Анализ түрлері


Анализ түрлерін әр түрлі жіктейді. Соның ішінде анықталатын бөлшек табиғатына байланысты жіктеу кеңінен пайдаланады, осы жіктеу бойынша анализдің келесі түрлері бар:

Элементтік анализ – заттың қандай элементтерден тұратынын және сол элементтер мөлшерін анықтау;

Заттық анализ – зат құрамындағы элемент қандай формада немесе қандай тотығу дәрежесінде екенін және оның мөлшерін анықтау;

Молекулалық анализ – қоспа құрамында жеке қосылыстарды және олардың мөлшерін анықтау;

Құрылымдық-топтық (функционалдық) анализ – органикалық қосылыстар құрамындағы функционалдық топтарды және олардың мөлшерін анықтау, яғни бұл анализ заттық анализ бен молекулалық анализ арасында аралық орын алады;

Фазалық анализ – минералдар құрамында жеке фазалар түзетін қосылыстарды және олардың мөлшерін анықтау,

Изотоптық анализ – элементтер изотоптарын және олардың мөлшерін анықтау.

Тағы бір жіктеу - аналитикалық реакцияда пайдаланатын зат мөлшеріне байланысты анализдің макро-,  жартылай микро-,  микро-және  ультрамикро- әдістері  болады.

Макроанализде заттың біршама көп мөлшерін анықтайды: зат массасы 0,5-1 г  немесе ерітінді көлемі 20-50 мл болуы мүмкін. Реакцияны кәдімгі пробиркада (көлемі 10-20 мл) немесе химиялық стақанда, колбада жүргізеді.

Микроанализде анықталатын зат мөлшері шамамен 100 есе кем, яғни 5-10 мг, ал ерітінді көлемі 0,1-1 мл. Бұл анализде арнайы кіші көлемді ыдыстар пайдаланады.

Жартылай микроанализ макроанализ бен микроанализдің арасында орналасқан. Анықталатын зат мөлшері шамамен 50 мг, ерітінді көлемі 1 мл маңайында.

Ультрамикроанализде анықталатын зат мөлшері өте аз <1 мг, реакцияларды микрокристаллоскопиялық немесе тамшылық әдіспен орындайды.