-60 пайыз құрама жем - 20-25 пайыз.

2. Сауын сиырларының әрбір 100 кг салмағына қарай әр түрлі топтағы азықтарды өткізуге болады. Атап айтқанда:

1,5-2 кг қатаң азық 3,5-5,0 кг, ылғалды азық, оның ішінде -1,5-2 кг тамыртүйнектілер. Ал құрама жем тәуліктік сүттің әрбір килограмына мына тәртіппен бөлінеді, егер тәуліктегі сүт көлемі 10 кг дейін болса, әрбір кг сүтке - 100 грамм, 10-15 кг аралығында - 150-200, 15-20 кг аралығында - 200-250, 20 кг жоғары - 350-300 гр.

Егер тәуліктік сүт көлемі 25 кг артық болса, онда міндетті түрде амин қышқылдары /лизин, метионин, триптофан/ есепке алынады.

Мысал ретінде: салмағы 600 кг, тәулігіне 18 кг сүт беретін сауын сиырына рацион құру.Рационды талдай отырып, минералдық қоспалар мен микроэлементтер тұздарын қосуды үйрену.

ӨНДІРЕ СҮТ САУУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ

Сауын сиырларынан мейлінше көп сүт алудың негізгі алғышарты олардың организміндегі жалпы қалыптасқан физиологиялық жағдайды, зат алмасу үдерісін және табиғи ерекшеліктерін айқын белгілеуде. Алғаш бұзаулаған сәтте инстинкті түрде мал барлық болмысымен өз ұрпағын сақтауға ұмтылса (уыз түзілуі, қызғаншақтық т.б.), енді 10-15 тәулік ішінде ол мейлінше көп сүт беруге қабілетті болады. Азықтың өзіндік ақталуы артады. Осы сәтті жан-жақты пайдалану үшін сауын сиырларына тиісті қатаң және ылғалды азықты сол күйінде қалдырып, құрама жем көлеміне нақтылығы алынып отырған тәуліктік сүттен 4-6 кг мөлшерінде артық есептейді.

Мысал үшін құрама жемді есептегенде нақтылы тәуліктік сүт көлемі 10 кг болса, оны шартты түрде 14-16 кг деп алады. Егер одан әрі сүт көлемі шынында 14-16 кг дейін ұлғайса, келесі он күндікке қоспа жем көлемін тағы 4-6 кг артық сүтке есептейді. Сүт көлемі тұрақты бір деңгейге жеткенше осылай жалғастыра береді.

Тегінде сауын сиырларынан ең көп сүт сауудың мүмкіншілігі бар алғашқы 90-100 тәулік ішінде жылдық сүт көлемінің 40-45 пайыз алуға болады.

Азық рационын талдау: салмағы 600 кг, тәулігіне 18 кг сүт берген сауын сиырынан енді 22 кг сүт сауылады деп есептеледі.

Тапсырма. Сауын сиырларға рацион құру.

Бақылау сұрақтары:

1. Рацион құру үшін нені қолданады?

2. Рациондағы жем-шөптің мөлшерін анықтау жолдары қандай?

3. Сауын сиырлардан көп мөлшерде сүт алу үшін не істейді?

4. Жылдық сүт көлемінің 40-45 пайызын қалай алуға болады?

Әдебиеттер: 7,8 ( негізгі)