Сапалық реакциялар түрлері


Аналитикалық реакциялар ортақ және жеке деп екі түрге бөлінеді.

Бір реагент бірнеше иондармен әрекеттесетін реакцияларды ортақ реакциялар деп атайды. Мысалы: NaOH ерітіндісі Cd2+, Cu2+, Fe2+, Mn2+, Bi3+ т.б. катиондарымен әрекет етіп, суда нашар еритін гидроксидтер тұнбаларын түзеді. Ортақ реакциялар зерттелетін ерітіндіде бір топ катиондарының болуын болжауға мүмкіндік береді.

Түрлі реагенттердің ионның бір түрімен сипатты (ерекше) қосылыстар түзу реакцияларын жеке реакциялар деп атайды; жеке реакция берілген ионға ғана тән болып келеді. Ерекше немесе спецификалық реакция деп бір ионды басқа әр түрлі иондар қатысында ашуға мүмкіндік беретін реакцияны атайды.

Аналитикалық реакцияларды бөлу және ашу реакциялары деп те ажыратады. Бөлу реакциялары иондарды бір-бірінен бөлу үшін, ал ашу реакциялары иондарды анықтау үшін пайдаланады.

Анықтау реакцияларын және реагенттерін 3 топқа бөледі: топтық, талғамды және ерекше.

Ортаның нақты жағдайында (рН т.б.) орындалатын ортақ реакцияларды топтық реакциялар деп, ал пайдаланылатын реагентті топтық реагент деп атайды. Мысалы, Ca2+, Ba2+, Sr2+ иондарына топтық реагент H2SO4.

Топтық реагенттерге келесі талаптар қойылады:

· Иондарды іс жүзінде толық тұндыруы қажет

· Түзілген тұнба қышқылда оңай еруі тиіс

· Топтық реагенттің артық мөлшері ерітіндідегі қалған иондарды анықтауға кедергі жасамауы керек.

Реагент шектеулі иондармен әрекеттесететін реакциялар талғамды реакциялар деп, ал сол реагент талғамды реагент деп аталады. Мысалы,

Мg 2+ тұздары тек фосфат және арсенат-иондармен ғана тұнба түзеді.

Реагент тек бір ионмен ғана аналитикалық сигнал беретін реакциялар ерекше реакциялар деп, ал реагент ерекше реагент деп аталады. Мысалы, NaOH тек NH4+ ионымен ғана аммиак түзеді, оны өткір иісі бойынша анықтайды. Алайда ерекше реакциялар санаулы ғана.