Сапалық реакциялардың сипаттамалары


Сапалық реакцияларға келесі талаптар қойылады:

1.    Реакция өте жылдам жүруі керек.

2.    Қайтымсыз болып, бір бағытта өтуі тиіс.

3.    Талғамды, мүмкіндігінше ерекше (спецификалық) болуы тиіс.

4.    Сезімталдығы жоғары болуы керек.

Аналитикалық реакциялар сипаттамаларына орындау жағдайы, сезімталдығы және талғамдығы жатады.

1. Реакцияны орындау жағдайларына реакция ортасы, температура, жеткілікті концентрация жатады.

Реакция ортасын (рН) дұрыс таңдау керек, себебі, қышқылда еритін тұнбалар қышқылдық ортада түзілмейді, ал сілтіде еритін тұнбалар сілтілік ортада түзілмейді.

Температураны таңдағанда ерігіштіктің температураға тәуелділігін ескеру қажет. Ерігіштігі температурамен бірге артатын тұнбаларды жоғары температурада алуға болмайды. Ал кейбір реакциялар тек қыздырғанда жүреді.

Жеткілікті концентрация – бұл маңызды жағдай, себебі реакциялар өте төмен концентрацияда жүрмейді. Тұнба түзілуі үшін иондық көбейтінді ерігішітік көбейтіндісінен артуы тиіс. Тұнба неғұрлым нашар ерісе, соғұрлым төмен концентрацияда анықтау жүргізуге болады, мұндай реакциялардың сезімталдығы жоғары. Керісінше, тұнба ерігіштігі артқан сайын жеткілікті концентрация да артады, яғни реакцияның сезімталдығы төмендей береді.

2. Аналитикалық реакцияның сезімталдығы ерітіндінің минимальды көлемінде берілген реагент көмегімен ашуға болатын анықталатын заттың ең аз мөлшерімен сипатталады. Белгілі реакциямен анықталатын заттардың мөлшері неғұрлым аз болса, оның сезімталдығы соғұрлым жоғары. Сезімталдық өзара байланысты төрт шамамен сипатталады:

анықтау шегі (m, мкг) - белгілі реакцияға негізделген әдістемемен шекті сұйытылған ерітіндінің ең кіші көлемінде (Vmin) анықталатын заттың ең аз мөлшері;

шекті сұйытылған ерітінді (Vmin, мл) – анықтауға қажетті ерітіндінің ең кіші көлемі;

концентрация шегі (Clim, г/мл) - берілген реакциямен анықтауға мүмкіндік беретін ионның ең аз концентрациясы;

сұйылту шегі (1:g= Vlim , мл/г) – 1 г анықталатын ион бар ерітіндінің көлемі.

Мыс (II) катионына сапалық реакциялардың сезімталдығы

Кесте 3.1

Реагент

Түзілетін сипатты қосылыс

Аналитикалық сигнал

Анықтау шегі, мкг

Сұйылту шегі

(1:g)

НС1

Н[СuСl3]

Жасыл ерітінді

1

1:50 000

3

u(NН3)4]Cl2

Сия-көк ерітінді

0,2

1:250 000

К4[Fe(CN)6]

Cu2[Fe(CN)6]

Қоңыр тұнба

0,02

1:2 500 000

Кестеде көрсетілген реакциялардың ішінде 3-реакция ең сезімтал болады.

3. Реакция талғамдығы неғұрлым жоғары болып, реакция мүмкіндігінше ерекше болуы керек. Реакция жағдайларын өзгертіп (рН таңдап, бүркемелеуші агент қолданып), топтық реагенттің талғамдығын арттыруға, ал талғамды реагентті ерекше реагентке айналдыруға болады. Мысалы, H2S көптеген иондар үшін топтық реагент, ал егер бүркемелеуші агент ретінде CN- иондарын енгізсе, ол тек Cd2+ мен Hg2+ иондарын тұндырады, яғни талғамды реагентке айналады.